Ұлттық банк ұлттық цифрлық валютаны енгізу жөніндегі пилоттық жобаны әзірлеп жатыр — Е. Досаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев еліміздің валюта нарығындағы және алтын-валюта резервтеріндегі қазіргі жағдай бойынша баяндама жасады.

Оның айтуынша, биылғы жылғы қарашаның соңынан бері коронавирустың «Омикрон» жаңа штаммының таралуынан және әлемде өсіп келе жатқан геосаяси шиеленістен туындаған жоғары белгісіздік аясында әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылық өсті.

Әлемдегі инфляциялық қысым өсуін жалғастыруда.

«Биылғы жылғы қарашада әлемдегі инфляциялық қысым өсе түсті және шикізаттың сақталып отырған жоғары бағасы мен жеткізу мерзімдерінің ұзақтығы нәтижесінде өсуін жалғастыруы мүмкін», — деді Е. Досаев.

Әлемнің ірі экономикаларындағы инфляция жаңа ең жоғары деңгейге жетті. Биылғы жылғы қазанның қорытындысы бойынша АҚШ-та инфляция 6,2%-ға дейін отыз жылдық ең жоғары деңгейге жетті. Ресейде инфляция 5 жылдық ең жоғары деңгей – 8,1%-ға дейін өсті. Еуроаймақта қарашада инфляция еуро енгізілген кезден бастап ең жоғары деңгей – 4,9%-ға жетті.

Төрт ай қатарынан ФАО азық-түлік бағалары индексінің өсуі жалғасуда, осы жылғы қарашада ол 1,2%-ға өсіп, 2011 жылғы маусымнан бастап ең жоғары деңгейге жетті. Кейбір дәнді дақылдар мен сүт өнімдері бағасының, сондай-ақ қант бағасының ең жоғары өсуі тіркелді, ал ет пен өсімдік майының бағасы өткен аймен салыстырғанда аздап төмендеді.

«Үдеп келе жатқан инфляциялық қысым салдарынан әлемдегі 18 орталық банк биылғы жылғы қарашада негізгі ставкаларын өсірді, жыл басынан бастап олардың саны 38 болған. Соның нәтижесінде Жаһандық ақша-кредит саясатының индексі бір ай ішінде 5,28%-тен 5,38%-ке дейін өсті», — деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, инфляцияның өсуін жалғастыруы сандық жеңілдетуді тез арада тоқтатудың нарықтық күтулерін және 2022 жылы АҚШ-та ставкалардың өсе бастауын күшейтті. Бұл АҚШ долларының нығаюы аясында дамушы елдердің валюталарына қысым жасай отырып, дамушы нарықтардан капиталдың әкетілу тәуекелін тудырады. Биылғы жылғы қарашаның қорытындысы бойынша АҚШ доллары дамыған елдердің валюталарына қарағанда 2%-ке нығайды, дамушы елдердің валюталары 4,4%-ке әлсіреді.

«Қазақстанда биылғы жылғы қарашаның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8 айда алғаш рет азық-түлік инфляциясының 11,3%-тен 10,9%-ке дейін, сондай-ақ ақылы қызметтердің 6,9%-тен 6,4%-ке дейін баяулауы аясында 8,9%-тен 8,7%-ке дейін баяулады», — деді Е. Досаев.

Қарашада айлық инфляция 0,7% болды және 5 жыл ішінде орташа мәннен төмен қалыптасты.

Азық-түлік инфляциясының баяулауы өткен жылдың жоғары базасына және Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін ұстап тұру бойынша жүргізіп жатқан жұмысына байланысты орын алды. Соған қарамастан, азық-түлік инфляциясы бұрынғысынша бағаның жылдық өсуіне қосатын үлестің жартысына жуығын 8,7%-тің 4,3 пайыздық тармағын құрайды.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтердің қалыпты өсуі аясында ақылы қызметтер бірқалыпты өсу динамикасын көрсетуде. Онымен қоса, проинфляциялық әсер ішкі өндірушілердің шығындарына ықпал ете отырып, энергия ресурстарының айтарлықтай қымбаттауына әсер етеді. Атап айтқанда, жанар-жағар май бағасының өсуі жылдық көрсеткіш бойынша 22,3%, оның ішінде бензин – 18,4%, дизель отыны – 46,6% болды.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, тұтыну бағаларының маусымдық өсуі 2021 жылғы қарашада 5,6% болып, соңғы айларда маусымдағы ең жоғары мәннен баяулағанын көрсетті. Алайда, осы динамиканың орнықтылығына қатысты жоғары белгісіздік сақталуда.

Инфляцияның жылдық баяулауын және коронавирустың «Омикрон» жаңа штаммының пайда болуына байланысты белгісіздіктің өсуі аясында Ұлттық банк биылғы жылғы 6 желтоқсанда базалық ставканы 9,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. «Қараша-желтоқсан» болжамды раунды шеңберінде Ұлттық Банк негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартты. 2021 жылы жоғары базадан шығуды және сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп қысқаруын ескерсек, 2022 жылы шарықтау шегі бірінші тоқсанда орташа есеппен тоқсан ішінде 8,8% болжанатын инфляцияның баяулауы күтіледі.

Жаңартылған базалық сценарийге сәйкес мұнай бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде инфляция 2022 жылдың соңына таман Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін тиімді іске асыруды ескере отырып, 6,0-6,5% болады. Ұлттық банк басшысының пікірінше, мұнай мен металдың жоғары бағасы төлем балансының профицитіне алып келеді.

Болжамдық раунд шеңберінде Ұлттық банк төлем балансы көрсеткіштерін бағалауды жаңартты. 2021 жылы ағымдағы шот дефициті өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 34,7%-ке қысқарып, (-) 4,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде күтіледі. 

«Базалық сценарий кезінде салынған мұнай мен металдың жоғары бағасы 2022 жылы 1,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі профицитке алып келеді», — деді Е. Досаев. 

2022 жылы тауарлар экспорты әлемдік сұраныстың қалпына келуіне байланысты негізгі экспортталатын шикізат тауарлары бағасының өсуі есебінен 70,4 млрд АҚШ долларына дейін 18,6%-ке өседі.

Төлем балансы әдіснамасы бойынша тауарлар импорты халық пен бизнес тарапынан сұраныстың өсуі, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыру есебінен 40,9 млрд АҚШ долларына дейін 6,8%-ке ұлғаяды. Жоғары бағаларға және мұнай мен металл өндірісінің көлеміне байланысты шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің 4,0%-ке өсуіне қарай кірістер балансының дефициті 24,5 млрд АҚШ долларына дейін 4,6%-ке өседі.

«Осылайша, энергия ресурстарына бағаның өсуіне байланысты ағымдағы шоттың жақсаруы импорт бойынша кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуы жағынан да, шетелдік инвесторларға төленетін төлемдердің өсуі жағынан да қысыммен тоқтатылады. Бұл, өз кезегінде, валюта нарығына қосымша қысым жасайды», — деді Е. Досаев.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, сыртқы факторлардың айтарлықтай нашарлауы аясында теңгенің әлсіреуі орын алуда. Биылғы қарашада коронавирустың жаңа штаммының табылуы және оның АҚШ пен Еуропада таралуы туралы хабарлардың тарауы аясында әлемдік қаржы және тауар нарықтарында жоғары құбылмалылық байқалды, бұл мұнайдың белгіленген бағасының күрт төмендеуіне алып келді. Мұнайдың әлемдік бағасы тамыздың соңынан бастап ең төменгі деңгей – бір баррель үшін 65-66 АҚШ долларына дейін төмендеді. Әлемдік валюта нарығында да дамушы елдер валюталарының жаһандық әлсіреуі байқалды: Ресей рублі бір айда 4,7%-ке, Оңтүстік Африка ранды 4,3%-ке, Мексика песосы 4,3%-ке әлсіреді.

«Іргелі факторлардың нашарлауы қарашада теңгенің бір АҚШ доллары үшін 434 теңге 20 тиынға дейін 1,7%-ке әлсіреуіне себеп болды. Биылғы жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 434 теңге 46 тиын болды», — деп нақтылады Е. Досаев.

Бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау операциялары және квазимемлекеттік сектор сатулары ұлттық валютаға қолдау көрсетті. Бұл ретте салық кезеңі экспорттаушылардағы теңгелік өтімділіктің жеткіліктілігіне байланысты ұлттық валютаға айтарлықтай қолдау көрсете алған жоқ.

Белгісіздіктің туындауы мен сыртқы жағдайлардың күрт нашарлауы аясында жеке және заңды тұлғаларда шетел валютасына сұраныс айтарлықтай өсті. Ұлттық банк теңгені тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау мақсатында биылғы жылғы қарашаның соңғы күндерінде 239 млн АҚШ доллары сомасына 2020 жылғы қазаннан бастап алғаш рет валюталық интервенция жүргізді.

Ұлттық қордың активтері акциялар нарығын түзету аясында аздап төмендеді. Ұлттық қордың активтері осы жылғы қарашаның соңында 54,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Қарашада 310 млрд теңгеге нысаналы және кепілдік берілген трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 617 млн АҚШ доллары сатылды. Қарашада Ұлттық қорға 657 млрд теңге, оның ішінде шетел валютасында 1 млрд АҚШ доллары көлемінде түсім түсті. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі осы жылғы қарашада теріс қалыптасып, негізінен дамыған елдердің акциялар және облигациялар портфельдерінің тиісінше (-)2,11%-ке және (-)0,64%-ке төмендеуі есебінен (-)541 млн АҚШ доллары болды.

«Коронавирустың жаңа штаммына байланысты нарықтардың жоғары құбылмалылығына қарамастан, инвестициялық кіріс жыл басынан бастап оң болып, 1,4 млрд АҚШ доллары немесе 2,52% болды», — деді Е. Досаев.

Алтын-валюта резервтері бір айда 309 млн АҚШ долларына төмендеп, осы жылғы қарашаның соңында 35,5 млрд АҚШ доллары болды. Алтын портфелі шамамен 407 тоннаға жетті және 267 млн АҚШ долларына өсті. 

Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер валюталық интервенция, мемлекеттік борышты төлеу және Үкіметтің шоттары бойынша басқа да операциялар есебінен 575 млн АҚШ долларына төмендеді. Жалпы халықаралық резервтер бір айда 435 млн АҚШ долларына төмендеп, 90,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға беру әртараптандыруды және кірістілікті қамтамасыз етеді.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 3,7%-ке ұлғайып, биылғы қарашаның соңында 13,4 трлн теңге болды», — деді Е. Досаев.

Биылғы 7 қарашада салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін орындалған өтініштерінің саны 2,2 трлн теңге сомасына 636,6 мың өтінішті құрады, оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешуге 2,1 трлн теңге тиесілі болды.

«Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша инфляция 7,8% болған кезде 11,0% мөлшерінде кірістілік алынды. Осылайша, осы жылдың басынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары үшін 3,2% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді», — деді Е. Досаев.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы «Цифрлық теңге» жобасының іске асырылуына тоқталып өтті. Ұлттық банк қаржы секторының цифрлық инфрақұрылымын дамыту және қаржылық инновацияларды енгізу бағдарламасын белсенді түрде іске асыруда. Ұлттық цифрлық валюта – Цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жоба биылғы жылдың негізгі бастамаларының бірі болып табылады. Жоба қаржы нарығының қатысушыларымен және халықаралық әріптестермен бірлесіп іске асырылуда. Бүгінде әлемде 63 орталық банк ұлттық цифрлық валюталарды шығару және олардың айналымы мәселесін зерттеумен белсенді түрде айналысып жатыр.

Орталық банктің бөлшек цифрлық валютасының аспектілері Ұлттық банктің 2021 жылғы зерттеулерінің басты бағыты болды. Қазіргі уақытта цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу аяқталды, нарық қатысушыларымен және халықаралық ұйымдармен талқылаулар сериясы өткізілді, пилоттық жобаның аралық нәтижелері Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде таныстырылды.

2021 жылғы 15 желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қорытынды баяндама жарияланады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк 2022 жылғы 1 шілдеге дейін пайда мен шығындарды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделін әзірлейді. 2022 жылғы желтоқсанда цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы қорытынды шешім әзірленеді», — деді Е. Досаев. 

Мемлекет басшысының инфляцияны биылғы жылдың соңына таман 8,5%-ке дейін төмендету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін қарашада бағаның жылдық өсуінің 8,7%-ке дейін баяулауын ескерсек, желтоқсанда айлық инфляция 0,7% болуы тиіс, бұл ретте орташа көрсеткіш 5 жыл ішінде 0,8%-ті құрады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу