Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысы өтті  

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысы өтті.

ҮАК-ның тең төрағалары Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Әзербайжан тарапынан Әзербайжан Республикасының энергетика министрі Парвиз Шахбазов Октай оглу болып саналады.

Отырысқа Комиссия мүшелері және Қазақстан мен Әзербайжанның министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, отын-энергетика кешені, көлік, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл және ғарыш саласы мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы ауқымды мәселелерді талқылады. 

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Әзербайжанмен жалпы тарихи тамыры, көпғасырлық достық байланыстары және сындарлы саяси диалог байланыстыратын Қазақстанның оңтүстік Кавказдағы әрдайым сенімді серіктесі болғанын және болып қала беретінін атап өтті. Биыл елдер дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде.

«Осыдан 30 жыл бұрын басталған жұмыс Әзербайжан Президенті Ильхам Гейдар-оглу мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының басшылығымен табысты дамып келеді. Біз өз тарапымыздан бұрынғы тарихи және мәдени байланыстарға негізделген Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дәстүрлі достық сипатын тағы да атап өтеміз», — деді Бақыт Сұлтанов.

Өткен жылы елдер арасындағы өзара сауда 3 есе өсіп, $330 млн-нан асты, осы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша да өсім байқалады, сыртқы тауар айналымы $161,4 млн-ды құрап, 3 еседен астам өсті.

Қосымша:

Қазіргі уақытта бидай, күріш экспорты өсті, теміржол локомотивтерін, жалпақ прокатты жеткізу ұлғайды. Әзербайжанға жаңа қазақстандық тауарлар жеткізілімі пайда болды. Бұл рельстер, минералды тыңайтқыштар. Әзербайжан тауарларының импорты да өсуде. Қазақстан жүзбелі құралдар, құбырлар, сорғылар сатып ала бастады.

Бақыт Сұлтанов қазақстандық компаниялар Әзербайжан нарығына өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларын үздіксіз экспорттауды жолға қоюға мүдделі екенін атап өтті.

«Сауда және интеграция министрлігі экспорттық акселерация бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда, ол экспорттаушыларды экспортқа дайындау мен сүйемелдеуді қарастырады. Биыл мақсатты нарық Әзербайжан болып таңдалды. Химия, машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіпті өндіретін 23 компания әзербайжандық серіктестермен келіссөздердің белсенді кезеңіне өтуде», – деді вице-премьер.

Өз кезегінде Әзербайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазов келісу сатысында тұрған «Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» екіжақты ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан үлкен маңызға ие және екі ел арасындағы диалогты дамытудың Жол картасына айналатынын атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық инвесторларды Әзербайжандағы Алят еркін экономикалық аймағында қолжетімді бірегей инвестициялық мүмкіндіктер мен бизнесті жүргізудің тиімді шарттарын пайдалануға шақырды.

Сондай-ақ отырыс барысында қазақстандық тарап дәстүрлі бағыттарды өзгерту мәселесін көтерді. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Каспий өңірі Қазақстан үшін жалғыз теңіз қақпасы бола отырып, тауар ағындарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы ірі теңіз сауда желілеріне одан әрі шығуды қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі Ақтау портының базасында контейнерлік хаб салу және Достық-Мойынты учаскесінде екінші теміржол желісін тарту жөніндегі жобаларды іске асыруға кірісті. Бұл шаралар Қазақстанның транзиттік әлеуетін және ТХКБ өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. 

«Қытайдан/Орталық Азия елдерінен Еуропа елдеріне және кері қарай жүк ағындарының транзиттік әлеуетін толық көлемде ашу үшін порттардағы техникалық және тарифтік шарттарды уақытылы жаңғыртуды бастау маңызды, бұл барлық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың драйвері болады», — деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Отырыс аясында Бакуде өткен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысынан кейінгі атқарылған жұмыстар қаралды. Сондай-ақ комиссия отырысының хаттамалық жобасы аясында барлығы 14 мәселе талқыланды.

Кездесу соңында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысының қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды. Келесі жылы Бакуде комиссияның 19-шы отырысын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу