2020 жылы тұрғындардың цифрлық сауаттылығының көрсеткіші  80%-ға дейін артады — А. Жұмағалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «электронды үкіметті» дамыту және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралды. Саланың даму барысы туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады. 

Қазіргі уақытта «электрондық үкімет» – бұл мемлекеттік қызметтер алудың ең ыңғайлы құралы, оны 10 млн-нан астам азамат пайдалануда. Оны дамыту үшін Ұлыбританияның, Эстонияның, Сингапурдың және технологиялық тұрғыдан дамыған басқа да елдердің озық тәжірибелері белсенді түрде енгізілуде.

2018 жылы Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту индексі бойынша БҰҰ рейтингінде 39-орынды, ал Азия елдері бойынша 8- орынды, «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-орынды иеленді.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі атап өткендей, заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың келісімімен 5 министрлікте «цифрлық» вице-министрлер тағайындалды (денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік-еңбек саласы, цифрлық даму мен салық-кедендік қызметі). Сондай-ақ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда Цифрландыру офистері құрылды.

«Аталған шаралардан экономикалық әсер 2018 жылы 218 млрд теңгені, 2019 жылғы 9 ай ішінде 305 млрд теңгені құрады. Қазір индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика және ішкі істер министрліктеріне 3 “цифрлық” вице-министрді тағайындау жоспарлануда», — деді А. Жұмағалиев. 

Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия қызмет көрсетушілермен 723 мемлекеттік қызметке талдау жүргізді. Соның нәтижесінде Комиссия ұсынымдары бойынша 556 жол карталары бекітіліп, іске асырылуда.

Қызметтерді электронды форматқа ауыстыру қазірдің өзінде құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартты. Жалпы алғанда, 8 млрд теңгеден аса жанама экономикалық әсері бар.  

«Осы жылдың соңына дейін электрондық қызметтердің үлесі 80%-ға дейін (723 қызметтің 580-і) жеткізіледі. 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90% автоматтандырумен жұмыстар аяқталатын болады», — деді министр.

Қазірдің өзінде қызметтердің 70,5%-ы автоматтандырылды. Жылдың соңына дейін мемлекеттік органдар тағы 70 мемлекеттік қызмет бойынша жұмыстарды аяқтауы қажет.

Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің ең оңай жолы мобильдік технологиялар екенін атап өткен жөн (қазақстандықтардың 64%-ы смартфонды пайдаланады). Қазан айында жаңа мобильдік қосымша eGov mobile іске қосылды. Электронды қызметтерді алудың тағы бір жеңіл жолы – бұл Telegram мессенджері және әлеуметтік желілер. Ең танымал деген қызметтер осы мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі.

А. Жұмағалиевтің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру нәтижесінде халықтан артық анықтамалар талап етілмейді. Оған дәлел – осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы жойылды.

«Жыл сайын азаматтарға 14 млн-нан аса осындай анықтама беріліп келді. Оларды жою 3,3 млрд теңге шамасында экономикалық әсер береді. Қазір тағы да 27 анықтаманы жою бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстарын аяқтауы қажет. Қазіргі таңда жоспарланған 235 интеграцияның 101-і іске асырылды. Жылдың соңына дейін 95 интеграцияны аяқтау қажет (18 орталық мемлекеттік орган бойынша)», — деді министр. 

Келесі үлкен жоба – Мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасы (МО ИРБП). Бұл ортақ платформа бюджет қаражатын 2 млрд теңгеге дейін үнемдейді.

Айтылған шаралардың қорытындысы бойынша келесі жылы халықтың цифрлық сауаттылығының көрсеткіші 80%-ға дейін өсетін болады 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу