Үкіметтің экономикалық саясаты халықтың әл-ауқатын жақсартуға және тұрмыс сапасын арттыруға бағытталады — Б. Сұлтанов

Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Парламент мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы бойынша жедел және жүйелі шаралар қабылдау туралы айтты.

Бірінші. Азық-түлік инфляциясын тежеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын мемлекеттік реттеу шараларын күшейту шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.

Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тауарларды өндіру, тұтыну және қайта бөлу теңгерімдерінің толық мониторингі қамтамасыз етілетін болады.

Үшінші. Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл шеңберінде импортталатын азық-түлік тауарларын тарту бойынша шаралар қабылдануда. Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі шаралар уақытылы қабылданатын болады. Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынды.

Төртінші. Кәсіпкерлік кодексінде шекті бағаларды қолдану құралдары көзделген.

Министрдің айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, шекті бағалар тетігі қайта қаралды.

«Бұл бағаның одан әрі өсу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді. Жекелеген тауарлар бойынша бағалар айтарлықтай өскен жағдайда, монополияға қарсы орган белгіленген тәртіппен шекті бағаларды әкімшілік бекіту құралы уақытылы қолданылатын болады», — деді Б. Сұлтанов.

Бесінші. Сауда комитетінің қызметін функционалдық күшейтуге байланысты шұғыл заңнамалық бастамалар дайындалатын болады.

Бұдан басқа, маусымаралық және пандемия кезеңіндегі бағаның себепсіз өсуіне байланысты өткен жылдардың тәжірибесін ескеретін басқа да мәселелер пысықталуда.

Экономиканы әртараптандыру және төлем балансын жақсарту бойынша «экспорттық тәртіп» тәсілдерін енгізу жолымен шикізаттық емес экспортты ұлғайту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірленетін болады.

Жоғары білікті кадрларды, елде жаңа технологияларды шоғырландыру және халықаралық нарықта жаңа белсенді ойыншыларды өсіру үшін Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропаның тәжірибесі пайдаланылатын болады.

«Халықаралық қызметтер саудасы және трансшекаралық сауданы дамыту жұмысына көңіл бөлу керек. Бұл үшін Министрлік қызметтер экспортын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейтін болады және Ұлттық банкпен бірлесіп олардың экспортын есепке алу әдістемесі қайта қаралады. Жақын көршілес елдермен сауданы кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасады. Сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіптік және инвестициялық кооперацияны одан әрі тереңдету Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестерге және Орталық Азиядағы жақын көршілерге бағытталатын болады», — деп түсіндірді Б. Сұлтанов.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, Үкіметтің экономикалық саясаты, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталатын болады.

«Ашық әрі теңдестірілген принципке сай бюджет және фискалдық саясат қалыптастырылады. Салықтық-кедендік әкімшілендірудің батыл шаралары қосымша табыс көздерін қамтамасыз етеді. Жеке секторды экономикалық өсу драйвері ретінде дамыту мақсатында бәсекелестікті дамыту арқылы шағын және орта бизнесті күшейтуге баса назар аударылатын болады. Шағын кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі артады», — деді Б. Сұлтанов.

Мемлекеттің экономикадағы үлесі оны жекешелендіру және бәсекелес ортаға беру арқылы қысқартылады, мемлекеттік активтерді басқару тәсілдері қайта қаралады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу