Жыл қорытындысы: А. Райымқұлова мәдениет және спорт министрлігінің жұмыстары туралы баяндады

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрліктің атқарған жұмыстары туралы брифинг өткізді.

Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы өз сөзін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу кезеңінде Министрліктің атқарған жұмысынан бастады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтулы тарихи кезеңді мерекелеу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты, идеологиялық-мазмұнды және сапалы болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Жыл басынан 46 мыңға жуық қоғамдық маңызы бар, ауқымды, жаңа жобалар өткізілді», — деді А. Райымқұлова.

Жалпы республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес жобалар еліміздің 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктерімен байланыстырылып, әр ай өзінің тақырыптық атауымен өтті. Бірқатар іс-шаралар еліміз үшін маңызды мерекелік күндерге арналып ұйымдастырылды.

Анықтама: Жалпы республикалық іс-шаралар жоспары ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №966 қаулысымен бекітілген және 90 іс-шарадан тұрады. Мәдениет және спорт министрлігі 16 іс-шара бойынша жауапты орындаушы және 2 іс-шара бойынша бірлесіп орындаушы болып табылады.

Ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті. Оның аясында 150-ден астам спорттық-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар спорттық шаралар тек қана ақпан айымен ғана шектелмей жыл бойы да жалғасын тапты. Жалпы жыл басынан 500-ден астам спорттық шара өткізілді. Олардың барлығы салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, тәуелсіздік жылдары отандық спортшылардың жетістіктерін халыққа паш етуге бағытталды.

А. Райымқұлованың айтуынша, ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді насихаттау мақсатында наурыз айы «Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрі» ретінде белгіленді. Оның аясында түрлі форматтағы 1 000-нан астам іс-шара өтті. Барлық іс-шаралар ұлттық дәстүрлерімізді және мәдени бірегейлігімізді сақтауға, сондай-ақ қоғамның мәдени деңгейі мен рухын көтеруге бағытталды.

Алғыс айту, Көрісу күндері, Наурыз мейрамын мерекелеудің үздік дәстүрлерін жаңғырта отырып, қайырымдылық акциялар, шығармашылық концерттер, әр түрлі форматтағы жобалар ұйымдастырылды. Еліміздің театрларында ерекше назар ұлттық қойылымдарға аударылды.

Сонымен қатар шілденің бірінші жексенбісінде «Ұлттық домбыра күніне» орай QAZAQSTAN телеарнасында «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» мерекелік концерті ұйымдастырылды. Республикамыздың 17 өңірінен келген Тәуелсіздік құрдастарынан құралған 30 домбырашы күйден шашу шашты. Бұл шара қасиетті аспаптың беделін арттыруға, әсіресе, жастар арасында қасиетті домбыра аспабын насихаттауға үлкен ықпалын тигізді. «Елорда күні» қарсаңында мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен «Сәлем, Елорда!» фестивалі өткізілді.

Мәдениет және спорт министрі киелі туризмді дамыту және тарихи-мәдени объектілерге туристік қызығушылықты арттыру мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. 

«Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені ашылды, Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» атты өлкетану экскурсиясы ұйымдастырылды», — деді министр.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеудің соңғы кезеңі 15 қарашадан басталған «30 жұлдызды күн» жобасы болды. Бұл кезеңде республиканың барлық өңірлерінде бірқатар ауқымды мерейтойлық және салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Атақты балетмейстер Мариус Петипаның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» спектаклінің премьерасын қоюмен кәсіби хореографиялық оқу орындарының II Халықаралық фестивалінің ашылуы өтті.

Түркістан музыкалық-драма театры елордалық көрерменге Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Бөрте» спектаклін ұсынды. «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларында Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсының, «Ақшақар және жеті гном» және «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио» балетінің премьералары қойылды.

Биыл «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Боксер», «Конокрады. Дороги времени» және «Мұқағали» фильмдерінің премьералары өтті. Сонымен қатар «Астана» концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның «Жасай бер, Қазақ елі» атты шығармашылық кеші және «Астана Опера» театрында белгілі опера әншісі Мария Мудряктың «Сен үшін, менің Қазақстаным!» атты концерті ұйымдастырылды.

Сондай-ақ биыл 1 желтоқсанда Назарбаев орталығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тарихи тұлға тағылымы» атты салтанатты концерт өтті. «Qazaq kuresi» қауымдастығымен бірлесіп қазақ күресінен «Үздіктердің үздігі» республикалық турнирі өткізілді. Желтоқсанның бірінші онкүндігінде ересектер арасында шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионаты және парадзюдодан Азия және Океания елдерінің Ашық Чемпионаты өткізілді, оған Индонезия, Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Румыния, Ресей және Жапония спортшылары қатысты.

Қазақстандық патриотизмді және ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті нығайту, Абай, Әл-Фараби және Жамбылдың бай мұрасын насихаттау мақсатында, 6 желтоқсанда «Тәуелсіздік толғауы» XI республикалық жаңа өнер туындылары онлайн-конкурсының және «Елім менің» XVII республикалық патриоттық әндер онлайн-конкурсының финалы өтті.

«Сонымен қатар, жас таланттарды қолдау мақсатында классикалық музыка өнерін насихаттауға бағытталған Халықаралық балалар телевизиялық байқауы ұйымдастырылды. Өскелең ұрпаққа айтыс өнерін насихаттау, оның сапалы деңгейін одан әрі дамыту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясымен бірлесіп «Алтын домбыра» 10-шы республикалық ақындар айтысы өтті», — деп қосты министр.

15 желтоқсанда «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті. 16-18 желтоқсан аралығында Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» тарихи драмасының премьерасы қойылды.

18 желтоқсанда әлемнің үздік боксшыларының қатысуымен халықаралық дәрежеде өткен бокстың үлкен кешінде отандық боксшы Данияр Елеусінов үздік 15 боксшының қатарына кіретін, аргентиналық Хуан Эрнан Леалды жеңіп, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.

Биыл аты аңызға айналған қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай арнайы әзірленген кешенді жоспарға сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде 300-ге жуық ақпараттық-танымдық шаралар, тақырыптық кештер, 20 кітап-иллюстрациялық көрмесі, 70-ке жуық түрлі деңгейдегі спорттық жарыс, 10-ға жуық дөңгелек үстел мен семинарлар, «Жаһандық күш атасы – Қажымұқан» атты халықаралық онлайн конференциясы өтті.

Ақмола облысының Қажымұқан ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды, Нұр-Сұлтан қаласында «Жас батыр» спорт кешеніне «Қажымұқан» есімі беріліп, ескерткіш ашылды. «Қажымұқан» көркем фильмі түсірілді және «Күш атасы Қажымұқан» атты телевизиялық фильм-концерт өткізілді, сондай-ақ басқа да көптеген мәдени, спорттық және ақпараттық-имидждік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Биыл қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай еліміздің барлық өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ақынның рухына тағзым, шығармашылығына құрмет көрсетілуде. Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Мұқағали» поэтикалық драмасы, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Мен ұмытылмаймын!» лирикалық драмасы, М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық композициясы, «Хан тәңірі» халық театрында «Аққулар ұйықтағанда» спектаклі көрерменге тарту етілді.

Сондай-ақ республика аймақтарында «Мұқаңдардың жалғасы» кездесу кеші, «Есіңе мені алғайсың» атты концерт, «Жыр қанатында» атты көркемсөз оқу жобасы аясында «Өмірі өлеңмен өрілген» поэзия сағаты, мектеп оқушылары арасында «Жырлайды жүрек» атты онлайн-марафон өткізілді.

Бұған қоса, «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық байқауына этникалық ұлт студенттерінің орындауында мерейтой иесінің өлеңдері мен бейнеклиптері әзірленіп, «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты кітап және виртуалды көрмелер ұйымдастырылды. Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қор мен «Қазығұрт» баспасы бірлесіп дайындаған ақынның 10 томдық шығармалар жинағын Министрліктің қолдауымен биылғы жылдың соңына дейін басып шығару жоспарлануда.

Сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясы қазан айында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ақынның шығармашылығы мен өмір жолына арналған режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» атты толықметражды көркем фильмінің тусаукесерін өткізіп, бүгінгі күні кинотуынды еліміздің барлық кинотеатрларында жарыққа шықты. 

«Сондай-ақ осы жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналып телехикая түсірілуде. Телехикая жыл соңына қарай әзір болады. Биылғы жылдың 1 қазанында ақынның туған жері Нарынқол ауылында мерейтой иесінің құрметіне орай ескерткіш орнатылып, атына саябақ берілді», — деді мәдениет министрі. 

Мемлекеттік комиссия деңгейінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар бекітілді, оған сәйкес республикалық және өңірлік деңгейдегі көптеген мәдени-танымдық іс-шаралар жоспарға сәйкес түгел орындалды.

Министрлік Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына сәйкес 90-нан аса республикалық және өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітіп, толыққанды өткізді. Мерейтойдың бірыңғай символикасы бар брендбук дайындалды, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мерейтойлық пошта маркасының эскиздерін әзірледі, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі коллекциялық монеталарды шығарды, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Жамбыл өлеңдеріне арналған музыкалық туындыларды теміржол рейстерінде таратуды ұйымдастырды.

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан айтыскерлерінің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылды. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында композитор Әлқуат Қазақбаевтың «Жамбыл Жырау» операсының премьерасы өтті. Түркияда Жамбылдың өлеңдері түрік тіліне аударылып, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының тұсауы кесілді.

«Сондай-ақ Жамбылдың 175 жылдық мерейтойын қорытындылау аясында Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби мемориалды музейінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысының арнайы қатысуымен еліміздің бір топ шығармашыл жастарымен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов, көршілес Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы С. Касмамбетов және Қырғыз Республикасынан келген делегация жас ақын, жазушылармен кездесті. Жиынның қорытындысында Жамбыл Жабаевтың 30-томдық жинағының тұсауы кесілді», — деді А. Райымқұлова.

Жалпы, Ұлы даланың Гомеріне айналған ұлы ақынның мерейтойы біздің халқымыз үшін үлкен мәдени мерекеге, айтулы рухани оқиғаға айналды.

Өздеріңіз білетіндей ХХ ғасырдың саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыз үшін қасіретті кезең болды. Зұлмат жылдарда Қазақстанға Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады.

«Тәуелсіздіктің 30-жылдығы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия жұмысы аясында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекеттік архивтердегі жабық қорлардан ақпарат жинақтады. Қазіргі таңда Орталық мемлекеттік архивте сақталған құжаттардың заңды иелерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргінге байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілік толық орнатылады деген сенімдемін», — деп нақтылады министр.

Министрліктің Тәуелсіздіктің 30-жылдығын мерекелеу аясында атқарған жұмыстарының қорытындысы осындай болды.

Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова министрлік қызметінің негізгі бағыттары бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау барысы туралы қысқаша баяндап өтті.

Министрдің айтуынша, өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назарында тұр.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасау, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті. Осы тапсырманы орындау үшін мәдениет, спорт және дене шынықтыру мәселелері жөніндегі заңдарға түзетулер енгізілді. Оның шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі алғаш рет енгізілді.

Биылғы жылдың сәуір айында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру бойынша барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, арнайы Artsport.edu.kz порталы құрылды.

Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру 2021 жылғы 1 мамырдан басталды. Бүгінгі таңда 4 жастан 17 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер секциялар мен үйірмелерге тегін қатысады, оның ішінде спорт бойынша 150 мыңға жуық адам, шығармашылық бойынша – 133 мыңнан астам адам.

Сонымен қатар Nur Otan сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы шеңберінде 2025 жылға дейін тірек ауылдарды қамти отырып, балалар-жасөспірімдер (БЖК) және балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарының (БЖКҚ) санын 1000-ға дейін ұлғайту көзделген. Бүгінгі күні ел бойынша олардың нақты саны 760 бірлікке жетеді, оның ішінде 632 балалар-жасөспірімдер клубы және 128 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары.

«Жалпы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша республикада 127 763 спорт секциясы жұмыс істейді. Аталған секциялардағы балалар мен жасөспірімдердің 37,5%-ы немесе олардың жалпы санынан 1,5 млн бала қамтылған. Балалардың жалпы санының 33,4% немесе 1,3 млн 24 403 балалар үйірмесінде айналысады. Олардың саны Nur Otan партиясының жол картасы шеңберінде жыл сайын арттырылатын болады», — деп қосты ол.

Мемлекет басшысы «Кітап оқуға деген, кітап арқылы қоршаған әлемді тануға деген қызығушылық балалардың мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс. Кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, кітаптардың қызықты әлеміне жетелейтін орын болуы керек» деп атап өткен болатын. Осыған байланысты, 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Оның шеңберінде оқырмандарды кітапханаларға тарту және Қазақстан Республикасында оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспары бекітілді.

Балалар мен жасөспірімдер арасында оқу сауаттылығын арттыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында алғаш рет «Жас қаламгер» оқыту мектебі әлеуметтік жобасы «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпы ұлттық акциясы және т.б. шаралар өткізілді. Сонымен қатар, Nur Otan сайлауалды тұғырнамасы аясында 2025 жылға дейін еліміздің кітапхана қорын жыл сайын, оның ішінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін мемлекеттік тілде 10%-ға ұлғайту көзделген.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Дарынды балаларды жан-жақты қолдау қажет» деп тағы да атап өтті. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін Жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын ұсыну тапсырылды. Осыған байланысты Министрлік құрамына мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, мүдделі ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіретін тиісті жұмыс тобы құрылды. «Жаңа мәдениетті және оның талантты өкілдерін ілгерілетуге бағытталған іс жүзіндегі шаралар жоспары» жобасы әзірленді.

Анықтама: Бүгінгі күні Жоспар жобасы Үкіметте келісілуде. Жоспар жобасы 2021 жылғы 2 желтоқсанда № 14-02-02/КД -2061//659,2 ҚР ПМК-не жіберілді. Жоспарды ҚР ПМК келіскеннен кейін ҚР МСМ бекітеді.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, шығармашыл жастарды қолдау жоспарының жобасы аясында жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға ықпал ететін мәдениеттің түрлі бағыттары мен жанрларын дамытуға бағытталған республикалық, облыстық және халықаралық деңгейдегі 80-ге жуық іс-шара алдын ала жоспарланған.

Анықтама: Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша 47 іс-шараны іске асыру көзделген. Министрлік дәстүрлі негізде өткізетін халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдерді қамтитын 25 іс-шараны тікелей іске асыруды жоспарлап отыр. БҒМ-мен 3 іс-шара және АҚДМ-мен 1 іс-шараны іске асырады. 2 іс-шараны өзге ұйымдар іске асырады.

Сонымен қатар миниср балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ халық үшін мәдениет объектілерінің қолжетімділігін арттыру үшін жағдайлар тиісті инфрақұрылымды дамыту арқылы жасалатынын атап өтті.

«Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2021 жылдың соңына дейін республика бойынша 89 мәдениет объектісінің құрылысы, ал мәдениет объектілерін жөндеу шеңберінде 267 мәдениет объектілерін жөндеу жұмыстары аяқталады, жоспарлы көрсеткіш 26,5%-ға немесе 56 объектіге асыра орындалды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде мәдениет саласында 2021 жылы еліміздің 2 өңірінде 9 жобаны іске асыру көзделген.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2021 жылы еліміздің 12 өңірінде ауылдағы мәдениет объектілерін салу, күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша 64 жобаны іске асыру көзделген.

Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра объектілерінің инфрақұрылымы дамуда. Биыл «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталды, «Ұлытау» музей-қорығының визит-орталығының аумағы толық абаттандырылды, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тарихи аумағын абаттандыру аяқталуда.

«2021 жылы "Сарайшық", "Гаухар ана" және "Ордабасы" визит-орталықтарының құрылысы басталды, "Сауран" визит-орталығының құрылысы бастау сатысында, сондай-ақ "Бозоқ" қалашығының ортағасырлық сәулет стиліндегі қоршауының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, Бішкек қаласында Абай Құнанбаев ескерткішін салуға жобалық сметалық құжат әзірленді. "Есік" визит-орталығының құрылысына жобалық сметалық құжат бойынша мемлекеттік сараптама жүргізілді», — деді Ақтоты Райымқұлова.

2021 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау бойынша бағалау нормативтері алғаш рет бекітілді. Оның арқасында ғылыми-реставрациялау жұмыстарының ерекшелігін ескере отырып, бағалау енгізілді.

2021 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде 5 бағыт бойынша 45 тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүзеге асырылды, оның ішінде:

  1. 21 республикалық тарих және мәдениет ескерткішінде;

  2. Әзірет Сұлтан музей-қорығының 9 нысанында;

  3. Отырар оазисінің 10 объектісінде;

  4. Жамбыл Жабаев музей-үйіндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары және музейфикациялау;

  5. Мұхтар Әуезов музей-үйі мен оның әкімшілік ғимаратында ғылыми-реставрациялық жұмыстары.

«Түркістан қаласын дамыту еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау жөніндегі ең ауқымды жоба деп атауға болады. Биыл түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан ресми түрде Түркі әлемінің рухани астанасы болып танылғанын атап өткім келеді», — деді мәдениет және спорт министрі.

Қазіргі таңда Түркістанның тарихи орталығында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы, Түркістан қалашығын қалпына келтіру, консервациялау және реставрациялау жұмыстарымен 88,7 га аумақтағы 9 объект қамтылды, оның ішінде 4 тарихи-мәдени объектіде (үлкен Қылует, Мусаляқақпа, Такияқақпа, Жетіатақақпа) жұмыстар аяқталды және 5 объектіде (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Дарбазақақпа, Әбілмәмбет хан ордасы, магистральная көшесі) жұмыстар жалғасуда.

Сонымен қатар Түркістанның ең алғашқы қалалық қоныстарының бірі – Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру бойынша жан-жақты зерттеулер жүргізілуде.

2021 жылы карантиндік шараларға қарамастан «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында жұмыстар жалғастырылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында ескерткіштерде 60 археологиялық жұмыс жүргізілді, бұл жоспарланған көрсеткіштен 50%-ға артық. Сонымен қатар 29 тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. 13 ғылыми археологиялық және қолданбалы зерттеулер іске асырылды, олардың саласының деңгейі Ұлттық ғылыми кеңеспен оң бағаланды.

Қазіргі уақытта Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен бірлесіп Қазақстанның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету бойынша номинациялық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстан аумағына Сауран, ЖетіАсар (АлтынАсар), Жанкент, Сығанақ, Отырар, Күлтөбе-Яссы (Түркістан) объектілері кіреді. 

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында 20 іс-шара өткізілді.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 22 желтоқсан «Архивші күні» болып жарияланды, алғаш рет «Архив саласының үздігі» ведомстволық наградасы тағайындалды. Биыл архив саласының 140-тан астам қызметкерлері мен ардагерлері ведомстволық төсбелгімен марапатталды.

Министрдің айтуынша, биылғы жылы еліміздің архив ісі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында алғаш рет өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде.

«Бүгінгі таңда еліміздің архив саласында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың тікелей қатысуымен кейінгі ұрпақ үшін архивтік құжаттардың сақталуын қамтамасыз етілуде, сондай-ақ Ұлттық архив қорын Қазақстан тарихы жөніндегі жаңа құжаттармен толықтырылуда», — деді министр.

Архивтердің қоғамдық, мемлекеттік және мәдени құндылықтарын сақтаудағы ерекше маңыздылығын атап өткен жөн. Архивтік құжаттар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады. Бүгінгі таңда біздің еліміздің архивтары мемлекеттің ең бай ақпараттық ресурстары болып табылады және ғасырлар бойы қоғамға қызмет етіп келеді. Биыл мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің негізгі процестерін автоматтандыру, сондай-ақ архив ісі саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында «Электрондық құжаттардың бірыңғай архиві» («Е-Архив») ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Бүгінгі таңда Е-Архивқа 1574 ұйым қосылған. Бұл шара цифрлық жеткізгіштердегі құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, электрондық картотеканы құруға, қағаз түпнұсқалардың өмірін ұзартуға, Ұлттық архив қорының құжаттарын жедел іздестіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік архивтар жұмысының тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.

Бүгінгі таңда архивистердің тікелей қатысуымен архивтік құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Сондықтан архив ісі саласындағы қызметкерлерді даярлауға көп көңіл бөлінуде. 2021 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивтарының базасында алғаш рет мемлекеттік және ведомстволық Архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығы ашылды. Мұнда сала қызметкерлері реставратор, ғылыми-техникалық және аудиовизуалды құжаттаманы өңдеу және т.б. мамандықтар бойынша оқытудан өтетін болады.

Сонымен қатар А. Райымқұлова министрліктің негізгі бағыттарының бірі бұқаралық спортты одан әрі дамыту және әлемдік аренада жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне тоқталып өтті.

Кәсіби спорт клубтарын ұстауға жұмсалатын қаражат бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағытталатын болады. Кәсіби спорт клубтарын ұстауға бөлінетін қаражатты қайта бағдарлау мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдер әзірленді. Осылайша, бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор есебінен 2 млн теңгеден аспайтын мөлшерде спортшының жалақысының рұқсат етілген ең жоғары мөлшері анықталды. 

Кәсіби ойын спорт клубтарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаржы қаражатының шекті сомасы:

- футбол мен шайбалы хоккей үшін 1,2 млрд теңгеден артық емес;

- қалған ойын түрлері үшін 450 млн теңгеден артық емес.

Бүгінгі күні қолданыстағы 98 спорт клубын қаржыландырудың жалпы мөлшері 55,5 млрд теңгені құрады. Қабылданған шаралар нәтижесінде 18,1 млрд теңге үнемделдіп, олардың 24,4% инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, 27,5% мемлекеттік спорттық тапсырысқа және 48,1% спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бөлінді.

Анықтама: Барлығы 98 кәсіби спорт клубтары, оның ішінде классикалық және жағажай волейболы – 29, футбол – 25, баскетбол – 14, шайбалы хоккей – 11, гандбол – 7, регби – 4, су добы – 3, көгалдағы хоккей – 2, допты хоккей – 1, велосипед спорты – 1 және жеңіл атлетика – 1.

Әрине, бұқаралық спортты дамыту халықтың барлық топтары үшін қажетті және қолжетімді спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл үшін Министрлік биыл жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңа объектілер салуды, жұмыс істеп тұрғандарын, оның ішінде білім беру орындарының базасындағы объектілерді реконструкциялауды жаңғыртуды және жете жарақтандыруды қамтитын спорттық инфрақұрылымды дамытудың график-жоспар жобасын әзірледі. Бүгінгі таңда Жоспар-кесте жобасына 233 спорт нысаны енгізілген, оның ішінде 199 жаңа объекті құрылысы, 28-і қайта жаңартылып, жаңғыртылады, 6-ы толық жарақтандырылады. Қазіргі уақытта осы жобаларды жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді ҚР МСМ басшысы.

Анықтама: Қазіргі уақытта спорт инфрақұрылымын дамытудың Жоспар-кестесінің жобасы жергілікті атқарушы органдардың келісуінде (а.ж. 14 қазандағы № 14-06-15/3420-и хатымен жіберілген).

2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 590 жабық спорт кешені бар, оның 125-і мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін дене шынықтырумен және спортпен айналысуға бейімделген. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесі 13,2%-ды құрады.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету және қажеттілікті азайту мақсатында бюджеті төмен жабық спорт объектілері мен тегіс ғимараттар салуды, оның ішінде ауылдық елді мекендердегі объектілерге қосымша шаралар қабылдайтын болады. Бұл спорттық ғимараттар спорттық ядролар түрінде болады және олардың ұстау жергілікті бюджеттерге ауыртпашылық түсірмейді.

Жобалық-сметалық құжатты әзірлеуді талап етпейтін спорттық өзек түріндегі жазықтық құрылыстың эскиздік жобасы әзірленді және оған ашық футбол алаңы, баскетбол мен волейболға арналған аралас алаңдар, 1-4, 5-6 сыныптарға арналған спорттық-дамыту алаңдары, гимнастикалық алаңдар, ұзындыққа секіруге арналған орындар, үстел теннисіне арналған алаңдар, шағын футбол кіреді. Спорт ғимараттарына қажеттілікті қысқарту дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесін 2025 жылы 33,8%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2021 жылдан бастап алғаш рет заңнамалық деңгейде спорт нұсқаушылары лауазымы жергілікті атқарушы органдардың штаттық кестесіне енгізілді.

Бүгінгі күні Nur Otan сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде спорт саласында 3064 нұсқаушы жұмыс істейді, бұл жоспарланған көрсеткіштен 64 адамға артық. 2025 жылға дейін олардың саны 3561-ге дейін артады, осылайша елдің барлық ауылдық елді мекендерін қамту жоспарлануда.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында басталған 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешеннің құрылысы аяқталуда. 2019 жылы 24 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2020 жылы 35 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. 2021 жылы 43 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жоспарланған, оның 26-сы пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін 17 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы аяқталады.

Кәсіби спортты басқару жүйесін қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында (ЖҰЖ-ның 2021 жылғы 37-тармағы) Министрлік мынадай шаралар қабылдады.

Министрліктің бастамасымен «Спортты трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды, оның құрамына Парламент депутаттары, Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық паралимпиада комитетінің, спорт федерацияларының басшылары, Олимпиада чемпиондары, Әлем чемпиондары, танымал жаттықтырушылар, ұлттық компаниялардың басшылары және азаматтық қоғам көшбасшылары кірді.

Министрліктің кеңейтілген алқасы және жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша барлық спорт федерацияларының қатысуымен Ұлттық Олимпиада Комитетінің Бас Ассамблеясы өткізілді.

Аталған алаңдарда кәсіби спортты басқару жүйесін қайта қарау бойынша негізгі тәсілдер және жалпы спорт саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. 

Нәтижесінде дене шынықтыру және спорт саласын басқару жүйесін реформалау бойынша негізгі ұсыныстар әзірленді, атап айтқанда:

- жоғары спорттық нәтижелері үшін кемінде 20 жыл еңбек өтілі бар спортшылар (ҚР азаматтары болып табылатын Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшылар) мен олардың жаттықтырушыларына 24 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету мөлшерін арттыру. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, атап айтқанда, Ресейде спортшылар мен жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау 60 000 рубль мөлшерінде белгіленді, бұл шамамен 352 000 теңгені құрайды.

Анықтама: Бүгінгі күні материалдық қамтамасыз етуді 137 адам алады. Ай сайынғы жалпы сома – 10 071 144 теңгені, ал жылдық – 120 853 728 теңгені құрайды.

- спорттық жарыстарда қызмет көрсеткені үшін спорт төрешілеріне төлемақыны базалық лауазымдық жалақыдан 100%-ға дейін арттыру.

Бүгін, спорт жарыстарында бір күн қызмет көрсеткені үшін спорт төрешілеріне 1 239 теңгеден, ал халықаралық санаттағы төрешілерге 2 655 теңге төленеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде төрешіліктің 1 күніне орта есеппен 50 евро (25 250 теңге), Түркияда – 70 евро, Ресейде – 4 000 рубль төленеді.

- нұсқаушы-спортшы ретінде жалақы алатын спортшылардың штат санын 1000 адамнан 3000 бірлікке дейін ұлғайту. Бұл мәселе 1994 жылдан бері өзгеріссіз қалып келеді. Егер 1994 жылы спорттың 60 түрі бойынша Ұлттық штаттық командалар саны 1 000 адам болып бекітілген болса, 2021 жылы 138 спорт түріне 1 000 адам өзгеріссіз қалып отыр.

- «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №600 бұйрығына тиісті өзгерістер енгізу арқылы Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, Әлем чемпиондарын Ұлттық бірыңғай тестлеуді тапсырушы тұлғалар тізімінен алып тастау, сондай-ақ саладағы сұранысқа ие мамандықтар, оның ішінде спорттық медицина және менеджмент бойынша «Болашақ» Президенттік бағдарламасы бойынша квотаны ұлғайту.

Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің, ұлттық деңгейдегі Олимпиадалық даярлау орталықтары мен Өңірлік және қалалық деңгейдегі олимпиадалық резервті даярлау орталықтарының санын ұлғайту жолымен спорттық резервті даярлау бойынша жұмыстарды күшейту ұсынылды.

Сонымен қатар, спорт ұйымдарын оңтайландыруға жататын және мәдениет объектілеріне ұқсас заңнамалық деңгейде жекешелендіруге жататын объектілер тізімінен алып тастау ұсынылады.

Анықтама: 1991 жылдан бастап Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 33%-ға қысқарды (1991 жылы – 617 бірлік, 2020 жылы – 477 бірлік).

Спорт ғылымын дамыту және спортшыларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

Еліміздің 6 өңірінде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерін ашу қажет (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары).

Анықтама: Қытай аумағында спорт мәселелері бойынша 37 институт жұмыс істейді, АҚШ-та – 23, көптеген елдерде бүкіл ел бойынша филиалдары бар ғылыми құрылымдар жұмыс істейді. Жалпы, әлемнің 205 елінің 120-дан астам елінде спорт бойынша ғылыми институттар мен зертханалар бар.

Бұдан басқа, Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу бойынша жұмысты бастады. Өзгерістер уәкілетті органның спорт түрлері бойынша бюджет қаражатын бөлу бойынша бақылау-қадағалау функцияларын күшейтуге, спорт резервін даярлауға, мемлекетке тиесілі спорт объектілерін пайдаланудың тиімділігін бағалауға, сондай-ақ спорт резерві мен спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды даярлау кезінде жергілікті атқарушы органдар мен аккредиттелген спорт федерацияларының өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Әзірленген ұсыныстарды іске асыру отандық спортшыларға әлемдік спорт аренасында лайықты бәсекелесуге мүмкіндік береді деп санаймыз. Мәдениет, архив, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы шеңберінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50%, ал өңірлік ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларынан 35% көлемінде көтерілді», — деді министр.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғаятын болады.

Мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін лауазымдық жалақысына 1,75 коэффициенті сақталды.

Мәдениет ұйымында кәсіби қызметін тоқтатқан, кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі бар балет әртістеріне соңғы 3 жыл ішіндегі орташа жалақыдан 60% мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлемдер орнатылды.

Әдебиет пен өнер қайраткерлеріне, дарынды жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. 2021 жылы шығармашылық одақтарды қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 7 жобаны жүзеге асыру үшін 46, 6 млн теңгеге бөлінді.

Дене шынықтыру мұғалімдеріне мектептерде сабақтан тыс спорттық сабақтарды жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауда айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде 2022 жылдан бастап азаматтық қызметшілердің барлық санаттарының (А, В, С, D), оның ішінде мәдениет, архив ісі ұйымдарының қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін орта есеппен 20%-ға жыл сайын арттыру көзделген.

А. Райымқұлованың айтуынша, сала қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы «Ипотекалық ұйымы» АҚ арасында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамыту мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары үшін кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй сатып алу туралы келісімге қол қойылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Министрліктің мемлекеттік қызметкерлеріне Нұр-Сұлтан қаласынан 20 пәтер бөлінді.

Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлеріне Алматы қаласында 16 пәтер және Нұр – Сұлтан қаласында 50 пәтер бөлінді.

Ақтөбе облысында жастар мен мәдениет, өнер және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында Министрліктің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары үшін Қазақстан Ипотекалық Компаниясы бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен 38 бір бөлмелі пәтер бөлінді.

Елдің туристік саласын дамыту мақсатында туристік қызмет туралы Заңға түзетулер енгізілді. Онда тиісті туристік саланы қолдау шаралары көзделген: туроператорлар үшін субсидиялар, туристік объектілер мен Санитарлы-гигиеналық тораптар салу, туравтобустар сатып алу кезіндегі шығындарды өтеу және т.б. Өзгертулер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қабылданған шаралар туристік бизнеске де, қарапайым азаматтарға да пайдалы және ел ішіндегі демалысты қолжетімді және ыңғайлы етеді. Мысалы, Kids Go Free бағдарламасы бойынша отбасылық демалыс 30%-ға дейін арзан болады, ал жол бойындағы сервисті жетілдіруге бизнесті тарту туристік маршруттарды барынша ыңғайлы етеді.

«Ішкі туризм бүгінгі күні Қазақстанда басым бағыт болып табылады. Тек осы жылдың 9 айында біз 5,2 миллионнан астам ішкі туристерді тіркедік – бұл 2019 жылғы пандемияға дейінгі кезеңге қарағанда ұлғайған. Олардың шамамен бестен бірі ұлттық парктерге келуші болды. Бұл ішкі туризмге, әсіресе табиғи аумақтарда демалуға деген сұраныстың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Қонақ үй қорын дамыту және негізгі туристік дестинацияларда инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері тұрақты бақылауға алынған», — деді министр.

Инвестициялардың жалпы көлемі 3 трлн теңгені құрайтын 194 жеке инвестициялық жобалар пулы қалыптасты, оларды іске асыру 2021-2025 жылдарда көзделген. Бүгінгі таңда 2021 жылы жоспарланған 109 жобаның 82 жобасы 194,2 млрд теңгеге аяқталды. 2000 жұмыс орнын және 3274 төсек-орыны құрылды.

Олардың ішіндегі ең ірілері-Түркістан облысында 88 млрд теңге сомасына «Керуен Сарай» отбасылық ойын-сауық-сауда орталығы кешені, Маңғыстау облысында 47,7 млрд теңге сомасына тақырыптық парк, Байқоңыр қаласында Galaxy» қонақ үйі, Түркістан облысында 417 млн теңге сомасына «Etno Park Resort» этно-курорты, Шығыс Қазақстан облысында 400 млн теңге сомасына «Alazone Arena» мәдени-ойын-сауық кешені.

Туристік бағыттардың инвестициялық тартымдылығының маңызды факторы – инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі.

ҚР туристік саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2019-2021 жылдары 80 жобаны іске асыруға 126,1 млрд теңге мемлекеттік инвестициялар бөлінді, оның ішінде 2021 жылы 59,8 млрд теңге сомасына 39 жоба қаржыландырылды. Мәселен, шамамен 250 км автожол, 88 км нөсер кәрізі, 115 км сумен жабдықтау, 96 км электр беру желісі, 147 км газбен жабдықтау, 69 км кәріз желісі және ілеспе инфрақұрылымның басқа да жобалары салынып, реконструкцияланды.

Анықтама: 

Дестинация

Қаржыландырылған нысан саны

Бөлінген қаражат,

млрд тг

Алакөл (АО)

6

18,0

Алакөл (ШҚО)

7

9,0

ЩБКА

28

29,0

Туркістан

6

12,5

Маңғыстау

9

51,2

ИШКА

2

0,43

Баянаул

8

1,2

АГК

6

1,25

Балхаш (Ұлытаумен бірге)

8

3,5

Барлығы

80

126,1

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында кемпингтер, жаяу соқпақтар, глэмпингтер, тамашалау алаңдары, қоғамдық тамақтану орындары және т.б. құрылыстарды қамтитын экотуризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Аюсай шатқалында кемпингтер, қонақ үйлер бар визит-орталықтың құрылысы аяқталды, соқпақтар жабдықталған. Алтын Емел саябағында, Шарын каньонында зәкірлі инвесторлар тарту жұмыстарын белсенді түрде бастады, олар туристердің жайлылығы үшін инфрақұрылым жабдықтарын (глэмпинг, күркелер, ауыз су бұрқақтары, қарау алаңы, грототалар және т. б.) жүргізеді.

Сондай-ақ биыл Көлсай паркінің аумағында экотуризм жобасын іске асыруға инвестор тартылды.

«Естеріңізге сала кетейін, көрсетілген 4 ұлттық парк бойынша инвестициялардың жиынтық көлемі 24,5 млрд теңге деңгейінде күтілуде. Экотуризм жобалары аясында туристердің табиғи көрікті жерлермен байланысының алғашқы нүктесі болуы керек Сапар орталықтарын салуға ерекше көңіл бөлінеді. Іле-Алатау, Көлсай, Алтын Емел, Шарын ұлттық паркінде, Шымбұлақта шамамен 15 визит-орталық салу жоспарлануда. Туристік саланы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету біздің жұмысымыздың маңызды аспектілері болып табылады», — деді мәдениет және спорт министрі.

Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған Түркістан қаласындағы Халықаралық Туризм және меймандостық университетінде 1 357 студент білім алуда. Туризм саласында цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. «Kazakhstan.travel», «E-QONAQ», «Турстат» ақпараттық жүйесі әзірленді, «Tourism online» коммуникациялық цифрлық платформасы іске қосылды.

Сондай-ақ, елдің туристік әлеуетін ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету және туристік өнімдерді дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Осының арқасында еліміз бірқатар беделді марапаттарға ие болып, баратын орындар тізіміне қосылды.

Анықтама: Жыл басында Қазақстан lonelyplanet жаһандық баспасының нұсқасы бойынша «Үздік қонақ үйлер» номинациясын жеңіп алды. Le Figaro француз басылымы Қазақстанды 2021 жылы баруға ұсынылған 21 дестинация тізіміне қосты. The Telegraph Қазақстанды «Серпінді дамып келе жатқан турдестинация» және Алматыны 2022 жылға арналған Үздік қалалық бюджеттік бағыт ретінде атап өтті. The Guardian бару үшін ең үздік орындардың тізіміне Қазақстанды да кіргізді. Қазақстанның Travelstan жарнамалық ролигі Португалияда өткен 14th ART&TUR - International Tourism Film Festival фестивалінде «Үздік елдің ролигі» номинациясын жеңіп алды.

Осы жылдың қазан айының соңында Дубай қаласында ЭКСПО-2020 көрмесінде қазақстандық туризмнің арнайы күндері ұйымдастырылды, онда отандық туроператорлардың қатысуымен бизнес-кездесулер де, мәдени іс-шаралар да өткізілді. Ал өткен аптада Қазақстанның павильоны 500 мың адамның келгенін тіркеді.

Сонымен қатар биыл Түркістан қаласында шетелдік дипломаттардың, туристтік қоғамдастықтың, халықаралық ұйымдардың, Қазақстан мен Өзбекстанның туроператорларының қатысуымен «Ұлы Жібек жолы – Ұлы мұра» туристік форумы гибридті форматта (онлайн/оффлайн) өткізілді.

Биыл 25 шілде – 8 тамыз аралығында Алматы қаласында құрамына өңірлік туризм басқармалары, туристік ақпараттық орталықтар, туроператорлар мен агенттіктер, салалық компаниялар кіретін 14 өңірдің қатысуымен «Almaty Travel Park 2021» туристік көрмесі өткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу