Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №130

2021 жылғы 20-26 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сейсенбі күні, 21 қыркүйекте Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады. Сондай-ақ Үкімет отырысында Павлодар облысының Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.
  • Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Орал қаласында А. Мамин өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы және мұнай-газ және химия өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, сондай-ақ көлік, тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, АӨК жобаларының іске асырылуын тексерді.
  • 21 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті. Қазіргі уақытта Ұлт жоспарының 100 қадамының 72-сі іске асырылды. 
  • 23 қыркүйекте А. Мамин ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен кездесіп, Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. 
  • Бейсенбі күні Асқар Мамин «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Холдингтің еншілес компанияларының санын қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның (АШҚҚҚ) «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға (АНК) қосылуы туралы шешім қабылданды.
  • 25 қыркүйекте Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық офисінде орталық мемлекеттік органдардың басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Үкімет басшысы әкімдіктер мен министрліктерге Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу