Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында шектес салаларда 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылады — ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралды. Халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады. 

Коронавирус індетімен, соның салдарынан орын алған экономикадағы жағдайда, жұмыспен қамту және халықтың табысын қамтамасыз ету мәселелері басымдыққа ие болып қалып отыр. Жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шаралары ағымдағы жылдың екінші және үшінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейін 5% мөлшерінде сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Министрдің айтуынша, еңбек нарығына дағдарыс негізінен жұмыс уақытының қысқаруымен әсер етті. Жұмыссыз жүрген азаматтардың жұмыспен қамту орталықтарына ресми түрде тіркелу белсенділігі жоғарлады.

«Пандемияның жағымсыз салдарын азайту мақсатында халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар кешені қабылданды. Ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың қолдау шараларымен 1,2 млн адам қамтылады. Оның жартысы - 600 мыңы, бұл Еңбек бағдарламасының қосқан үлесі, 255 мыңы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және 364 мыңы басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ұсынылған», — деді министр.

Бүгінгі күні 934 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысты, оның 411 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 6,7 мың әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымы жобалары іске асырылуда. Аталған жобалар халықты жұмыспен қамтумен бірге өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген әлеуметтік мәселелерді шешеді.

«Бұл 3 ауысымдық, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі, ауылда білім алу мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі, ауыл тұрғындары үшін таза ауыз су жеткізу, суармалы, жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту және ауылдық елді мекендерді газдандыру, тағы басқа мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Сонымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасы сабақтас салаларда 100 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні бағдарламаның арқасында орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайтын 202 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін ескере отырып, 900 мыңға жуық адам кірістермен қамтылды.

«Жол картасының жобаларын іске асыру үшін қажетті тауарлардың, қызметтер мен жұмыстардың 90%-ы отандық өндірушілерден сатып алынды. 19 мыңға жуық бизнес субъектісі 488 млрд теңге сомасында тапсырыс түрінде қолдау алды, кемінде 114 мың жұмыс орнын  сақтап қалды», — деді ведомство басшысы. 

Өңірлер бөлінісінде бүгінгі күні жобаларда жоспарланған 240 мың адамның ішінен 202 мың адам, яғни 84% жұмыспен қамтылды. 

Жобаларға жұмысқа тарту бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Қызылорда және Атырау облыстары көш бастап тұр. 

Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыздардың  кемінде 50%-ын  тарту талабы барлық өнірлерде сақталуда. 

23 қазандағы жағдай бойынша Жол картасы шеңберінде жобалардың 63% немесе 4 152 жобада жұмыстар аяқталды. Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарында жобалардың басым бөлігі аяқталған.  Өз кезегінде Алматы, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтанда жобалардың 80%-дан астамы әлі жүзеге асырылуда.

Халықты жұмыспен қамтуда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өз үлесін қосуда.

Бағдарламаға 2020 жылдың 9 айында 494 мың адам қатысты. Оның ішінде 190 мың бос жұмыс орындарына жұмыс табуға бірден көмек көрсетілді, ал 304 мың адамға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылып іске асырылды, оның ішінде:

  • 68 мың адам кәсіпкерлік негіздерін қоса алғанда оқумен қамтылды;
  • 9 мың 600 жеңілдетілген шағын несие мен 29 мың грант түрінде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау алып, жаңа кәсіпкерлер қосымша 10 мың 200 жаңа жұмыс орнын құрды;
  • субсидияланған жұмыс орындары арқылы 195 мың адам жұмыспен қамтылды.

«Жұмыспен қамту мәселелері тек Жұмыспен қамтудың жол картасы және «Еңбек» бағдарламасына ғана емес, сонымен бірге жалпы экономикада жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты екенін атап өту маңызды», — деді Б. Нұрымбетов. 

2017 жылдан бастап экономикада 1 млн астам тұрақты жұмыс орны құрылған. 

Ағымдағы жылы 9 айда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 264 мың жұмыс орны құрылды. Негізгі үлесті «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары қосып отыр.

«Халықты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешу үшін жыл сайын жалпы экономикада 600 мың жұмыс орнын құру қажет. Ол үшін өңірлерді дамыту бағдарламаларының құрамдас бөлігі ретінде, мемлекеттік бағдарламалардың барлық жобалары мен ірі жеке инвестициялық жобаларды ескере жұмыс орындарын құрудың Өңірлік карталарын құру қажеттілігі туындайды», — деді министр.

Бұл өз кезегінде барлық мемлекеттік бағдарламалардағы жұмыс орындарының көрсеткіштерін жаңартуды және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмыс орындарын құруға жауапкершіліктерін арттыруды талап етеді. 

Сонымен қатар, Жұмыспен қамтудың жол картасын келесі 2021 жылда жалғастыру бойынша дайындық жұмыстары басталды.

Осыған байланысты Жол картасын тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға бағыттау тәсілдерін жетілдіру үшін ұсынылады:

  • Іске асыратын жобалардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында орталық деңгейде инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу бойынша мемлекеттік органдар, тексеру органдары, Парламент депутаттарының қатысумен жұмыс тобын құру;
  • Қаржыландыру лимиттерін аймақтар бойынша жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, санына сәйкес анықтау, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құратын жаңа нысандарды салуға және тұрақты жұмыс орындарын құру шартымен кәсіпкерлікті несиелеуге (кондитерлік, ағаш шеберханасы және т.б.) белгілеу;
  • 2021 жылға Жол картасы шеңберінде жұмыспен қамтудың ұзақтығы аз жобаларды қарастырмау ұсынылады. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде 819 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 77 млрд теңге бөлінгенін айтты. 

Бүгінгі таңда олардың ішінен 22 млрд теңгеге 742 жоба немесе жалпы санының 91% аяқталды. 

9 айдың қорытындысы бойынша 54 млрд теңге немесе биылғы жоспардың 99,8% игерілді, 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды немесе жоспардың 107% орындалды. 

«Жол картасы, халықты жұмыспен қамту құралы ғана емес, қиын кезеңде, өңірдің экономикалық өсуі мен, бизнестің іскерлік белсенділігін арттыру драйвері болды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлем индексі 107,3%, құрылыс жұмыстары 128,6% өсуі қамтамасыз етілді. Қабылданған шаралар, барлық қалалар мен ауылдарда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымның жаңаруына ықпал етті», — деді Д. Ахметов.

Сондай-ақ, Өскемен қаласы мен, Үржар ауданындағы әуежай кешенін жаңғырту, Алакөл көлі жағалауына инженерлік желілер салу сияқты ірі жобаларды іске асыру туризмді, экономиканы дамытуға негіз қалайды. 

Қызылорда облысының әкісі Гүлшара Әбдіқалықова Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мақсатында облысқа 275 жобаға 38,9 млрд теңге бөлініп, жоспарлы кезеңге қаржының 89,3%-ы игерілгенін жеткізді. 

Бүгінгі күнге жалпы 192 жоба аяқталып, пайдалануға берілді, бірақ жүйеге енгізілгені 114 жоба. 

Жалпы 22 қазандағы жағдай бойынша 9382 адам жұмыспен қамтылып, жоспардың орындалуы 101%-ға жетті. 5504 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тартылып, жоспар 110,3%-ға орындалды.

COVID-19 індетінің болжамды екінші толқынына дайындық аясында құрылысы жүргізіліп жатқан инфекциялық модульдік аурухана жобасы бойынша 678 жұмыс орны ашылып жергілікті тұрғындар тартылады.

Пандемия кезінде, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру халықты, әсіресе жастар (42,5%) мен ауыл тұрғындарын (76,3%) жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

«Облыс аумағында 35 шақырым жылу желілері жаңғыртылуда, 179 әлеуметтік нысан және 711 көп қабатты тұрғын үй үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етілуде, 174,1 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен 3 көпір жөнделуде, 3 елді мекен газбен, 2 елді мекен таза сумен қамтылуда»,  — деді Г. Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық картасы әзірленіп, экономиканың түрлі салаларында 4610 тұрақты жұмыс орындарын ашатын 265 жобаны іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылы 110 жоба басталып 2145 жұмыс орны ашылуда. Бүгінгі күнге 63 жоба іске асырылып, 548 жұмыс орны құрылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу