Президент Жолдауын іске асыру: ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және әлеуметтік қолдау шаралары қалай дамуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету сапасын жақсарту міндетін қойды. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметі бұл бағыттағы шаралар жоспарын әзірлеп, жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде балаларға арналған шағын және орташа оңалту орталықтар желісін арттыру т.б. іс-шаралар қолға алынды. Осы ретте атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

«Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», — деді ҚР Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке осы мақсатта үш жыл ішінде кемінде 58 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 690,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың ішінде 61,5% еңбекке қабілетті жаста, 25,6% зейнет жасындағы азаматтар, 12,9% 18 жасқа дейінгі балалар (89,4 мың), оның ішінде жүйке жүйесінің ауруы бар балалар 26,5 мың болса, олардың 17,4 мыңы церебралды сал ауруына (БЦС) шалдыққандар. 

Елімізде әр жыл сайын 11 мыңнан астам баланың мүгедектігі бар екені анықталады. (2018 жылы 11 815 бала мүгедек ретінде анықталды), олардың 22,9%-ға жуығы жүйке жүйесінің аурулары бар балалар (2018 жылы – 2703 бала), оның ішінде 50% астамы БЦС диагнозымен (2018 жылы – 1364 бала).

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте 2019 жылдың соңына дейін церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларды медициналық және әлеуметтік қолдауды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленетінін хабарлады. Осы мақсатта «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша шағын және орта оңалту орталықтары желісін кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ баспасөз конференциясында «қадамдық қолжетімділік» шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесін кеңейту қажеттігі де атап өтілді. Қазіргі таңда Қарағанды облысында аталған бағыттағы сынақ жұмыстары жүргізілуде.

Қарағанды қаласы Майқұдық тұрғын аймағында жыл соңында тірек-қимыл аппараты бұзылған және неврологиялық ауытқулары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Ол 50 төсекке есептелген және жылына 3 000-ға жуық бала қабылдайды. Оңалту орталығы балалар ауруханасының аумағында орналасатын болады. Балаларды оңалту орталығында барлық қызмет түрі Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша тегін көрсетіледі. Алғашқы емделушілерді оңалту орталығы ағымдағы жылдың соңында қарсы алады.

Айта кету керек, Жезқазған өңірінде бірнеше жылдан бері мемлекеттік балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді.

Сонымен қатар ағымдағы жылы 2019-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға оңалту көмегін ұйымдастыру бойынша Жол картасы бекітілді. 

«Қамқорлық» Жол картасы аясында Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 350 орындық оңалту орталығын жасақтау жоспарлануда, оның ішінде: балалар кардиологиялық – 15, балалар неврологиялық – 40, балалар нейрохирургиялық – 20, балалар травматологиялық – 16 орындық оңалту орталығы ашылатын болады. Жоба бойынша өтінім (бизнес-жоспар, қаржы-экономикалық модель) әзірлеу сатысында.

Сондай-ақ қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерде оңалту көмегін дамыту жоспарын әзірлеуде. Оңалту қызметі бойынша өңірлік үйлестірушілер тобы 2019 жылғы 14-27 қазан аралығында шетелдік клиникада (Литва) оңалту қызметін жетілдіру мәселелері бойынша дәріс алды. 2019 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы медициналық білім беру ұйымдарының базасында өңірлердің мультидисциплинарлық топтары үшін мастер-класстар өткізілді.

 

Балалар медициналық оңалтудан қайда өтеді?

Бүгінде елімізде балаларға арналған 12 оңалту орталығы жұмыс істейді. Жалпы 1273 орынға лайықталған бұл орталықтарда 2018 жылы 30 мыңнан астам науқас оңалтудан өтті. БЦП-мен ауыратын балалар жылына кемінде бір рет республикалық деңгейде «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ-да, «Ақсай» РКБА-да, «Балбұлақ» РБОО-да, «Қасиетті жол» ҚҚОО-да оңалту көмегін алады. Аталған орталықтарда барлығы 1 мыңнан астам бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.

Бұдан өзге республика бойынша 1384 төсекке арналған тәуліктік стационарлар мен медициналық оңалтудың 39 бөлімшесі жұмыс істейді. 

Бір жылда медициналық оңалту курсынан өткен балалардың жалпы саны 10 881 құрады. Оның ішінде церебралды сал ауруымен ауыратын балалар саны — 4 024.

Бүгін елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында басқа азаматтармен тең жағдайда стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау сияқты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Қазіргі уақытта жартылай стационар жағдайында және үйде қызмет көрсету стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісінің баламасы болып табылады және баланы отбасынан алыстатпауға бағытталғанын атап өту қажет. 

Ескеретін жайт, республика бойынша 50 күндізгі стационарда 2 мыңға жуық мүгедек бала арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұл бөлімшелерде психологтар, дефектологтар, логопедтер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массажистер және т.б. мамандар қызмет етеді. Бұл бөлімшелердің ашылуы тек өткен жылы интернат үйлерінен 727 баланың отбасына қайтып оралуына ықпал етті және 856 ата-анаға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар елімізде мүгедек балалары бар отбасыларға үйде әлеуметтік көмек көрсету қызметі белсенді дамуда. 205 бөлімшеде 13 мыңнан астам бала арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұл ретте бала отбасынан ажырамай, ата-анасымен бірге түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына, иппотерапия, арттерапия сабақтарына бару арқылы даму мүмкіндігі бар.

 

Балалар ауруханасында қандай тегін медициналық оңалту түрлері қолжетімді?

Қазақстандағы барлық дерлік ауруханада церебралды сал ауруына шалдыққан және неврологиялық ақаулары бар балаларға арналған оңалту бөлімдері бар. Республикалық деңгейдегі оңалту орталықтарында жылына бір рет қаралуға мүмкіндік болса, аурухана жанындағы оңалту бөлімдерінде әр екі ай сайын қалпына келтіру терапияларынан өтуге болады.

Мәселен, №1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының неврология бөлімінде жылына церебралды сал ауруы диагнозы қойылған 600-ге жуық бала медициналық оңалтудан өтеді. Мұндай балалардың өздігінен қозғалу, сөйлеу, ойлау қабілеттері төмен болғандықтан, кешенді қалпына келтіру емі жүргізіледі. Оның ішіне мамандардың қарауы (невролог, реабилитолог, ортопед, физиотерапевт, ЛФК дәрігері) және қосымша жекелей ЛФК айналысу, эрготерапевт, физиотерапия, бассейн, цифрлық емшаралары, вибромассаж, жарықпен емдеу, жылумен емдеу кіреді. Тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіруде Монтессори әдістемесі қолданылады. Баланың өз дене бітімі туралы түсінігін дамыту, сенсорлық тәжірибе тапшылығын толтыру үшін сенсорлық кабинет жасақталған.

№1 КҚБА бас дәрігерінің орынбасары Динат Қожекеновтің айтуынша, церебралды сал ауруы тез емделетін диагноздар қатарына жатпайды. Ұзақ уақыт дәрігердің бақылауында болуды, медициналық күтімді қажет етеді. Сондықтан науқастар жылына ең аз дегенде 4 рет ем алулары тиіс. Бір реттік кешенді оңалту 21 күнді құрайды.

«Қазіргі уақытта медицина бір орында тұрған жоқ. Медициналық аппараттардың түрлері де, емдеу тәсілдері де көбейіп жатыр. Біздің аурухана баланы қоғамға бейімдеуге, аяғынан тік тұрғызуға қажетті барлық заманауи технологиялармен жабдықталған. Сал ауруына шалдыққан балаларға кешенді көмек көрсетіледі», — деді Д. Қожекенов.

Аталған емдеу мекемесінің неврология бөлімінде 30 орындық күндізгі және 10 орындық тәуліктік стационар жұмыс істейді. Пациент диагнозы мен сырқаттылық деңгейіне байланысты қажетті бөлімде ем алады. Егер бала өздігінен қозғала алатын болса, күндізгі стационарда ем қабылдайды. Ал жағдайы күрделі науқастар тәулік бойы арнайы мамандардың бақылауында болады. Бұл жерде ата-анаға ыңғайлылық мәселесі де қарастырылған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмаларына сәйкес ауруханада 2020 жылы бір уақытта 50 науқас ем қабылдай алатын үлкен бөлім ашу жоспарланған. Онда церебралды сал ауруына шалдыққан балалар медициналық оңалтудан өтеді. Науқастардың емдеу мекемесіне қабылдануы жоспарлы түрде «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жүзеге асырылады.

«Бұл тек оңалту терапияларына бағытталған үлкен бөлім болады. Бізде қазір неврологиялық бөлім бар және онда түрлі неврологиялық ауытқулары бар балалар ем қабылдайды. Ал болашақта тек церебралды сал ауруы, Даун синдромымен ауыратын балаларды жеке қабылдайтын боламыз. Орын саны да көбейеді. Қазір күндізгі стационарда 10 төсек болса, болашақта екі есеге көбейеді деп жоспарлап отырмыз», — деді №1 КҚБА бас дәрігерінің орынбасары.

 

Оңалту орталықтарына жолдаманы қалай алады?

Баланы оңалту орталығына кезекке жазу үшін, ең бірінші, тұрғылықты мекенжайына қарасты емханадан тексеруден өту қажет. Келесі кезекте емхана меңгерушісі мен учаскелік дәрігер ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдайды. Ата-ананың таңдауы және таңдалған стационарда тиісті бейін бойынша бос төсектердің болуы ескеріле отырып, пациент Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі «Емдеуге жатқызу бюросы порталына» тіркеледі.

Ата-ананың қолына жоспарлы емдеуге жатқызу коды көрсетілген талон беріледі. Талон арқылы «Емдеуге жатқызу бюросы порталынан» жоспарлы емдеуге жатқызу кезегі мен стационарда бос төсектің болуын бақылауға болады. Деректер құпия болып табылады.

Порталға өтінім тіркелгеннен кейін екі күннің ішінде стационар жоспарлы емдеуге жатқызу уақытын анықтайды және жолдама береді.

Стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде келесі құжаттардың болуы талап етіледі:

  • Жеке куәлік;
  • Диагнозы қойылған, медициналық көрсеткіші бар аурухананың көшірме қағазы мен талдау нәтижелері;
  • Жоспарлы емдеуге жатқызу талоны;
  • Жоспарлы емдеуге жіберген емдеу мекемесі басшысының қолы мен мөрі бар жолдама.

Көрсетілген құжаттар толық болмаған жағдайда стационар жоспарлы емдеуге жатқызудан бас тартуға құқылы.

 

МӘМС жүйесінің енгізілуімен сал ауруына шалдыққан балаларға қызмет көрсету алгоритмі қалай өзгереді?

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін іске қосу жоспарлануда. Жүйеге ену міндетті саналады. Әрбір азамат Медициналық сақтандыру қорына белгіленген мөлшердегі (санатына байланысты) сақтандыру жарнасын төлеуі тиіс.

№1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы мамандары МӘМС жүйесінің енгізілуімен сал ауруына шалдыққан балаларға қызмет көрсету алгоритмі өзгермейтінін атап өтті. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен стационарлық көмек көлемі еш өзгеріссіз қалады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санаттағы азаматтар бар. Сал ауруына шалдыққан балалар осы 15 категорияның қатарына жатады, сондықтан медициналық көмек тегін көрсетіледі. Ауруханаға қабылдау шарттары да өзгеріссіз қалады. Яғни науқас тұрғылықты мекенжайына қарасты емханада қажетті медициналық талдауларды тапсырып, «Емдеуге жатқызу бюросы порталы» арқылы көмектің кепілдік берілген көлемін алады», — деді №1 КҚБА бас дәрігерінің орынбасары Д. Қожекенов.

 

Церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарына қандай көмек көрсетіледі?

Балалары бар отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Алайда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы Заңға сәйкес және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мүмкіндіктері шектеулі балалар мүгедектігі үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Жәрдемақы көлемі мүгедектік тобы мен себептеріне, сондай-ақ күнкөріс минимумының мөлшеріне байланысты белгіленеді. 

Айта кету керек, олардың мөлшері 2016 жылы екі рет артты. Сонымен, күнкөріс деңгейінің 7%-ға өзгеруіне байланысты жыл сайынғы өсімге қосымша ретінде, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша 25%-ға ұлғайтылды.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған жәрдемақылар көлемі күнкөріс минимумы көлемінің өзгеруіне байланысты 7 пайызға өсті. 

2018 жылғы 1 қаңтарда мүгедектерге жәрдемақы көлемі айтарлықтай өсті. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымын қайта қарау нәтижелері бойынша оның көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 16%-ға дейін өсті, бұл, сәйкесінше, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің артуына әкелді.

Ағымдағы жылдың басынан бері мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері тағы 5%-ға көбейтілді.

Кәмелеттік жасқа толғанға дейін мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен асырап алушыларға 2010 жылдан бастап минималды еңбекақының 1,05 мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жыл басынан бері 84,8 мың адам 30,6 млрд теңге көлемінде осындай жәрдемақы алды. Оның мөлшері 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 41 578 теңгені құрайды.

2019 жылғы 1 шілдеден бастап бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді күту бойынша жәрдемақы тағайындалды. Оның көлемі — 41 578 теңге. Жәрдемақы тағайындалған сәттен бастап оны 4,9 млрд теңге сомасына 13,6 мың адам алды. 

Ерекше қажеттіліктері бар балалар тең құқыққа ие: оңалту үшін мемлекет тарапынан ұсынылатын көмекке, дербес оңалту бағдарламасын әзірлеп, іске асыруға, әлеуметтенуге, қарапайым өмір жағдайларына әлеуметтік бейімделуге және әлеуметтік интеграцияға, әлеуметтік қызмет алуға; қарапайым және арнайы білім беру мекемелерінде тәрбиеленіп, білім алуға, денсаулығын қорғауға құқылы. 

Мүмкіндігі шектеулі бала үшін оңалту әлеуетіне сәйкес дербес оңалту бағдарламасы әзірленеді, онда ағзаның функцияларын қалпына келтіруге бағытталған медициналық, әлеуметтік, кәсіптік оңалту шаралары қамтылады.

Дербес оңалту бағдарламасы негізінде мүмкіндігі шектеулі жандар бекітілген тізім мен тәртіпке сәйкес протез-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмек құралдарымен, арнайы қозғалыс құралдарымен, санаторий-курорттық емдеумен қамтылады.

ҚР ЕХӘҚМ-де техникалық көмек құралдары мен арнайы қозғалу құралдарының тізімін ұлғайту бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп жатқаны хабарланды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде көру қабілеті бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларға, Брайль қарпінің дыбыспен істейтін өзі үйреткіші, Брайль жиылмалы әліпбиі, көру қабілеті нашар адамдарға арналған жіп кіргізгіштер, тігін инелері беріледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атап өтілгендей, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасында 2025 жылға қарай Қазақстанда әлеуметтік қолайсыздықты болдырмауға бағытталған әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік көмек көрсетудің интеграцияланған моделі құрылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу