ШОБ, өнеркәсіп және әлеуметтік қолдау – 2021 жылдың 11 айында Шымкент қаласы қалай дамыды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында республика, оның ішінде Шымкент қаласы қарқынды дамыды.

Соңғы 30 жылда Шымкент қаласындағы халық саны 400 мың адамнан 1 млн жетті. 1991 жылы қалада 72 мектеп болса, бүгінде 202 мектеп өскелең ұрпаққа білім беруде. Тәуелсіздік алған тұста 68 мың оқушы болса, қазіргі таңда 250 мыңнан аса оқушы бар.

Мәдениет нысандарының саны 52-ден 120-ға жетіп, спорт нысандары 337-ден 900-ге көбейді.

90 жылдары қалада 27 денсаулық сақтау нысаны болса, қазір 110-ға жетті. 30 жылда Шымкент тұрғындарының орташа жасы 63,9 жастан 71 жасқа артқан.

Осы жылдар ішінде қалада өнеркәсіп өнім көлемі 10 млрд теңгеден 670 млрд теңгеге артты. Қала бюджеті 1 млрд теңгеден бүгінгі күнде 497 млрд теңгеге өскен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жетістіктерді еселей түсу үшін басты бағыттарды белгілеп берді. Президенттің тапсырмаларын орындау үшін қаланың бес жылдық даму жоспары әзірленді», — деді М. Әйтенов.

Биыл 11 айда өнеркәсіп өнімдері көлемінің индексі 6,3%-ға, инвестиция көлемі 55%-ға, құрылыс жұмыстары 9,6%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 63,6%-ға, бөлшек сауда көлемі 9,8%-ға артты.

«Бұл жәй ғана сан емес, оның артында қаланың тыныс-тіршілігі, тұрғындардың ахуалына тікелей әсер ететін шаруалар жатыр. Сондықтан, әрбір ісімізді соңына дейін жеткізіп, халық оның игілігін көру қажет», — деді қала әкімі.

 

Өнеркәсіп саласында есепті кезеңде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды

Экономиканың нақты секторына келетін болсақ, өнеркәсіп саласында есепті кезеңде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жаңа он кәсіпорын іске қосылды.

«Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай қалада жаңадан екі индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды», — деп хабарлады М. Әйтенов.

Біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Аймақта шамамен 200 млрд теңгеге 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд теңгеге 25 инвестициялық жоба пулы жасақталды.

Екіншісі «Стандарт» индустриалды аймағы. Ол шағын және орта бизнес субъектілерін шоғырландырады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Мұнда 180 млрд теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады.

Нәтижесінде шикізаттық емес экспорт көлемін 2021 жылғы $450 млн, 2025 жылы $700 млн жеткізу немесе 1,5 есеге ұлғайту көзделген.

  • Шикізаттық емес секторда бес жылда 608 млрд теңгеге жаңадан 62 жоба іске асады;

  • Жеңіл, фармацевтика, тамақ, химия, машина жасау өнеркәсіп салаларында жаңадан 30 өнім түрлері экспортталады;

  • Өнім шығару географиясы қазіргі 15 елден 2025 жылы 25 елге жеткізіледі.

 

Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 2,6 млрд теңгеге субсидия бөлінді

Ауыл шаруашылық саласында биыл 29 мың га егістік егіліп, 85 мың тонна өнім жиналды. Саланы қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 133 кәсіпкерге 2,6 млрд теңгеге субсидия бөлінді.

Есепті кезеңде 14 млрд теңгеге 24 жоба іске қосылып, 336-ден астам жұмыс орны ашылды.

«Президент өз Жолдауында агроөндірісте қордаланған мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Бұл бағытта екі бірдей агроиндустриялды аймақ ашуды қолға алдық», — деді әкім.

Біріншісі, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталды. Мұнда құны 23 млрд теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады.

Екіншісі, 198 гектарға заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері аймағы құрылады. Мұнда 8,2 млрд теңгеге 241 жұмыс орнымен 6 жоба іске асады. Нәтижесінде алдағы бес жылда ауылшаруашылық өнім көлемін екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы ұсақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың көтерме-тарату орталықтар жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қалада 90 мың шаршы метр құрайтын алты климаттық заманауи қойма бар, қосымша сауда-логистика аймағында төрт жаңа қойманың құрылысы жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме бағамен өткізу мақсатында бір көтерме-тарату орталығы салынады. Одан бөлек мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылға жергілікті бюджеттен жем-шөп шығындарын арзандатуға 248,0 млн теңге қаржы бөлінді.

Қалаға инвестиция тарту мақсатында бес жылдық жоспар бойынша 2,6 трлн теңгеге 282 жобаны іске асырып, 20 мың жұмыс орнын құру қажет.

Биыл 11 айда қалаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға артып, 392,4 млрд теңгеден асты.

«Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлуде. Атап айтқанда шағын және орта кәсіпкерліктің тиімділігін арттыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін бір жылға ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік», — деді өз сөзінде қала әкімі. 

 

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 8,9 млрд теңге бөлінген

Қалада «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 8,9 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Бағдарлама шеңберінде 7,8 млрд теңгеге 1 946 жобаға қолдау көрсетілді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2021 жылға 2,9 млрд теңге бөлінді.

Бүгінгі күнге құны 57,8 млрд теңгені құрайтын 70 жобаға 2,5 млрд теңгеге қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар «Мен кәсіпкер боламын» жобасымен әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жергілікті іс-шара жоспары іске асырылып жатыр. Аталған іс-шара аясында 10 млн теңгеге дейін 1%-дық шағын несиелер беру қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млрд теңгеге 70 жоба қаржыландырылды.

Қалада кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы (фронт-офис) құрылған. Мұнда кәсіпкерлер бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап жобаны пайдалануға беруге дейін, оның ішінде барлық рұқсат беру құжаттарын қаржыландыру және рәсімдеу бойынша сүйемелдеумен бірге қызмет көрсетеді. Бүгінге фронт-кеңсенің қызметіне 34 мыңнан астам азамат жүгінді.

Сонымен қатар ағымдағы жылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent – Atameken» микроқаржы ұйымы құрылды.

 

Шымкент қаласының бюджеті бір жыл ішінде 109 млрд теңгеге ұлғайды

«Қала бюджетіне келетін болсақ, мегаполис болғалы бюджет көлемі төрт есеге артты. Осы жылдың басында бекітілген бюджет 388 млрд теңге болса, қазір 497 млрд теңгеге жетті немесе бір жылдың ішінде 109 млрд теңгеге ұлғайды», — деп хабарлады М. Әйтенов.

Оның 45%-ы әлеуметтік салаға бағытталса, 25%-ы даму жобаларына бөлініп отыр. Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қаладағы біршама өзекті мәселе шешімін тапты.

Президент атап өткендей, бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Халық қатысатын бюджет» жобасы жақсы тәжірибеге айналды. Енді абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халықтың қатысатын» үлесін 10 есеге арттыру тапсырылды.

«Бүгінге қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру аясында 66 жобаға 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған жұмыстар келесі жылы да өз жалғасын табады», — деп толықтырды мегаполис әкімі.

 

2025 жылға дейін Шымкент қаласынада 101 мектеп салынады

Президент өз Жолдауында ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыруды, 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. Тапсырма аясында Шымкент қаласында 101 мектеп салынады.

Биыл 32 мектептің құрылысы жүріп, 11 764 орындық 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп, 14 үш ауысымды мектептер саны 9-ға дейін азайды.

2025 жылы қалада үш ауысымды және мектебі жоқ шағына удандар мәселесі де толығымен шешіледі. Сонымен бірге қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы басталды.

 

Денсаулық сақтау саласында қызмет сапасын арттыру қолға алынды

Жолдауда Президент медицина саласының инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды. Бұл бағытта соңғы екі жылда медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 71,5%-дан 81%-ға жетеді.

Одан бөлек, мемлекеттік медициналық ұйымдар 100% жаңа компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ жеке инвесторлардың есебінен бес медицина және ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылады. Қазіргі таңда екі емхана құрылысы, № ауруханадағы трансплантация орталығын жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл 1000 орындық клиниканың құрылысын бастау үшін жергілікті бюджеттен инженерлік инфрақұрылымын тартуға 835 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

 

Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту 

Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту. Есепті кезеңде «Еңбек» бағдарламасымен 32 мыңнан астам адам қамтылды.

Сонымен бірге экономика салаларында 24 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осының есебінен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны жыл басындағы 36 мыңнан 11 мыңға дейін азайды.

Биыл мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді.

Одан бөлек, сегіз үкіметтік емес ұйым арқылы екі мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат арнаулы әлеуметтік шаралармен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету мақсатында «Тең қоғам», көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Бақытты жанұя» орталықтары ашылды.

Мәдениет саласында кітап оқырмандарына жағдай жасау үшін 9 кітапхана жаңғыртылды. «Шым қала» тарихи мәдени кешені ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқушыларға қосымша білім беру үшін алты мың бала тегін мәдени үйірмелермен қамтылды.

«Мемлекет басшысы жастар спортпен шұғылдану үшін барынша жағдай жасауды тапсырды. Осы мақсатта биыл 115 ойын және спорт алаңшасы салынып жатыр. Спорттың 14 түрі бойынша он мыңға жуық бала тегін спорттық секциялармен қамтылды», — деді әкімі.

Мектеп оқушылары арасында Жастар лигасы өткізіліп, спорттың төрт түрінен сегіз мыңнан астам оқушы қатысты.

«Жазғы Олимпиада ойындарында екі спортшымыз қола жүлдегер атанса, бір спортшымыз бокстан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Қаламызда спорт инфрақұрлымын дамыту мақсатында үш нысанның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионын реконструкциялау, №12 спорт мектебі ғимаратына қосымша құрлыс және жеке инвестор есебінен «заманауи ипподром» салу жұмыстары жүргізілуде», — деп баяндады М. Әйтенов.

Тұрғын үй құрылысы

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1,6 млн шаршы метр құрайтын 14 551 пәтерлі 275 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл 6 503 пәтерлі 114 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осының есебінен қалада жалпы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 1 миллион шаршы метрге жеткізу көзделген.

Сонымен бірге баспана кезегінде тұрған азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде 400 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Қала тұрғындарының ұсынысы бойынша 11 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу, 25 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Бес жыл ішінде қала халқы 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі

Қазіргі таңда қала тұрғындарын толғандыратын мәселенің бірі — ауыз сумен қамту. Бес жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінгі күнге Шымкентте бес елді мекен кестемен, жеті елді мекен тасымалды ауыз сумен қамтылған. Биыл 16 млрд теңгеге су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 25 мыңнан астам адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз су мәселесі толық шешіледі.

«Кәріз жүйесіне келетін болсақ, 63 елді мекен кәрізбен қамтылмаған. Қолданыстағы шайынды су тазарту кешенінің қуаты жеткіліксіз. Осы жылы бұл бағытқа 6,5 млрд теңге қаралды. Нәтижесінде кәріз жүйесімен қамту деңгейі 52%-дан 54%-ға жетеді. Даму жоспары бойынша 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 75%ға жетпек», — деді М. Әйтенов.

 

Қаланы газдандыру және халықты сапалы электрмен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешіледі

16 елді мекенде электр энергиясының сапасы төмен. Биыл осы салада 9,8 млрд теңгеге 19 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қамту деңгейі 95%-дан 97%-ға жетеді. Халықты сапалы электрмен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешіледі.

33 елді мекен газбен жартылай қамтылған, қуаты жеткіліксіз. Биыл газбен қамту бойынша 5,9 млрд теңгеге 18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Осының есебінен газбен қамтылмаған елді мекендерге газ тарату мүмкіндігі пайда болады. Келесі жылдың басында №3 автоматтандырылған газ тарату жүйесі пайдалануға беріледі. Қаланы газдандыру мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі.

Келесі мәселе – түнгі жарықтандыру. Қалада 747 әлеуметтік маңызы бар көшенің 220-сы жарықтандырылған. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 71 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде жарықтандыру деңгейі 29%-дан 43%-ға жетеді. 2025 жылы 75%-ға жеткізу көзделген.

Қалада көлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар ірі жобаның құрылысы жүріп жатыр. Үстіміздегі жылы 182 нысан немесе 310 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көлік кептелістерін болдырмау мақсатында ірі жолайрықтың құрылысы аяқталып, айналма жолдарды салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар қаладан шығатын барлық бағытты қамтып, заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілетін жоғарылатады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2021 жылғы 63%-дан 2025 жылы 79%-зға жетеді.

Сонымен бірге әуе көлігі жолаушыларына ыңғайлы жағдай жасау үшін Елбасының тапсырмасына сәйкес әуежайдағы жаңа терминалдың құрылысы жүргізілуде Нәтижесіде жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға дейін өседі.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл жаңадан 3 177 бейнебақылау камерасы орнатылды. Нәтижесінде қала аумағын шолу үш есеге артты. Бұл да қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Қазірдің өзінде бірқатар көрсеткіштің жақсарғанын көріп отырмыз. Осы жылдың 11 айында жалпы қылмыстардың саны 6%-ға азайды», — деді қала әкімі.

Сондай-ақ халық тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 100 мобильді полиция бекетін салу жоспарланған. Қазіргі таңда жеті мобильді бекеттің құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізіледі.

 

Шымкент қаласын бес жылдық көгалдандыру жоспары әзірленді

Қаланы көгалдандыру бағытында биыл бір саябақ пайдалануға берілді. Қаланың бес жылдық көгалдандыру жоспары әзірленіп, есепті кезеңде 300 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

«Қаланың атмосфералық ауасының жай-күйі жөнінде халықты хабардар ету үшін арнайы датчиктер орнатылып, LED-экран арқылы тұрғындарға жарияланып тұрады», — деп түйіндеді Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу