«Ұлттық рухани жаңғыру». Аида Балаева ұлттық жобаның негізгі бағыттары туралы баяндады

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ОКҚ өткен брифингте «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары туралы баяндады. 

Биылғы 13 қазанда Мемлекет басшысы Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның ішінде, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш және 66 ауқымды іс-шарадан тұрады.

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді.

«Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Осы мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделіп отыр.

Бірінші бағыт – Тұңғыш Президент – Елбасының бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан «Рухани жаңғыру» құндылықтарын одан әрі ілгерілету. Мұнда мемлекеттік тілді дамыту міндеті жекелей белгіленген.

Жалпы, аталған блок бойынша 38 жобаны іске асыру жоспарланған, олардың түпкі мақсаты – ұлттың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту.

«Бұл бағыттың екінші маңызды міндеті – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Өйткені, “ұлтты сақтау” дегеніміздің өзі – тілді сақтап, дамыту екені белгілі. Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашақта ұлтаралық тілге айналатынына сенім білдіргенін білесіздер. Оған бүгінде барлық негіз бар. Мемлекеттік тілге деген қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл – уақыт талабы», — деді А. Балаева.

Бұл мәселеде бірқатар ауқымды жобалар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық АТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар.

Бір сөзбен айтқанда, мақсат – қоғамдағы қазақ тілді ортаны барынша кейейту, оны тұрмыста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру.

Екінші бағыт «Ел рухы» деп аталады және мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық өнімдерді, оның ішінде шет елдерде ілгерілету бойынша шаралар кешенін қамтиды. 

Ол үшін 2025 жылға қарай 5 нақты нәтижеге қол жеткізе отырып, 13 ірі іс-шараны орындау көзделген. 

 Атап айтқанда:

  • инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени объектілерді салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5%-ын мәдениет саласы қызметтерімен қамту. Жалпы, мәдениет нысандарына бару санын екі есеге, ал халықтың мәдениет саласындағы қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін 75%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Осы мақсаттар үшін 250 жаңа мәдениет объектісі салынады және жұмыс істеп тұрған 1200 мәдениет объектісі күрделі жөндеуден өтеді;

  • елдің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімді толықтыру жүйесі құрылады, оның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25%-ға дейін арттыру, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің базасында шамамен 40 анимациялық фильм шығару көзделген, ол да жаңадан құрылатын болады. Сондай-ақ үлкен шығармашылық келешегі бар талантты тұлғалардың 150 жобасын қолдау.

«Е-culture.kz» бірыңғай электрондық платформа жобасын жеке атап өткен жөн, ол отандық мәдениеттің барлық жетістіктеріне онлайн түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, әлемнің кез келген нүктесінен үйден шықпай-ақ, біздің музейлер мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерге баруға болады», — деді А. Балаева.

Үшінші бағыт – «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және еліміздің жастарына арналады.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған балалар 29-30 жасқа келіп жатыр. Сөз жоқ, бұл жастар – егемен елдің төл ұрпағы ғана емес, болашақ үміті, ертеңгі иесі. Сондықтан оларды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы Жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды», — деді министр.

Атап айтқанда 2025 жылға дейін: 

  • жастардың базалық сұраныстарын шешу шараларын іске асыру. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету; 

  • жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

  • жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу.

Бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке жететін боламыз. 

Нәтижесінде, қамтамасыз етіледі:

  • кемінде 800 мың жасты тұрғын үй жинақ жүйесімен қамту;

  • 1 млн адамға дейін жастарды әлеуметтік қызметтерімен қамту;

  • барлық бағдарламалар бойынша жас отбасылар үшін займ үлесін 25-ке дейін ұлғайту;

  • 1,5 млн жасты бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамту.

«Бұл ретте NEET санаты деп аталатын жастарды қолдау жөніндегі шараларға ерекше назар аударғым келеді, онда біз жұмыспен қамтылмаған жастардың санын 5%-ға дейін төмендетудің нақты міндетін қоямыз. Осылайша, 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін артады. Бұл ұлттық жоба аясында жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың негізгі бағыттары ғана. Мен айтып өткендей, оны жүзеге асыру үшін үш министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіледі», — деді А. Балаева.

Журналистің ұлттық жобаның министрлік іске асырып жатқан басқа мемлекеттік бағдарламалардан айырмашылығы неде деген сұрағына жауап бере отырып, Аида Балаева басты айырмашылығы қойылған міндеттерді іске асыру формасында екенін атап өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласына 4 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол мемлекеттік бағдарлама ретінде бекітілмеген. Оның іске асырылуын Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия бақылап отырды. Іс жүзінде осы комиссияның барлық тапсырмалары орындалды және ол осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге ықпал етті. Бұл өз алдына нақты мақсаттар қоятын тактикалық құжат болды. Біз бүгін айтқан ұлттық жоба – бұл нақты міндеттерден, нақты көрсеткіштерден тұратын стратегиялық құжат. Біз бұл көрсеткіштерге қалай жетуге болатынын білеміз. Біз жобаны іске асыру қорытындысы бойынша қандай нәтижелерге қол жеткізетінімізді білеміз. Жобалар қайталанбайды, бір-бірін өзара толықтырады», — деді ол.

Келесі сұрақ латын әліпбиін бекіту мерзіміне қатысты болды. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев жауап берді.

«Ғалымдармен бірге латын әліпбиінің соңғы нұсқасын әзірледік. Жыл соңына дейін нақтыланады деп ойлаймын. Тілдік реформа аясында терминдерді, антропонимдерді және топонимдерді жазу жүйелендіріледі, кірме сөздер игеріледі, жазбаша норманы, фирмалық атауларды және т.б. жеңілдету қалыптастырылады», — деп атап өтті А. Қабаев.

Ол сондай-ақ қазіргі уақытта 31 әріптен тұратын әліпби жобасы әзірленгенін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу