ҚР ҰЭМ кеңейтілген алқа отырысы: 2020 жылғы қызмет қорытындылары және 2021 жылға арналған жоспарлар

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кеңейтілген алқасы өтті, онда жаңа жағдайда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған 8 негізгі қызмет саласы шеңберінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша ведомство жұмысының нәтижелері баяндалды.

ҚР ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, пандемия Қазақстан экономикасына айтарлықтай соққы болды. Шектеу шаралары тұтынушылық белсенділіктің, сыртқы сұраныстың және тарихта алғаш рет теріс орын алған мұнай бағасының күрт төмендеуіне алып келді. Әлемдік сауда ағымы қысқарды. Іскери белсенділік едәуір баяулады.

«Сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, уақтылы жүргізілген дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында ел экономикасының құлдырауы 2,6%-ға дейін шектелді. Бұл ретте жаһандық экономиканың қысқаруы 3,5% құрады. Нақты сектордың өсуі 2% деңгейінде қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелер шеңберінде мұнай өндіру 5,4% қысқарғандықтан, тау-кен өндіру өнеркәсібінде төмендеу байқалуда. Негізгі капиталға инвестициялар тау-кен өндіру өнеркәсібін есептемегенде 14,8%-ға өсті», — деді ведомство басшысы. 

Жылдық инфляция 7,5% құрап, мақсатты дәлізден асқан жоқ. Жетекші халықаралық кредиттік агенттіктер — Moody’s, Fitch пен S&P ұлттық экономиканың орнықтылығын атап өтті. Елдің кредиттік рейтингі инвестициялық жағынан сенімді деңгейде белгіленді.

Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру, халық пен бизнесті қолдау мақсатында жалпы сомасы 6,3 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 9%-ына ауқымды шаралар қабылданды. Салықтық жүктемені айтарлықтай төмендетуге және қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакеті іске асырылды.

Соның нәтижесінде, 1 трлн теңге сомасына 700 мың кәсіпкер салық жеңілдіктерін алды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында арзандатылған мөлшерлеме бойынша кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы қаржыландырылды. Зардап шеккен салалар бойынша қарыз алушылардың 80%-ы несиелер бойынша кейінге қалдырылды.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, 2020 жылы коронавирус дағдарысы жағдайында министрлік қызметінің барлық бағыттары бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Бірінші. Кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы», «Еңбек және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында қолдау көрсетіледі.

«2020 жылы "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ШОБ субъектілері үшін субсидиялау мерзімі 5 жылға несие мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, сондай-ақ салалық шектеулер алып тасталды. 400 млрд теңге несие сомасына 3 665 жоба субсидияланды, төленген субсидиялар сомасы 35 млрд теңгені құрады. 215 млрд теңге несие сомасына 6 782 жобаға кепілдік берілді. Төленген кепілдіктер сомасы 81 млрд теңгені құрады. 3,5 млрд теңгеге 976 грант берілді, 427 млрд теңгеге кредиттер бойынша 8 454 өтінім қолдау тапты», — деді Ә. Ерғалиев. 

Сонымен қатар микро және шағын бизнес субъектілеріне айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі берілді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелендірудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды, субсидиялау мерзімі 10 жылға дейін, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілді, сондай-ақ кепілдік беру құралы жақсартылды.

Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында бизнес-ахуалды жақсарту бойынша заңнамалық түзетулердің 8-топтамасы қабылданды.

Қазақстан Дүниежүзілік Банктің «Doing business» рейтингінде 3 позицияға көтеріліп, 192 елдің арасында 25-орынға ие болды.

2020 жылы енгізілген мораторийдің нәтижесінде барлық бизнес субъектілері бойынша тексерулер саны 4,6 есеге, шағын және микро бизнеске қатысты 7 есеге азайды.

Реттеушілік әсерді талдау шеңберінде 84 жоба қаралды.

Реттеушілік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия 69 жобаны немесе келіп түскен барлық жобалардың 82%-ын мақұлдаудан бас тартты. Жаңа реттегіш құралдарды енгізуден бас тарту бизнестің 512 млн теңге сомаға шығындарының алдын алуға мүмкіндік берді.

Жалпы, қабылданған шаралар 2020 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесінің 30,5%-ға дейін өсуін қамтамасыз етті.

Екінші. Жүргізіліп жатқан контрциклдық макроэкономикалық саясат шеңберінде қаржы нарығын тұрақтандыру бойынша шаралар іске асырылды. 2020 жылғы наурызда ішкі валюта нарығындағы теңгерімсіздікті жою үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің кемінде 50%-ын міндетті түрде сатуы енгізілді.

Әлемдік конъюнктураның ішкі нарыққа әсерін төмендету мақсатында Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету үшін кепілдік берілген трансферттің нысаналы сипатын бекітуді көздейтін өзгерістер енгізілді.

Ұлттық қордан контрциклдық тетікпен кепілдендірілген трансферт бойынша бюджеттік ереже күшейтілді.

Нысаналы ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейінде мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынына тікелей шектеу белгіленді.

Үшінші. Кәсіпкерлік бастаманың әлеуетін барынша ашу үшін мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту бойынша шаралар қабылданды.

Жекешелендірудің 2020 жылға дейінгі Кешенді жоспарын іске асыру аяқталды.

«Сомасы 629 млрд теңгеге 503 нысан сатылды. 302 нысан қайта ұйымдастырылып, таратылды. Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,9%-ға дейін қысқарды (2019 жылдың қорытындысы бойынша). Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспары әзірленді, ол бәсекелестік ортаға 736 ұйымды енгізуді көздейді. Жекешелендіру жоспарын іске асырудың негізгі әсері мемлекеттің экономикаға қатысуын 14%-ға дейін қысқарту болады», — деді Ә. Ерғалиев.

Төртінші. Тарифтік саясат бағыты бойынша халық үшін тарифтердің өсуін тежеу бойынша уақтылы шаралар қабылданды.

Ұлттық экономика министрі нақтылағандай, ағымдағы жылдың басында халық үшін тарифтердің орташа -0,4%-ға өсуі тежелген, оның ішінде (2020 жылғы қаңтарды 2021 жылғы қаңтарға қарағанда салыстыру): сумен жабдықтау бойынша 0,34%-ға; жылумен жабдықтау бойынша 3,75%-ға; су бұру бойынша 1,37%-ға және электрмен жабдықтау бойынша 3,92%- ға.

«Соның нәтижесінде, тарифтер орташа есеппен 7,4%-ға төмендеді (сумен жабдықтау қызметтеріне 8%-ға, су бұруға 9,3%-ға және жылумен жабдықтауға 7,6%-ға, электрмен жабдықтауға 5%-ға төмендеді). Халықтың жалпы үнемделуі бір айда шамамен 1 млрд теңгені құрады. Тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және табиғи монополистердің тауарлары мен қызметтерінің бағалары мен тарифтерін көтеруге қарсы күресті күшейтуге бағытталған шаралар іске асырылды», — деп хабарлады Ә. Ерғалиев.

Бесінші. 2020 жылы ЖІӨ-ге инвестициялар үлесі 17,6% құрады. Ағымдағы жылы оны 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр.

Осы мақсатта 47 трлн теңге сомасына 2 мыңнан астам инвестициялық жобадан 5 жылға инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды.

Қазақстандық нарықтың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Инвестициялар туралы келісім» жаңа құралы енгізілді. Инвестициялар туралы алғашқы келісімге биылғы 12 қаңтарда Valmont Industries американдық компаниясы қол қойды.

«Азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің жаңа объектілері үшін корпоративтік табыс, жер және мүлік салығы бойынша жеңілдіктер түрінде салықтық преференциялар беру мақсатында инвестициялар шегі 2 есеге төмендетілді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік инвестициялар тарту құралдарының бірі болып табылады. 2021 жылғы 1 қаңтарда 1,5 трлн теңге сомасына 863 МЖӘ жобасы жасалды», — деп хабарлады Ә. Ерғалиев.

МЖӘ жобалары санының өсімі 2018 жылғы деңгейден 2020 жылға қарай 86% құрады.

Алтыншы. Өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында ірі қалалардың шет аймақтарын, моно және шағын қалаларды дамыьу, «Ауыл – Ел бесiгi», «Дипломмен – ауылға» жобалары іске асырылуда.

Министр атап өткендей, 2020 жылы ірі қалалардың шетіндегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша шаралар қабылданды. 23 млрд теңге сомасына 49 жоба іске асырылды. 112 шақырым автожол, 1 мың шақырым инженерлік желі, сондай-ақ 11 әлеуметтік нысан салынды. Нәтижесінде 780 мың азаматтың өмір сүру сапасы артты.

Моно және шағын қалаларды дамыту үшін 10 млрд теңгеге 26 жоба іске асырылды. 19 моноқалада және 7 шағын қалада 670 жұмыс орны құрылып, 200 км жол мен инженерлік желілер жаңғыртылды.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 90 млрд теңге сомасына 986 жоба іске асырылды.

«Дипломмен – ауылға» жобасы аясында өткен жылы 8,8 мың маманға көтерме жәрдемақы берілді, 5 мың маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жобаның бюджеті 22,2 млрд теңгені құрады», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Жетінші. 2020 жылы бизнесті қолдау мақсатында салық заңнамасына бірқатар өзгерістер, соның ішінде мүлік салығын төлеуден босату енгізілді.

Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығынан босатылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және импорттау үшін ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.

Бизнес ұшақтарға қосалқы бөлшектер импортына ҚҚС-тан, сондай-ақ бензин (авиациялық, дизель отынын қоспағанда) бойынша экспортқа арналған акциздерден босатылды.

Кеден заңнамасын жетілдіру мақсатында лауазымды тұлғалар кедендік тексерулер жүргізу тәртібін бұзған кезде кедендік тексерудің жарамсыздығын айқындайтын нормалар енгізілгенін атап өткен жөн. Камералдық кедендік тексерулер жүргізу рәсімдері оңтайландырылды және мерзімдері қысқартылды.

Кеден органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды.

Бюджет саясатын жетілдіру шеңберінде стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды байланыстыруды жақсарту бойынша жұмыс жүргізілді.

«Бюджет кодексіне бюджет процесін реформалауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар пакеті енгізілді. Енді қаржыландыру лимиттері стратегиялық жоспарлардың мақсаттары мен индикаторларына қарай айқындалады. Жоспарлау кезеңінде шығындардың экономикалық қайтарымын бағалау енгізіліп, олардың бағыттары кейіннен басымдыққа ие болды», — деді ұлттық экономика министрі.

Әрбір министрлік жанынан ведомстволық бюджеттік комиссиялар құрылды.

Халықты бюджет қаражатын бөлу процесіне тарту үшін бірыңғай платформада «халықтың қатысу бюджеті» сервисі іске асырылды.

Сегізінші. Кәсіби және жинақы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша жұмыс жалғастырылды.

Мемлекеттік басқарудың жаңа «адам-орталық» моделін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы бекітілді.

Жергілікті басқаруды жетілдіру бойынша шаралар іске асырылды.

«2020 жылдың ақпан айында Президенттің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу жөніндегі Жарлығына оларды әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда онлайн-трансляцияларды ұйымдастыру арқылы және бейнеконференция байланысы арқылы өткізу бөлігінде өзгерістер енгізілді. Бұл азаматтардың барынша қамтылуын, халықтың сұраныстарына жауап берудің ашықтығы мен жеделдігін, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деп толықтырды Ә. Ерғалиев.

«Биыл тұрақты экономикалық өсім траекториясына шығу және халық алдында үлкен міндеттемелер алынған "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша ауқымды жұмысты өрістету міндеті тұр. Елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары сайлауалды бағдарламаның міндеттеріне сәйкес келеді. Бүгін мен сіздердің назарларыңызды министрлік жұмысының жекелеген бағыттарына аударғым келеді», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов ҚР ҰЭМ кеңейтілген алқа отырысында.

Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша министрліктің міндеті — бизнес-ортаны дамыту бойынша алға қойылған барлық тапсырмалардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Парламентке жаңа реттеушілік саясат — бизнесті «таза беттен» реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасы енгізілуі тиіс.

Бұл, шын мәнінде, отандық бизнес-реттеуді түбегейлі қайта қарау және кәсіпкерлікті дамытудың «жаңа күн тәртібінің» басталуы.

Ә. Смайылов Парламенттің күзгі сессиясына бизнесті жүргізу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулердің 9-пакетін енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл заманауи кәсіпкерлік экожүйені қалыптастырудың тағы бір қадамы болады.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қалыптастыру аясында да үлкен жұмыс атқару қажет.

Салаларды дамытудың жаңа тұжырымдамалары, сондай-ақ ұлттық жобалар қабылдануы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаларға қайта форматталуы тиіс. Олардың барлығы Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасының іс-шараларын іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың стратегиялық жоспарлары даму жоспарларына қайта құрылуы тиіс. Бұл жұмыс осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталып, бюджеттік үдеріспен синхрондалуы тиіс.

Өңірлік даму мәселесінде Ұлттық экономика министрлігінің алдында басқарылатын урбандалу арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды қамтамасыз ету міндеті тұр.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды жаңғырту, қалалардың шет аймақтарын инженерлік желілермен және әлеуметтік нысандармен жайластыру, шағын және моноқалаларда жолдар, коммуналдық желілер салу және реконструкциялау және басқа да барлық іс-шаралардың іске асырылуына тиісті бақылау жүргізу қажет. Теңгерімді аумақтық даму шеңберінде өңірлермен бірлесіп жекелеген өңірлердің де, тұтастай алғанда елдің де экономикалық белсенділігінің негізін құрайтын жаңа "өсу нүктелері" мен "экономикалық дәліздерді" дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру талап етіледі», — деп толықтырды Премьер-Министрдің орынбасары.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу