БЖК – 2020 іске асыру жылдарында 16 мыңнан астам ШОБ субъектісі қаржыландырылды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына ұсынылатын шаралар қаралды. 

ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленовтың айтуынша, Жол картасының екінші бесжылдығын іске асыру жылдары нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Осы жылы қабылданған шаралардың негізінде Қазақстан Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде 25-орынға ие болды. Бұл рейтинг бойынша еліміз 2015 жылмен салыстырғанда 16 позицияға көтерілді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4%-ке дейін артты.

 «2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 400 мыңға ұлғайып, 1,3 млн құрады. Сондай-ақ, ШОБ жұмыспен қамтылғандардың саны 300 мыңға өсіп, 3,3 млн адамды құрады», — деді ҚР ұлттық экономика министрі.

Р. Дәленовтың айтуынша, Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге тиісті қолдау шаралары көрсетіледі. Олардың қатарында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, мемлекеттік гранттар ұсыну, кәсіпкерлерді оқыту, инфрақұрылым жүргізу бар.

Бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді. 

«Соның нәтижесінде 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылды, 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды, 15,5 трлн теңгеге өнім өндірілді, 1 трлн теңге шамасында салық төленді», — деді Р. Дәленов.

Бұған қоса, Бағдарлама бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама қатысушылары 7,1%-бен несие ала алады. Несиенің максималды қолжетімді сомасы — 2,5 млрд теңге. 60 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі, сонымен қатар 3 млн теңгеге дейін өтеусіз грант ұсынылады.

Азаматтарды бизнес негіздеріне оқыту шаралары қарастырылған. Бағдарлама шеңберінде консультациялар алуға болады. Бұдан өзге, оқыту мен тағылымдамадан өту қарастырылған.

«Бағдарламаның осы екінші бесжылдығын іске асыру жылдарында 120 мыңға жуық кәсіпкер мемлекеттік қолдау алды. 9 мыңнан астам кәсіпкердің несиелері субсидияланды, 5 мыңнан астам кәсіпкерге кепілдік ұсынылды және 100 мыңнан астам азамат бизнесті жүргізу бойынша және кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 2 мыңға жуық грант берілді, 165 жобаға инфрақұрылым жүргізілді», — деді Р. Дәленов. 

«Бизнестің жол картасы – 2020» шаралары осы жылы аяқталады. Сондықтан бағдарламаның жаңа жобасы әзірленді.

ҚР ұлттық экономика министрінің айтуынша, жобада мақсаттар мен міндеттер сақталған, қолдау құралдары жетілдірілген. Олардың тиімділігі мен қолжетімділігі артты.

  • Айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды.

  • Қаржыландырудың қолжетімділігі арттырылуда. Бұл үшін микроқаржы ұйымдардың несиелерін субсидиялау және кепілдендіру енгізіледі.

  • Бағдарлама қатысушыларына жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді.

  • Кәсіпкерлерді әр сатыда сүйемелдеу күшейтіледі. Бұл — оқыту, несие және қолдау алу үшін тиісті құжаттарды дайындау және тауарларды өткізу жолдарын ұйымдастыру.

Р. Дәленовтың айтуынша, Бағдарламаның келесі кезеңіне 421 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бес жылдық кезеңге қарағанда бір жарым есеге ұлғаяды. 

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ға жеткізу көзделген», — деді ҚР ұлттық экономика министрі.

Айта кетейік, шағын және орта бизнестің үдемелі дамуы экономиканың сапалы өзгеруіне ықпал етеді. Бизнесті жүргізу шарттары түбегейлі жақсарады. Кедергілер төмендетіледі және рұқсат беру құжаттарының тізбесі қысқарады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін ынталандыру шаралары қабылдануда.

«Біздің міндетіміз – іскерлік ортаны жетілдіру, бұл экономиканың өсуіне ықпал етеді. 2025 жылы экономиканың үштен бірінен астамы шағын және орта бизнеске тиесілі болады. Ал 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімінің жартысын құрайды», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов бизнесті жүргізу негіздерін оқыту және кәсіпкерлерге кеңестер беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қолданыстағы бизнесті жүргізуге сервистік қолдау 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілді, моноқалаларда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 500 мыңнан астам кәсіпкерге ақпараттық қолдау көрсетілді.

«96 мыңнан астам кәсіпкер “Бизнес-мектеп” компоненттері бойынша тренингтерден өтті, 2 мыңнан астам бизнес субъектілері “Іскерлік қатынастар” бойынша өтті, 174 кәсіпкер Германияда іскерлік тағылымдамадан өтті. “Аға сеньорлар” құралы аясында 215 сарапшылық миссия ұйымдастырылды. 26 984 кәсіпорын ашылды, 19 553 рұқсат құжаты дайындалды, 649 млрд теңге сомасына қаржыландыруға көмек көрсетілді. Кәсіпкерлердің 45 500 жобасы сүйемелденіп, 2 млн еуро сомасына 24 келісімшартқа қол қойылды (94 компания). 2015 жылдан бастап 2019 жылдың І тоқсанына дейін 97 147 кәсіпкер бюджетке 811 млрд теңге көлемінде салық төледі», — деді А. Мырзахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу