5 жыл ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 400 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Айта кету керек, 2018 жылдың өзінде 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

Биылғы 8-9 қазанда Премьер-Министр А. Мамин Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарына жасаған жұмыс сапарлары барысында «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын тексерді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалдарының және мердігер ұйымдардың басшылары атқарылып жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Жаңабай Қобыландин бүгінде Алматы облысында 840 шақырымнан астам жолды реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Барлық жерде жергілікті тұрғындар қатысуда.

«Жұмысшылар — механизаторлар, мамандар – жергілікті тұрғындар қатарынан. Мәселен, Үшарал, Балапан, Қызылағаш, Сарқан, Талдықорған тұрғындары Талдықорған – Өскемен учаскесіне тартылған», — деді Ж. Қобыландин.

Ол «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өз қызметкерлерін оқытуға қызығушылық танытатынын және мүмкіндігінше шетелден мамандар тартпауға тырысатынын атап өтті. Мәселен, қазіргі уақытта Талдықорған – Өскемен автожолын қалпына келтірумен айналысатын қытайлық CITIC Construction Co.LTD компаниясында 2400-ден астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде тек 200 адам – ҚХР-дан келген мамандар.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Олжас Ахметов екі ірі дәлізді — Талдықорған – Қалбатау – Өскемен және Қалбатау – Майқапшағай – Қытай Халық Республикасының шекарасы дәліздерін реконструкциялау кезінде жақын орналасқан кенттер, ауылдар мен қалалардың тұрғындары тартылатындығын атап өтті.

Мәселен, Үшарал – Достық автожолының 0-60 км аралығындағы жолын реконструкциялаумен айналысатын «Қыран» ЖШС-де 330-дан астам жұмыс орны құрылған. Олардың 80%-на жергілікті тұрғындар жұмысқа орналасқан. Бұл жобаның жетекшісі Серік Айдаров жобада отандық құрылыс материалдарын пайдалануға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

«Бізде қазақстандық қамту – 100%. Себебі барлық материалдар, темірбетон бұйымдары – барлығы Қазақстанда шығарылған», — деді С. Айдаров.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу