2020 жылғы 30 наурыз бен 4 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті.
Бейсенбі күні, 2 сәуір күні Үкіметтің селекторлық отырысында Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2020 жылға арналған республикалық бюджеті, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 31 наурыздағы тапсырмаларын іске асыру аясындағы дағдарысқа қарсы шаралардың қосымша топтамасы қаралды. Асқар Мамин басым міндет жұмыспен қамту екенін атап өтті.
Жұма күні Мемлекеттік комиссия отырысында коронавирус инфекциясының таралуын шектеу мақсатында қызметі екі мегаполистің тіршілік әрекетін қамтамасыз етумен және тұрғындардың денсаулығымен байланысты ұйымдарды қоспағанда, барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында күшіне енген жұмыссыз режимді осы жылдың 13 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Мемлекеттік комиссия Шымкент қаласы әкімінің биылғы 4 сәуір күнгі сағат 21:00-ден бастап қалада карантин енгізу туралы ұсынысымен келісті.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз