Мемлекеттік сатып алулардың толық ашықтығын қамтамасыз ету: электрондық форматқа көшудің арқасында 2019 жылы үнемдеу рекордтық 361 млрд теңгені құрады

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында: «Елбасы “Nur Otan” партиясының Саяси кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет» деген болатын. Сонымен қатар Президент мемлекеттік сатып алулардан түсетін қаржы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалу керектігін айтқан еді. Мемлекеттік сатып алуларды оңтайландыру процесі қалай жүргізіліп жатыр? Оларды жетілдіру шаралары қалай іске асырылуда? Мемлекеттік сатып алулар жүйесінің ашықтығы мен бәсекелестігін арттыру және басқа да жаңашылдықтар туралы толығырақ Рrimeminister.kz-тің шолу материалынан оқыңыздар. 

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы» Заң күшіне енді. Енгізілген түзетулердің негізгі бөлігі мемлекеттік сатып алу саласындағы келесі үш мәселені шешуге шоғырландырылды: 

  • шектен тыс реттелетін сатып алу рәсімдерін оңтайландыруға; 

  • сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыруға; 

  • бір көзден сатып алу үлесінің көптігін шешуге бағытталған түзетулер.

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алулар бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу көзделген жағдайда, олардың жобасы көпшіліктің талқылауына ұсынылады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің мүдделерін ескеру мақсатында жоба Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қоғамдық және сарапшылық кеңесіне бағытталады. Осылайша, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға енгізілетін барлық түзетулер мен өзгерістер «Атамекен» ҰКП-мен келісіледі. 

Заң аясында жұмыстар мен қызметтер бойынша бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін (265 100 теңгеден 1 325 500 теңгеге дейін) көтеріледі. Бұл жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алуларды едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Негізінен бұл норма бюджеті шағын тапсырыс берушілерге (балабақша, мектеп, емхана, аурухана, мәдениет үйі, интернат, қарттар үйі) қатысты. Ал ауыл әкімдіктері үшін мұндай шекті сома 3 мың АЕК-ке дейін (7 953 000 теңгеге дейін) арттырылды, бұл бюджеттің төртінші деңгейін енгізу шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бұл ретте Заңға сәйкес, аталған норма 2021 жылға дейін ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің мемлекеттік сатып алуды өткізу бойынша дағдыларын қалыптастыру кезеңінде қолданылатын болады.

ҚР Қаржы министрлігінің хабарлауынша, баға ұсыныстарының сұранысы тәсілімен сатып алуларда (1 000 АЕК немесе 2 651 000 теңгеге дейінгі сатып алуларда) тапсырыс берушілерге құжаттамада тауарлардың фирмалық атауларын көрсету құқығы берілді. Бұл сатып алу кезінде сапалы тауарларды алуға мүмкіндік тудырады. 

Сонымен қатар бұған дейін мемлекеттік сатып алу жоспарына тек бір рет өзгерістер енгізуге болатын болса, Заңның қабылдануымен оған екі рет түзету енгізу мүмкіндігі ұсынылып отыр. 

Бюджет қаражатының оңтайлы әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында Заңда біртекті емес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді бір лотқа біріктіру мүмкіндігі көзделеді. 

Нақты айтқанда, мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарын құрағанда (мемлекеттік сатып алулардың алдын-ала жылдық жоспары) тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрі және жеткізілетін орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Тек, Заңның 5-бабында бұдан тысқары 2 жағдай қарастырылады:

  • өзара байланысты жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

  • уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

Тауарларды жеткізудің, қызметтер көрсетудің кемінде бес орны болған жағдайда лотта тауарларды жеткізудің, қызметтерді көрсетудің бірнеше орнын көрсетуге жол беріледі. 

Сонымен қоса, Заңның лицензияны талап ететін мемлекеттік сатып алулар кезінде баға ұсынысына тыйым салуды алып тастауды қарастырған 37-бабының 4-тармағы алынып тасталды. 

Оңтайландыру шеңберінде Заңның 51-бабына Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінен сатып алу бөлігінде өзгерістер енгізілді. Енді Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері арасында сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс берушілер сатып алуды жалпы негізде жүзеге асыруға құқылы. 

Жыл сайын мемлекеттік сатып алуларға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, 2017 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 3,4 трлн теңгені құраса, 2018 жылы 3,6 трлн теңгені, ал өткен жылы 4,4 трлн теңгені құраған. 

 

Мемлекеттік сатып алулардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру

Президент осыған дейін мемлекеттік сатып алулардың 75%-ы бәсекесіз іске асырылып келгенін, шенеуніктер мен делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабу қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте, мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда тапсырыс берушілердің оны қайтадан өткізу міндеті белгіленді. Бұл бір көзден сатып алуды қысқартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, бір көзден сатып алудың 53 негіздемесінің 5-уі алынып тасталады. Атап айтқанда бір көзден сатып алуға тыйым салынды: 

  • табиғатты пайдалану құқығын сатып алуларда; 

  • заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы бағалы қағаздарды сатып алуларда; 

  • монетарлық қызметті жүзеге асыру үшін, сондай-ақ ҚР Ұлттық қорын және зейнетақы активтерін басқару бойынша сатып алуларда; 

  • ҚР халықаралық келісімшарттарына сәйкес жүзеге асырылатын, ҚР Үкіметі бекіткен тізім бойынша, сондай-ақ ҚР мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру аясында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуларда; 

  • ҚР халқының мәдени мұрасы (тарихи және мәдени ескерткіштері) нысандарын сақтау бойынша жұмыстардың жүргізілуіне техникалық және авторлық қадағалау жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуларда. 

Бір көзден сатып алу аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі «Еңбек» кәсіпорындарының қосалқы мердігерлерді тартуына тыйым салды. Яғни, бұған дейін «Еңбек» кәсіпорындары тікелей мемлекеттік тапсырысты алған соң жазасын өтеушілерді еңбекке тартудың орнына, барлық жұмыс көлемін қосалқы мердігерлікке тапсыруды әдетке айналдырған еді. Енді бұған жол берілмейді. 

Бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесі 2018 жылғы 72%-дан 2019 жылы 49%-ға дейін қысқарды. Бір көзден сатып алу негіздемелерін қысқарту арқылы бұл көрсеткішті 35%-ға дейін төмендету жоспарланған. 

Аталған шаралар бәсекелестік ортаны көбейтуге мүмкіндік береді және үнемдеуде оң әсерін тигізеді. 2019 жылы мемлекеттік сатып алулардағы үнемдеу рекордтық 361 млрд теңгені құрады (2016 жылы – 173 млрд теңге, 2017 жылы – 250 млрд теңге, 2018 жылы – 311 млрд теңге). 

Сонымен қоса, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысушының қаржылық тұрақтылығына қатысты түзетулер күшіне енді. Бұдан былай әлеуетті жеткізушінің қаржылық тұрақтылығы келесі сипаттамалар бойынша анықталатын болады:

  • салықтарды төлеуі;

  • айналым қаражатының және негізгі қаражатының болуы;

  • еңбекақы төлеу қорының болуы. 

Мұндай ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынатын болады. Осылайша, мемлекеттік сатып алуға тиісті қаражат айналымы, материалдық және еңбек ресурстары бар компаниялар ғана қатыса алады. Сонымен бірге, мұндай шара салықтардың түсуін арттырады. 

Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алуларды бұзуға машықтанған «кәсіпқой шағымданушылар», «тролдер» көптеп пайда болуда. Олар сатып алуды бұзу арқылы заңсыз пайда табуды көздейді. Әдетте, мұндай «кәсіпқой шағымданушылар» мемлекеттік сатып алуға қатысуға ниетті болмаса да, басқа қатысушылар туралы ақпаратты алу үшін өтінім береді. Мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында ұсынылады: 

  • конкурстық өтінімге кепіл бермеген әлеуетті жеткізушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын көруіне тыйым салу; 

  • конкурстық құжаттаманың алдын-ала талқылануына қатыспаған әлеуетті жеткізушілердің шағымдарын қарастырмау; 

  • мемлекеттік сатып алуларға қатыспаған үшінші тұлғалардың шағымдары бойынша келісімшарттарды жасау мерзімін тоқтатпау. 

Жалпы мемлекеттік сатып алулар бойынша келіп түскен шағымдар саны 2018 жылы 16 430 болса, 2019 жылы ол 27 509 шағымды құрады. 
 

Мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру 

2020 жылдан бастап орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. 1 қаңтардан бастап 4 орталық мемлекеттік органда (ҚР Қаржы министрлігі, Әділет министрлігі, ИИДМ, АШМ) және 5 жергілікті атқарушы органда (Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай және Қызылорда облыстарының әкімдіктері) мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру бойынша пилоттық жоба қолға алынды.

Пилот шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар әдіснамалық және техникалық қолдаумен қамтамасыз етілді. 

Мемлекеттік сатып алуды орталықтандырудың тиімділіктері мынадай:

  • бір лотқа ірілендіру есебінен бюджет қаражатын үнемдеу;

  • мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуге жұмсалатын әкімшілік шығыстарды қысқарту;

  • бюджеттік ұйымдарды өзіне қатыссыз функциялардан босату;

  • кәсібилендіру және соның нәтижесінде сатып алу сапасының артуы;

  • сатып алу қызметін үздік басқару, өйткені сатып алушылар функцияларының әкімшілік қайталануы қысқартылады;

  • сатып алушылардың қызметін бақылау мен қадағалауды оңтайландыру есебінен сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайту.

 

Мемлекеттік сатып алуларды цифрландыру

Мемлекеттік сатып алулардағы өзекті мәселелердің бірі – оның ашықтығын арттыру. 

2009 жылға дейін Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар қағаз түрінде жүргізілді: хабарландырулар газеттерде жарияланды, өтінімдер ашық хаттарға салынып берілді, тапсырыс берушілер өтінімдерді өз бетінше қарап, қорытынды шығарды. Мұндай жағдайларда мемлекеттік сатып алулардағы бәсекелестік те төмен болды. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың орташа саны небәрі 1-2 компанияны құрады. Көп жағдайларда берілген өтінімдер санының 2-ден аз болуына байланысты сатып алу өткізілді деп саналмады. 

Сатып алудың мұндай форматында әрбір тапсырыс берушінің өзімен жұмыс істейтін жеткізушілер пулының құрылуына әкелді. Осыған байланысты, сол кездегі тапсырыс берушілерде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. 

2019 жылдың 27 желтоқсанында мемлекеттік сатып алулардың толық ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік сатып алулар жоспарлаудан бастап, төлеммен аяқталатын рәсімдеріне дейін 100% электрондық форматқа ауыстырылды.

Мемлекеттік сатып алудың барлық құжаттары тек электрондық форматта рәсімделеді. Олар — электрондық шарттар, электрондық банк кепілдігі, қазынашылық органдарында шарттарды электрондық тіркеу, тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсетудің электрондық актілері, электрондық шот-фактуралар, электрондық төлем шоттары, өтінімді қамтамасыз етуді электрондық енгізу (электрондық әмиян), жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың электрондық базасы (электрондық депозитарий).

Мемлекеттік сатып алулар туралы барлық мәліметтер мен олардың құжаттамасы, оның ішінде техникалық ерекшеліктері туралы деректер ашық әрі қолжетімді. Мұндай мәліметтерді веб-порталға тіркелмей-ақ кез келген адам көре алады.

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен жан-жақты кіріктірілуі бизнес үдерістерін толығымен автоматтандыруға мүмкіндік берді. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы» заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік сатып алулар осы веб-портал ақылы түрде жүзеге асырылады. Бұл ретте веб-порталды бір жыл бойы пайдалану тарифі сатып алудың шекті сомасының көлеміне қарай енгізілді. Мәселен, жұмыстар мен қызметтер бойынша бір көзден сатып алудың шекті сомасы 1 млн теңгеге дейін болса, АЕК-ке шаққандағы веб-порталды пайдалану тарифі бір жыл мерзімге 1 АЕК-ті (2 651 теңге) құрайтын болады. Сол сияқты (2020 жылға тарифтер): 

  • 10 млн теңгеге дейін болса, жылына – 10 АЕК (26 510 теңге); 

  • 100 млн теңгеге дейін болса, жылына – 20 АЕК (53 020 теңге);

  • 1 млрд теңгеге дейін болса, жылына – 60 АЕК (159 060 теңге);

  • шектеусіз болса, жылына – 122 АЕК (323 422 теңге).

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталын әлеуетті жеткізушілер үшін ақылы ету портал жұмысын қамтамасыз етуге бағытталатын бюджет шығындарын алып тастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ веб-порталды пайдаланушылар үшін жоғары технологиялар енгізіліп, қосымша сервистер құрылады (sms-хабарламалар жіберу, сall-орталықтың тәулік бойы жұмыс істеуі және т. б.). Яғни, бұған дейін веб-порталдың қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулі болуы жоғары технологияларды енгізуге және оны пайдаланушыларға қосымша қызметтерді көрсетуге мүмкіндік бермеді. 

Ең маңызды артықшылығы, веб-порталдың ақылы болуы жосықсыз шағымдануды, солайша, мемлекеттік сатып алу рәсімін бұзудан заңсыз пайда табуды көздейтін, сатып алуға ниетсіз қатысушылардан «сүзгі» ретінде қызмет ететін болады. 

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталы әлеуетті жеткізушілер үшін тиісті келісімшарт жасасқаннан кейін және көрсетілетін қызметке ақы төлеген соң қолжетімді болады. 

Бүгінде мемлекеттік сатып алулардың айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету міндеті толық көлемде орындалды. Мемлекеттік сатып алуды жоспарлаудан бастап төлем жасауға дейінгі барлық рәсімдер электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік берді, сатып алулар ашық және барлығы үшін қолжетімді болды. Қазір үйде компьютер алдында отырған кез келген адам, мекен-жайына қарамастан, мемлекеттік сатып алуға қатыса алады. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңбасының болуы жеткілікті.

 

«Электрондық әмиян» және «электрондық депозитарий» деген не?

«Электрондық әмиян» және «электрондық депозитарий» жаңа функционалдары мемлекеттік сатып алу рәсімдерін автоматтандыру мақсатында енгізілді. 

Мемлекеттік сатып алулар бойынша заңнан үзінді келтірсек, онда пайдаланылатын негізгі ұғымдар ретінде электрондық әмиянға мынадай анықтама беріледі: электрондық әмиян – бұл әлеуетті жеткізушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотына орналастырған, конкурсқа, аукционға және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға өтінімдерін қамтамасыз етуге байланысты есеп операцияларын жүзеге асыруына арналған жеке шоты.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысуға берілген өтінімді кепілдікті ақшалай жарна түрінде қамтамасыз ету әлеуетті жеткізушінің электрондық әмиянында жеткілікті ақшалай қаражаттың болуымен (сатып алуға бөлінген сомасының кемінде 1%) ауыстырылады. Бұдан басқа, өтінімді қамтамасыз етуді енгізу туралы талап конкурс және аукцион тәсілімен сатып алуға ғана емес, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға да қолданылатын болды.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс саласындағы жұмыстарды сатып алуда жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар (орындалған жұмыстар актілері және пайдалануға беру актілері) тек электрондық депозитарийден тартылатын болды. Бұл ретте, конкурста сатып алынатындарға ұқсас осы жылдың алдындағы соңғы он жыл ішінде орындалған жұмыс тәжірибесінің болуы туралы мәліметтер электрондық депозитарийдегі құжаттарға сәйкес расталады (болған жағдайда толтырылады).

Электрондық депозитарийді жүргізу бойынша веб-порталда нормалар мен функционал 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Электрондық депозитарийді толтыру қажеттілігі туралы хабарландыру веб-порталдың басты бетінде орналастырылған. Электрондық депозитарийді қалыптастыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 14-тарауында айқындалған. 

Электрондық депозитарийді енгізу әлеуетті жеткізушілердің жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар (орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері, тауарларды қабылдау-тапсыру актілері) бойынша ақпараттың қате берілуі мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, электрондық депозитарийді жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттармен толтыру мерзімі 2020 жылғы 29 ақпанға дейін ұзартылады.

Сонымен қатар, жаңа заңдағы түзетулер мемлекеттік сатып алу саласында елеулі өзгерістерді көздегенін ескере отырып, кәсіпкерлер арасында түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. 

Атап айтқанда, 2019 жылы енгізілген өзгерістерді кеңінен тарату үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал және Өскемен қалаларында (орталық, оңтүстік, батыс және шығыс өңірлері үшін) мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен жаңа өзгерістерді түсіндіру бойынша топтық кеңестер өткізілді. Бұдан басқа, ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен кәсіпкерлері үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қаржы министрлігінің өкілдері түрлі алаңдарда ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу тақырыбындағы брифингтерге қатысты. Өз кезегінде, тиісті өңірлердегі облыстық мемлекеттік сатып алу басқармалары да ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп жатыр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу