ҚР Үкіметінің отырысы, 26.04.2022

26 сәуірде Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Үкіметтің кезекті отырысында импортты алмастыру мәселесі қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

  • ҚР Премьер-Министрі өңір әкімдіктеріне ҚР ИИДМ және ҰЭМ бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз етуді тапсырды. ҚР ИИДМ-ге мүдделі мемлекеттік органдармен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтау тапсырылды. ҚР БҒМ-ге ЕХӘҚМ және басқа да ведомстволармен бірге өндірістерді уақытында іске қосуды қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды дайындау мәселесін пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар ИИДМ-ге орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізу тапсырылды.

  • Үкіметте өрт қаупі бар кезеңге дайындық мәселелері қаралды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

  • Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдіктеріне өрт бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыруды, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге балаларды сауықтыру лагерлері, санаторийлер мен демалыс аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне орман және табиғатты қорғау мекемелерін өртке қарсы техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру шараларын қабылдау, күштер мен құралдардың табиғи өртте шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ірі өрттерді сөндіруге авиацияны тартуды қарастыру тапсырылды. ҚР ТЖМ-ге БҒМ-мен және әкімдіктермен бірлесіп, елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу