Өнеркәсіп, құрылыс, инвестициялар — Қостанай облысының экономикасы оң өсім динамикасын көрсетіп тұр

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, өңірдің экономикалық дамуы оң серпінде ілгерілеп келеді, оны экономиканың негізгі салаларының көрсеткіштері айқындайды.

10 айдың қорытындысы бойынша мына салаларда өсімге қол жеткізілді:

  • өнеркәсіпте 8,1%-ке, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 13,5%;
  • негізгі капиталға салынған инвестицияларда – 11%;
  • құрылыста – 6%; 
  • тұрғын үйді пайдалануға беруде – 25,5%;
  • бөлшек саудада – 5%;
  • көтерме саудада – 4,3%.

«Сондықтан, бүгінгі күні жыл қорытындысы бойынша біз жалпы өңірлік өнімнің өсімін 2,0 – 3,0% шегінде болжап отырмыз», — деді А. Мұхамбетов.

Тұтыну бағаларының индексі 106,7% (Қазақстан Республикасында – 107%) құрады, оның ішінде: азық-түлік тауарларына – 107,8% (Қазақстан Республикасында – 108,2%).

Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1 870,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Айтарлықтай өсімді (8,1%-ке) негізінен индустрияландыру жылдарында инвестициялық жобаларын іске асырған кәсіпорындар қамтамасыз етті (189,3 млрд теңге тұратын 101 инвестициялық жоба, 7,3 мың жұмыс орны ашылды, соның ішінде 2021 жылы – 2,1 млрд теңге тұратын 4 жоба, 708 жұмыс орны).

Мәселен, машина жасау (17,7%-ке), металлургия (20,2%-ке), металл емес өнімдері (35,6%-ке) және тамақ өнімдері (1,3%-ке) өндірісінің ұлғаюы есебінен өңдеу өнеркәсібінің 13,5%-ке өсуі байқалады. Жалпы алғанда, өсу резервтері ретінде, таяу жылдарға арналған 2 трлн теңге болатын 80 жобадан тұратын пул шамамен 6 мың жұмыс орны ашыла отырып қалыптастырылды, бұл экономиканың индустриялдық секторын дамытуға және өнеркәсіптік өндіріс көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал ететін болады.

 

Машина жасау – өңір экономикасының тұрақты драйвері

Өңір басшысы машина жасау саласына жеке тоқталып өтті, ол өңірдің ғана емес, еліміздің экономикалық өсімінің драйвері болып табылады. Көп жағдайда, жаңа кіші саланың – автомобиль құрастырудың арқасында өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 46,9%-ке жетті, ал өңдеудегі машина жасау үлесі 41,5% құрайды. Есепті кезеңде мұнда 363,7 млрд теңгенің өнімдері өндірілді, өсімі – 17,7%.

Автомобиль өнеркәсібі бұрын игерілген автомобиль маркаларымен қатар, 2021 жылғы наурыздан бастап «KIA» маркалы автомобильдерін (2021 жылға арналған жоспар – 9 184 бірлік, Rio, Cerato, Sportage, Soul, K5) құрастыруды бастады және жұмыс істеген кезеңде 7 863 бірлігі құрастырылды. Биылғы жылғы шілдеде «АвтоВаз» және «Renault Ресей» (Рено Ресей) компанияларымен бірлесіп «LADA» автомобиль желісінің (2021 жылға арналған жоспар – 4 733 бірлік, Granta. 4x4. Vesta. Largus. X-RAY. Niva) және «Renault» автомобильдерінің (2021 жылға арналған жоспар – 1 224 бірлік, Arkana, және Kaptur) өндірісі ретке келтірілді. Бүгінгі күні «LADA» маркалы 1 746 бірлік және «Renault» маркалы 821 бірлік автомобиль құрастырылды.

Алдағы перспективада «СарырқаАвтоӨнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «УзавтоСаноат» акционерлік қоғамымен және «General Motors»-пен бірлесіп ұсақ торапты әдіспен (CKD) «Chevrolet Nexia» автомобильдерінің өндірісін, сондай-ақ осы автомобильдерге шанақ бөлшектерін штамптау өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Нексия өндірісі бойынша жобаның болжамды құны – 11,8 млрд теңге. Штамптау бойынша жобасын Индустриялдық аймақ аумағында іске асыру жоспарлануда, инвестиция көлемі – 30 млрд теңге. Өткен кезеңде «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің конвейерінен барлығы – 44 115 бірлік автомобиль шықты, оның ішінде 6 мыңнан астам (6 231) автомашина экспортқа жіберілді. Айта кету керек, республиканың барлық өндірілген автокөлік құралдарының жартысынан астамы облыс кәсіпорындарының конвейерлерінен шығады (биылғы 9 ай ішінде Қазақстан Республикасы бойынша барлығы – 63 559 бірлік, Қостанай қаласы бойынша – 38 309 бірлік).

«Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында шығарылатын 4 бренд, Қазақстандағы ең көп сатылатын маркалардың бестігінің қатарында, бұл ретте, өткен жылы Қостанайда сәтті іске қосылған «Chevrolet» автомобильдері аталған рейтингтің көш басында тұр», — деді өңір әкімі.

«АКАБ» акционерлік қоғамының ресми деректері: 1-ші орын – сатылған 23 556 «Chevrolet» автомобилі, 2-ші орын – «Hyundai» (19 643 бірлік), 3-ші орын – «KIA» (6 871 бірлік), 4-ші орын – «JAC» (4 488 бірлік) және рейтингті жабады - «GAZ» ( 3 149 бірлік).

2021 жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 11%-ды құрады

Негізгі капиталға салынатын инвестицияларға келетін болсақ, есепті кезеңде өңір экономикасына 11% өсімімен 306,2 млрд теңге тартылды (2020 жылғы 10 айда – 264,7 млрд тг). Биыл облыста осы қарқынды ұстап тұрып қана қоймай, оны ұлғайтуға да ниетті. Сондықтан инвестициялық жобаларды, соның ішінде Ресей Федерациясымен өнеркәсіптік кооперацияны нығайту шеңберінде де іске асыру жалғастырылады.

1. Мәселен, 2020 жылғы желтоқсанда «КАМАЗ» компаниясымен бірлескен жоба шеңберінде өндіріс қуаты жылына 46 мың тонна құйма құятын шойын құю зауытының құрылысы басталды. Инвестицияның жалпы көлемі 78,2 млрд теңге, 300 жұмыс орны ашылатын болады. Ынтымақтастықтың келесі кезеңі «КАМАЗ» жүк автомобильдерінің жетекші белдіктері басты берілістерінің өндірісі болып табылады («KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 82,5 млрд теңге, 360 жұмыс орны). Жобалар экспортқа бағдарланған, шығарылатын өнімнің басым бөлігі «КАМАЗ» зауыттарына жіберілетін болады.

2. Сондай-ақ «TEHNOPARK KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (КЗ технопаркі) «Луидор» (Нижний Новгород) ресейлік компаниясымен арнайы коммерциялық техника (жедел жәрдем автомобильдері, қоқыс тасығыштар, коммуналдық техника) өндірісін, қуаты жылына 600 бірлік техника (2,6 млрд тг, 180 жұмыс орнына дейін, іске қосу – 2022 жылы), жолға қою жөніндегі бірлескен жоспарларын атап өткен жөн.

3. Келесі ірі жоба – «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының бизнес-инкубаторы базасында ауыл шаруашылығы техникасы автокомпоненттерінің өндірісі бойынша Жергіліктендіру орталығын құру, инвестициялардың жалпы көлемі 12,6 млрд теңгені құрайды, 450 жұмыс орны ашылатын болады. Жергіліктендіру орталығы (техникалық іске қосуы ағымдағы жылдың наурызында жүзеге асырылды) – бұл шамамен 35 мың шаршы метр, оның 27,4 мың шаршы метрі өндірістік алаңдарға, әмбебап цехтарына бөлінген. Орталықта ең жаңа жабдықтар, соның ішінде Қазақстан үшін көлемі жағынан бірегей металл бөлшектерін ұнтақпен бояйтын итальяндық желі орнатылған, соның арқасында жылына 1 200 комбайн жиынтығына дейін бояуды жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады.

Компания тракторлар, комбайндар, тұқым сепкіштер, дестелегіштер және басқалары үшін өндірілетін компоненттердің қуатын, сапасын, сондай-ақ көлемдерін де арттыруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтарды (ұнтақпен бояу желісі, лазерлік кесу құрылғысы, арматуралық иілту станогы, гидравликалық иілту пресс тандемі, тікелей гидравликалық гильотинді кесу машинасы, фрезерлік өңдеу орталығы және көптеген тағы басқалары) молынан сатып алды. Сондай-ақ, бүгіннің өзінде көлбеу камера, тракторларға арналған балласты жүктер, тұқым сепкіштер, фаркоптар, кронштейндер, сатылар мен оларға тұтқалар, мотор асты рамалары, су және май сорғылары өндіріледі.

«АгромашХолдинг KZ акционерлік қоғамының Жергіліктендіру орталығы өз өндірісін жергіліктендіру деңгейін ұлғайтатын болады. Атап айтқанда, «LOVOL» тракторлары, «ESSIL» комбайндары және Қостанай трактор зауытының өнімдері – «Кировец» тракторлары. 2025 жылға қарай «Кировец», «LOVOL» тракторлары мен «ESSIL» комбайндары үшін рамалар мен кабиналар шығару жоспарлануда, бұл техниканың осы түрлері бойынша жергіліктендіру деңгейін 50%-ке дейін жеткізуге ықпал ететін болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстармен қатар, Жергіліктендіру орталығында жұмыс істеу үшін компоненттерді, соның ішінде шетелдік компоненттерді өндіруші компаниялар ынтымақтастыққа шақырылады. Мысалы, алаңда итальяндық «SDF Group» компаниясымен бірлесіп «DEUTZ – FAHR» тракторлары мен комбайндарын шығару жоспарлануда, австриялық «Пёттингер» компаниясымен (егіс кешендері), Петербург трактор зауытымен, «Луидор» ресейлік компаниясымен (арнайы коммерциялық техника) және «Гомсельмаш» беларустық компаниясымен (дестелегіштер, пресс-жинағыштар, комбайндар кабиналары) ынтымақтастық туралы уағдаластықтар бар.

Бүгінгі таңда Жергіліктендіру орталығының аумағында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және оқу семинарларын өткізуге мүмкіндік беретін оқу орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, әкімшілік-тұрмыстық кешенінде қонақтар мен қызметкерлерге ыңғайлы болуы үшін өзінің асханасы мен 80 орынға арналған жатақханасы (33 бөлме) қарастырылған.

4. Минск трактор зауытымен бірлесіп «Беларус» тракторларына арналған қуаты жылына 10 мың кабина шығаратын кабина өндірісі зауыты салынуда (4,2 млрд теңге, шамамен 100 жұмыс орны, іске қосу мерзімі - 2022 жыл). Жоба «Беларус» тракторларының қолданыстағы өндірісін жергіліктендіру деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл ретте, кәсіпорынның таяудағы жоспарларында тракторлардың дизельді қозғалтқыштары, пластикалық бөлшектер (капот, кабинаның төбесі, қанаттары), порталдық белдіктер өндірісін жолға қою мақсатында жалпы ауданы 16 мың шаршы метр болатын тағы 2 өндірістік корпус салу көзделген.

5. «Ыбырай» жел электр станциясы, қуаты 50 МВт, құны 26,3 млрд теңге («Жел Электрик» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 15 жұмыс орны) жаңартылатын энергия көздерін дамыту шеңберінде іске асырылады. Қазіргі уақытта жоспарланған 16 жел генераторының 15-і орнатылды. Бұл облыс үшін алғашқы жел паркі болады, алайда соңғысы емес. Мәселен, Арқалық қаласында 2023 жылы «KazWindEnergy» (КазВиндЭнерджи) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты 48 МВт болатын «Арқалық» жел электр станциясын салады (20,3 млрд тг, 20 жұмыс орны, 10 жел генераторы). Сондай-ақ, Арқалық қаласында «QazQarbon» (Қаз Карбон, Қарағанды облысы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясы қуаты 50-100 МВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Жобаның болжамды құны – 21,4 млрд теңге.

6. Келесі жоба ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға және қайта өңдеуге бағытталған («AutoRecyсling» ЖШС). Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын мұнда жылына 5,5 мың бірлікке дейін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуды жүзеге асыру жоспарлануда.

7. Агроөнеркәсіптік кешен саласында қуаты жылына 20 мың тонна құс етін құрайтын Комсомол құс фабрикасын реконструкциялау және жаңғырту жұмысы аяқталды («PoultryAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 5,6 млрд теңге, 260 жұмыс орны).

8. Қуаты жылына 20 мың тонна ет өңдейтін ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуда, соның арқасында облысқа ет өнімдерінің импортын төмендету жоспарлануда («BEEFEXPORTGROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 7,2 млрд тг, 184 жұмыс орны, Қостанай қаласы).

9. «Терра» серіктестігі қуаты 7,7 мың тонна ет өңдейтін кешен салды (900 млн тг, 95 жұмыс орны). Осы жобаларды іске асырудың арқасында шаруа және қосалқы шаруашылықтардың облыстың ірі қайта өңдеушілерімен кооперациясының жандануы күтіледі.

10. Агроөнеркәсіптік кешен бағытын жалғастыра отырып, Арқалық қаласындағы жобаны атап өткен жөн, онда «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына элеватор, құрама жем зауыты кіретін астықты қайта өңдеу кешенін іске асыруды жүргізіп жатыр, сондай-ақ «Арқалық Айдар» ЖШС 5 мың басқа арналған бордақылау алаңынан және 2,5 мың басқа арналған репродуктордан тұратын мал шаруашылығы кешені салынды. Элеватор іске қосылды, құрама жем зауытын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаны іске асыру Арқалықта ет өңдеу бойынша тұйық циклді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

11. Сүтті бағыттағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін 3 бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда («Олжа Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі): 

- әрқайсысының сыйымдылығы 1 200 бас ірі қара мал болатын, жылына 45,5 мың тонна сүт өндіретін 7 тауарлы-сүт фермасының құрылысы (48,6 млрд тг, 583 жұмыс орны). 7 тауарлы-сүт фермасының құрылысы облыста сүт өндіру көлемін 21% арттырады, қайта өңдеу өндірістері үшін шикізат тапшылығын азайтады, ірі қара малдың аналық басы 9 600 сиырға артады;

- Қостанайда сүт өнімдерін (сүт, айран, йогурт, ряженка және басқа да өнімдер), сондай-ақ қуаты тәулігіне 240 тоннадан асатын балалар тағамын өндіру бойынша зауыт құрылысы (2022-2023 жылдары, 32 млрд тг, 25,6 млрд тг – Еуразиялық Даму Банкі арқылы қаржыландыру, 157 жұмыс орны). Зауыт құрылысының басталуы – 2022 жыл, 2023 жылы іске қосу; 2 тауарлы сүт фермасын іске асыру кезеңі 2021-2022 жылдар; 1 тауарлы-сүт фермасын 2021-2023 жылдары, 4 тауарлы-сүт фермасын – 2022-2023 жылдары;

- «1000 отбасылық ферма» бағдарламасы – бұл ауыл халқын мал шаруашылығына тарту, ауылда жұмыспен қамтамасыз ету, кооперация құру (62 млрд теңге, 600 жұмыс орны). Асыл тұқымды репродукторлардан («Олжа Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) қазірдің өзінде 1 отбасылық фермаға 100 басқа дейін аналық ірі қара мал басы берілді. 

Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының екінші базалық бағыты болып табылады. Салада 119 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 25,2%. 

Ылғалдың аса қатты атмосфералық тапшылығы, ауаның жоғары температуралық режимі (35-40 градус), егіс науқаны кезінде топырақтың жоғарғы қабатын аңызақ желдің құрғатуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығымына әсер етті. Соның салдарынан, 10 айдың қорытындысы бойынша жалпы шығарылым 553,3 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі – 85,9%. 2021 жылы астықтың жалпы түсімі 2,9 млн тоннаны құрады, орташа өнімділігі гектарынан 7,2 центнер.

Ауа райы жағдайлары шабындыққа арналған шөптің өсуіне де теріс әсер етті. Соған қарамастан, мал қыстату кезеңіне облыстың барлық өңірлерінде қажетті азықтың барлық түрлері дайындалды – 1 млн тоннадан астам шөп, 218 мың тонна пішендеме, 244 мың тонна сүрлем, 877 мың тонна сабан.

«Қолайсыз ауа райы факторларының салдарын азайту үшін жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы жануарларының аналық мал басы (ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы) үшін азық құнын арзандатуға шамамен 1,9 млрд теңге бөлінді», — деді А. Мұхамбетов.

Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге келетін болсақ, 2015 жылдан бері шамамен 1 млн гектар анықталды (егістік – 225,6 мың га, жайылым – 812,5 мың га) оның ішінде:

- мемлекеттік меншікке 592,8 мың гектар қайтарылды, оның 381,4 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды;

- 309 мың гектар алқапта әрекет ету шаралары қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар пайдалануға кірісті;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын 136,2 мың гектар жер бақылауда тұр.

Сондай-ақ биыл 312,9 мың гектар жер ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалға берілді. Биылғы жылы да мемлекеттік қолдау негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығы өндірісінің барлық дерлік циклін қамтығанын айта кету керек (43,6 млрд тг).

 

Азық-түлік өнімдерінің өзіндік өндірісі — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Азық-түлік өнімдерінің негізгі тобы бойынша халықтың қажеттілігі ұлттық нормаларға сәйкес өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі. Өнім тапшылығының туындауына жол бермеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде 210 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді (9 сүт өндіру бойынша, 25 ет өндіру бойынша, 2 тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша, 45 диірмен, 3 жарма өндіру цехы, 8 өсімдік майын өндіру бойынша, 6 макарон цехы, 112 нан пісіру бойынша). Облыс елімізде ұн (737 мың тонна) өндірісі бойынша бірінші орында, сары май, сүт және қоюландырылған кілегей (5,7 мың тонна) бойынша екінші орында, йогурт (24,3 мың тонна), жарма (6 мың тонна) өндірісі бойынша үшінші орында. Ет өндірісінің 4,2% және сүт өндірісінің 2,1% өсуі тіркелді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін жүргізіліп жатқан жұмысқа біршама тоқталамын. Бұл мақсаттарға 4,8 млрд теңге бөлінді, оның 2,8 млрд тұрақтандыру қорының қызметіне және 2 млрд кәсіпкерлік субъектілеріне заем беруге бағытталды», — деді Қостанай облысының әкімі. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауының ішінен тұрақтандыру қорына 13 тауар салынды. 4,3 мың тонна көлемінде азық-түлік тауарларының қоры бар.

Жыл басынан бері жеткізушілер мен бөлшек сауда желілері арасында жұмыртқаға, күнбағыс майына, ұнға, картопқа, көкөніс пен нанға шекті сауда үстемесі туралы 950 меморандум мен 742 шарт жасасылды.

Сауда базарларында делдалдарды айналып өтіп, өз өнімдерінің саудасын ұйымдастыру үшін жергілікті тауар өндірушілерге 208 сауда орны бөлінді. Қалалар мен аудандардың базарларында және шағын базарларында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жеміс-көкөніс өнімдерін сататын кәсіпкерлер үшін 108 сауда сөресі ұйымдастырылды. 

Тамақ өнімдері өндірісінің экспорты бойынша облыс 2020 жылы республикада бірінші орын алғанын атап өту маңызды (2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда үлесі 23,3%, облыс – $297,4 млн, Қазақстан Республикасы – $1 278,3 млн). 

2021 жылдың 10 айында 717,7 тонна дәнді дақылдар, 550,7 мың тонна ұн, 3,7 мың тонна өсімдік майы (Қытай, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Литва, Латвия), 7,4 мың тонна сүт өнімдері (Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан), 933 тонна ет және қосымша ет өнімдері (Ресей), 38 млн. дана жұмыртқа (Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Моңғолия) экспортталды. Бұл ретте, экспорттық қоржында ет және ет өнімдері экспортының көлемі 6 есе, сүт өнімдері экспортының көлемі 18% өсті. 

 

Өңірде шағын және орта бизнес өндіретін өнім көлемі 20,6%-ға артты

Коронавирус пандемиясымен байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, біз кәсіпкерлікті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз, мұны шағын және орта бизнес саласындағы негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы айғақтайды. 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4% ұлғайды (2020 жылғы 10 айда – 51,8 мың бірлік және 2021 жылғы 10 айда – 54,5 мың бірлік), бұған қоса өнім өндірісі де 20,6% артты, бұл ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 27,1% жеткізуге мүмкіндік берді (2020 жылғы 6 айда – 26,5%).

Бүгінгі таңда облыста 54,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар, оларда 158,6 мың адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жоспарлар «NUR OTAN» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталарында бекітілген. Осы көрсеткіштерге қол жеткізуге бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары үлкен әсер етеді, оларды іске асыруға ағымдағы жылы 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, 2 261 бизнес-жоба қолдау тапты, оның ішінде:

- «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде 1 255 жоба (субсидиялау – 703 жоба, кепілдендіру – 527 жоба, гранттық қаржыландыру – 14 жоба, инфрақұрылым жүргізу – 14 жоба) қолдау тапты және бизнес жүргізу бойынша 781 сервистік қызмет көрсетілді (көрсетілетін бухгалтерлік, заң қызметтері, кедендік рәсімдерге байланысты көрсетілетін қызметтер және тағы басқалары).

- «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде – 51 жоба;

- «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде – 943 жоба;

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде – 12 жоба.

Аталған бағдарламаларды іске асыру басталғаннан бері – 2010 жылдан бастап 5 067 жаңа жұмыс орны ашылды (2020 жылы – 143 бірлік), 29 648 жұмыс орны сақталды (2020 жылы – 3 059 бірлік), 2,1 трлн теңгенің өнімі шығарылды (2020 жылы – 566,1 млрд теңге), 110,4 млрд теңге сомасында салық төленді (2020 жылы – 33,2 млрд теңге). Төленген субсидиялардың 1 теңгесіне шаққанда 6,8 теңге салық тиесілі. Жобалардың басым бөлігі сауда (32%), өңдеу өнеркәсібі (21,3%), көлік және қоймалау (18,2%) салаларына тиесілі.

 

Өңірде көлік логистикасы саласы қарқынды дамуда

2020-2021 жылдары көлік инфрақұрылымына 112,5 млрд теңге жұмсалды. Бұл 1000 шақырымнан астам автожолды және елді мекендердің 451 көшесін жөндеуге мүмкіндік берді.

«Қостанай қаласына кіреберіс» автожолында көпір құрылысы ірі жобасын іске асыру аяқталып келеді. Осы жобаны іске асыру көпірге кіреберістердің техникалық сипаттамаларын 1-ші техникалық санатқа дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

Жыл қорытындысы бойынша «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі» 78% құрайды. Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында тұрғын үй мәселесі әрқашан адамдар үшін басты мәселелердің бірі болатыны атап өтілді.

Жыл басынан бері біз 25,5% өсімімен 387,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны бойынша біздің облыс республика бойынша 2-ші орында.

Тұрғын үй құрылысына инвестиция 38,2% өсті (барлығы 45 млрд теңге). «Әуежай» және «Юбилейный» шағын аудандарының құрылысы аяқталуға жақын, «Қонай» және «Береке» шағын аудандарын игеру жалғастырылып жатыр.

Егер тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй туралы айтатын болсақ, онда ағымдағы жылы 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын (Қостанай қаласында: «Қонай» – 14 үй, «Әуежай» – 1, «Юбилейный» – 2 және Рудный қаласында – 1 үй) аяқтау жоспарлануда және келесі жылы аяқталатын өтпелі 30 жоба бар. Бұдан басқа, ағымдағы жылы пилоттық жоба шеңберінде Рудный қаласында кредиттік тұрғын үй құрылысы басталды, онда қазіргі уақытта жалпы ауданы шамамен 19 мың шаршы метр немесе 300 пәтер болатын тұрғын үйлер құрылысының 5 жобасы іске асырылуда.

Тобыл қаласының «Астана» және Қостанай ауданы Мичуринское ауылының «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарына инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Отбасы банкінің Қостанай филиалында жалпы жинақ сомасы 32 млрд теңгеден асатын 78 мың салымшы бар. Бұл ретте, тұрғын үйдің жаппай құрылысы Отбасы банкінің Қостанай филиалына соңғы 5 жылда депозиттік қоржынын 2,5 есе (20,9 млрд теңгеден 54,2 млрд теңгеге дейін), кредиттік қоржынын 3,4 есе (17,2 млрд теңгеден 59,3 млрд теңгеге дейін) ұлғайтуға мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біздің облыста 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 60 мыңнан астам пәтер (63,6 мың) пайдалануға берілді.

«Сапалы ауыз су барлығына қолжетімді болуы тиіс. Біздің мемлекетіміздің басым міндеті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болып қала береді», — деп атап өтті А. Мұхамбетов.

Бүгінгі күні ауыл халқының 72,6%-ы және өңірдің қала халқының 98,1%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады. 529 елді мекеннің 301-і немесе 56,9% сумен қамтамасыз етілген (9 – қалалық немесе 100%, 292 – ауылдық немесе 56,2%).

2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу 75%-ға дейін (260,9 мың адамға дейін), ауылдар бойынша – 59,8%-ға дейін (311 ауылға дейін) ұлғаяды. Яғни, 2020 жылмен салыстырғанда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету ауыл халқы бойынша 10,3%-ға (64,7%-дан 75%-ға дейін), қалалар бойынша 0,3%-ға (97,8%-дан 98,1%-ға дейін) ұлғайды.

2021 жылы ауылдық және қалалық сумен жабдықтау және су бұру бойынша 47 жоба іске асырылуда (сумен жабдықтау бойынша 41 жоба, су бұру бойынша 6 жоба), оларға 15,2 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді (республикалық бюджеттен – 11,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 3,3 млрд теңге).

Жылдың соңына дейін:

- орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне 8 ауыл (Денисов ауданының Красноармейское ауылы, Қостанай ауданының Алтынсарин ауылы, Науырзым ауданының Раздольное ауылы, Ұзынкөл ауданының Ершовка ауылы, Арқалық қаласының Үштөбе ауылы, Федоров ауданының Банновка ауылы, Чеховка ауылы және Кенерал ауылы) қосылатын болады;

- суды тазарту және тарату пункттеріне 11 ауыл (Федоров ауданының Цабелевка, Қарақопа, Александрополь, Чистый Чандак, Камышный Чандак, Кравцово, Жангелдин ауданының Сарысу және Қаламқарасу, Қостанай ауданының Белозерка, Майкөл және Шеминов ауылдары) қосылатын болады;

- сумен жабдықтау 16 ауылда (Меңдіқара ауданының Боровское және Первомайское, Денисов ауданының Фрунзенское, Жангелдин ауданының Қарасу және Ақкөл, Жітіқара ауданының Приречное, Қарасу ауданының Октябрьское және Железнодорожное, Ұзынкөл ауданының Ұзынкөл, Миролюбовка, Отынағаш, Есмырза, Үкіатқан, Ряжское, Федоровка және Арқалық қаласының Родина ауылы) жақсартылатын болады.

Биыл 104 ауылда тасымалданатын суды тарату пункттері орнатылғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының республикалық жол картасына енгізілген көрсеткіштердің бірі — ауылдарда көрсетілетін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету 6,4%-ке асыра орындалғанын атап өткім келеді. 2021 жылға арналған жоспар – 66,2% бойынша, нақты орындалғаны – 72,6%.

2022 жылы жұмыс жалғасатын болады және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген ауыл халқының үлесі 86,4%-ға дейін (75%-дан), ал АЕМ бойынша қамту 70%-ға дейін (59,8%-дан) артады.

«2022 жылы жұмыс жалғастырылатын болады және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2025 жылдың соңына дейін ауыл халқының 100%-і сапалы сумен қамтамасыз етіледі», — деді А. Мұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, өңірді газбен жабдықтау жұмыстары жалғастырылуда. Биыл Қамысты ауданының Қамысты – Алтынсарин және Әулиекөл – Құсмұрын жоғары қысымды газ жеткізу құбырларының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Алғаш рет Қостанай ауданының Шеминовское және Озерное, Федоров ауданының Копыченка, Қамысты ауданының Алтынсарин ауылдарын газдандыру жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, Жітіқара қаласының 5а шағын ауданында газ тарату желілері салынады, Қостанай ауданының «Бәйтерек» және «Астана» шағын аудандарына инженерлік коммуникациялардың құрылысы басталды.

«Қостанай ауданының «Бәйтерек», «Астана» және «Нұр Әлем» шағын аудандарына алаңнан тыс инженерлік коммуникациялар салу» жобасы бойынша жоғары қысымды газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде (Д 355х32,2 мм), бүгінде 8 км төселді, жалпы сметалық құны – 3,9 млрд теңге. Құрылыстың ұзақтығы – 10 ай. Биыл жобаны іске асыруға 555,5 млн теңге бөлінді. Қоры – 500 млн, ОБ – 55,5 млн). Игерілгені – 65,7% (365,2 млн тг). Жоба бойынша 2022 жылы нысанды аяқтау мүмкіндігі үшін 2022 жылға 1 790,1 млн теңге сомасында қаражат бөлуге өтінім берілді.

АГРС-150 жоғары өнімділігінің арқасында Қостанай қаласының Қонай тұрғын алабының, Қостанай ауданының «Бәйтерек», «Астана» және «Нұр Әлем» шағын аудандарының тұтынушыларын қосу, Алтынсарин және Қостанай аудандарының газбен жабдықтау желілерін дамыту мүмкіндігі пайда болады. ГТС-3-те Қостанай және Алтынсарин аудандарына газ беру жаңа АГТС-тен жүзеге асырылатындықтан, сағатына 30 мың текше метр мөлшерінде қосымша көлемдер босатылады. Бұл облыстың қосымша 25 мың тұрғынын газбен жабдықтау желілеріне қосуға мүмкіндік береді.

Биыл өңірдің ең проблемалық мәселелерінің бірі – Арқалық қаласын жылумен қамту мәселесі жабылады (жобаның жалпы құны – 7,4 млрд тг). Бүгінгі таңда Арқалық ЖЭО-ны қатты отынға ауыстыру жұмыстары аяқталуда, 2 су жылыту қазандығы (температуралық кестеге сәйкес кезекпен) және 1 бу қазандығы жұмыс істеуде.

 

Медицина саласы көлемді қаржыландыруды қажет етеді

Медицина саласы көлемді қаржыландыруды қажет етеді. Сөз инфрақұрылым, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадрлар туралы болып отыр. Биыл қаржыландыру 17,2% өсімімен 86,4 млрд теңгені құрады (2020 жылы – 73,7 млрд теңге).

Осы қаражат есебінен 13 денсаулық сақтау объектісі жөнделді (күрделі – 3, ағымдағы – 10), 22 объектіде жөндеу жұмыстары аяқталып келеді (күрделі – 5, ағымдағы – 17). Соңғы жылдары медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды.

Тек соңғы 2 жылдың ішінде 111 бірлік санитариялық автокөлік, Қостанай қаласындағы емханалардың 4 мобильді бригадасына арналған 4 жеңіл автомобиль, жедел жәрдем қызметі үшін отандық өндірістің 50 реанимобилі сатып алынды. Медициналық жабдықтардан: 2 магниттік-резонанстық томография, 8 компьютерлік томограф, 8 цифрлық маммографиялық аппараты, 22 рентген-аппараты, оның ішінде 9 жылжымалы, 15 флюорографиялық рентген-аппараты, 37 ультрадыбыстық зерттеу аппараты және тағы басқалары.

Жыл соңына дейін магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, феталдық мониторлар, облыстық аурухана үшін эндобейнетостоек, облыстық балалар ауруханасы үшін компьютерлік томография және электроэнцефалография аппараттары, реанимациялық жабдықтар және тағы басқаларын жеткізу күтілуде. 2022 жылы жұмыс жалғастырылатын болады. Қостанай қаласының тұрғындарына уақтылы білікті және заманауи медициналық көмек көрсетілуін жақсарту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 300 мың тұрғынға арналған көпбейінді аурухана (400 төсек-орын) салу жоспарлануда. 2020 жылдан бастап 200 төсек-орынға арналған инфекциялық орталық жұмыс істейді.

«Ауруханаларды замануи жабдықтармен және техникамен жарақтандырудың сыртында, біз облысқа дәрігерлер тартумен мақсатты түрде айналысамыз. Жыл басынан бері облысқа 103 дәрігер келді, 18 дәрігерге материалдық көмек көрсетілді, 30 дәрігерге тұрғын үй берілді», — деді өңір басшысы.

Жақын арада медицина қызметкерлеріне жалға берілетін тұрғын үйден 100 пәтердің кілті табыс етіледі (2020 жылы – 54 пәтер).

Коронавирус бойынша ахуал туралы айта кетейін. Жыл басынан бері облыста COVID-19-дың 40 169 жағдайы тіркелген (оның ішінде 148 кісі өлімімен). Қазіргі уақытта 21 стационарда 402 пациент емделіп жатыр (жүктемелілігі 22%). Карантиндік шаралардың сақталуын бақылау мақсатында мобильдік топтар биыл 15,4 мың рейд жүргізді, 38 мың объекті тексерулермен қамтылды, 1 162 бұзушылық анықталды.

COVID-19-ға қарсы вакцинация белсенді түрде жүргізілуде. Бірінші компонентпен 342,1 мың адам немесе 67,7% егілді, екіншісімен – 319,5 мың адам немесе 63,3%. Вакцинацияны жүргізуге тиісті оқытудан өткен 426 медицина қызметкері тартылды.

«Ashyq» мобильді қосымшасы белсенді түрде пайдаланылуда, 5,4 мың кәсіпорын QR код алды, оның 4,6 мыңы толыққанды режимде жұмыс істейді. 

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асырудың арқасында, 2021 жылы жұмыспен қамту шараларымен 28 мың адам қамтылды (жоспар – кемінде 27 мың). Жоспарды асыра орындау 4% құрады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 499 адам жіберілді немесе жоспардың 118,8%. Тұрақты жұмыс орындарына 18 664 адам орналастырылды, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 737, жастар практикасына – 505 адам, қоғамдық жұмыстарға – 3 894 адам, ерікті қоныс аударудың мемлекеттік қолдау шараларымен 594 адам қамтылды. 

Жыл басынан бері 19,4 мың жұмыс орны ашылды (оның ішінде 12,1 мың тұрақты). Жоспардың асыра орындалуы – 14,1%. Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал жағдайында облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8%-тен аспады (2021 жылғы 3-тоқсан, Қазақстан Республикасы бойынша – 4,9%). 

 

Білім беру саласы ерекше бақылауда

Осы жылы білім беру саласын қаржыландыру көлемі 128,8 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылғыдан 11,7% артық (115,3 млрд тг). Негізгі міндеттердің бірі – оқудың барлық деңгейлерінде ыңғайлы жағдайлар жасау, соның ішінде компьютерлік паркті жаңарту. Өткен жылы компьютерлік парк 21 мың бірлікпен және 3 мың бірлік модеммен және Wi-Fi роутерлермен толықтырылды. Нәтижесінде, оқушылар мен педагогтардың компьютерлермен қамтамасыз етілуі 100% құрады, ал 1 компьютерге шаққандағы оқушылар саны 7-ден 4 адамға дейін жақсарды.

Келесі жылы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады, осы мақсаттарға шамамен 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында, ағымдағы жылы Қарасу ауданының Қарасу ауылында 320 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп (1,3 млрд теңге) пайдалануға берілді, сондай-ақ 2 200 орынға арналған 3 мектептің құрылысы жүргізілуде (Қарабалық кенті, Қостанай қаласының «Береке» және «Қонай» шағын аудандарында). 2020 жылы Әулиекөл ауданында және «Юбилейный» шағын ауданында 1 520 орынға арналған 2 орта мектеп салынды. 

Облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. 

Студенттерді баспанамен қамтамасыз ету үшін, 1 маусымда автомобиль көлігі колледжінің 500 орынға арналған 9 қабатты жаңа жатақханасының салтанатты ашылуы өтті. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде 1 024 орынға арналған 2 жатақхана құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылы Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенттері үшін 250 орынға арналған жатақхана салынды.

«Жас маман» республикалық жобасы аясында облыстың 10 колледжін заманауи жабдықтармен жарақтандыру арқылы жаңғырту жүргізілді. Биыл 85 білім беру ұйымына жөндеу жұмыстарын (оның ішінде 18 күрделі) жүргізу үшін 6,1 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы 133 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. 

Сонымен қатар мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету мәселелері 100% шешілді (187 млн теңге). Бұл Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді шешуге, қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге жасалған тағы бір қадам. Жылы санитариялық тораптарды орнату аяқталды.

«Облыстың барлық жалпы білім беретін мектептерінде кең жолақты интернет қолжетімді. Соңғы 2 жылда облыста 76 АT-сынып және 36 роботы техника кабинеті ашылды», — деді А. Мұхамбетов. 

Жаңғырту аясында облыстың жалпы білім беретін мектептері спорттық жабдықтармен жарақтандырылды, оқушылардың жиһазы жаңартылды, 31 бірлік автокөлік сатып алынды, блокты-модульді қазандықтар мен қазандар, турникеттер орнатылды, облыстың 25 мектебіне 38 пән кабинеттері мен STEM зертханалар сатып алынды. Жылдың аяғына дейін тағы 19 мектепке 20 жаңа модификация кабинеті мен STEAM зертханасы жеткізілеін болады. 38-де ескерілді.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде 82 ауылдық мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, 2025 жылға дейін тағы 325 білім беру объектісі жаңғыртылады. 

Ұлт денсаулығы спортпен тығыз байланысты, сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бұқаралық спортты дамытудағы басты міндеттердің бірі болып табылады.

Желтоқсан айында Қостанай қаласында 50 метрлік жүзу бассейнінің ашылуы жоспарлануда және 2 500 отырғызатын орынға арналған Мұз сарайының құрылысы аяқталу сатысында. Жеке инвесторлар есебінен іске қосылған Амангелді ауданының Амангелді ауылындағы жүзу бассейні және Рудный қаласындағы Фитнес-Премиум спорт кешені жұмыс істейді. Спорт объектілерінің құрылысына барлығы 6,8 млрд теңге бағытталды, бұл облыс тұрғындарының басым көпшілігіне спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, спортпен қамтылған халық саны 35%-ке жетеді (қазіргі таңда – 290 мың адам немесе 34%).

Соңғы 2 жылда спортты дамытуға 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Нәтижесінде 60 нысан, оның ішінде 5 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 1 теннис орталығы, 3 бассейн, 35 спорт алаңы, 8 хоккей корты, 8 StreetWorkaut алаңы пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік жылдары облыста 39 спорт кешені және 749 спорт алаңы салынды. Қаржыландыруға келетін болсақ, онда ағымдағы жылы кәсіби клубтардың бюджеттерінен 2 млрд теңгеден астам қаражат бұқаралық спортты дамытуға қайта бағдарланды. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам бала жекеменшік спорт секцияларында тегін негізде айналысуға мүмкіндік алды, оның ішінде 300-ден астам бала әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларынан.

Жалпы, оқушылардың 64,1% спорт секцияларында тегін сабақтармен қамтылды (балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру клубтарында – 10 мыңға жуық адам, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде - 20,5 мың адам, жалпы білім беретін мектептер жанындағы секцияларда – 40,4 мың адам).

«Біз мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға облыстық бюджеттен қосымша шамамен 200 млн теңге бөлдік», — деді А. Мұхамбетов.

«Тобыл» футбол клубының ел чемпионатындағы жетістігі Қостанай облысында бұқаралық спортты дамытудың локомотиві болды. «Тобыл» командасының бірінші орыны – облыс тұрғындарын, әсіресе балаларды саламатты өмір салтына және спортпен шұғылдануға ынталандырады.

Қостанайлықтар, әдеттегідей, қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, алға қарай ұмытылуға ниетті. Экономиканың әр саласында өсудің жаңа мүмкіндіктері мен резервтерін іздеуге баса назар аударылады. Алдағы уақытта да белгіленген жоспарларды дәйекті іске асыру жоспарда бар.

«Түптеп келгенде, жүргізіліп жатқан барлық кешенді жұмысымыз халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етеді», — деп түйіндеді А. Мұхамбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу