Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №118

2021 жылғы 21-27 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сәрсенбі, 23 маусым күні Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар басшыларының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының қатысуымен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өтті.

  • Сейсенбі күні, 22 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысы өтті. Отырыс барысында Кеңес шешімдерін орындау нәтижелері жөніндегі баяндамалар тыңдалып, Қордың болашақ инвестициялық жобалары жөніндегі бағыттар талқыланды.

  • Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Парламенттің екі палатасы депутаттарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша нақты сектор Қазақстан экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды.

  • Сейсенбі күні Үкіметтің кезекті отырысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, бәсекелестікті дамытудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, елордада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А. Мамин мемлекеттік және жеке операторлардың түрлі салалардағы қызметін реттеу нормаларын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Волонтерлікті дамыту мәселесі бойынша үздік волонтерлік практиканы белсенді түрде насихаттау және барлық деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту тапсырылды.

  • Сәрсенбіде ҚР Премьер-Министрі Инвестициялық штаб отырысын өткізді, онда 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды. А. Мамин барлық мемлекеттік органға, өңірлер әкімдіктеріне және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі негізде жалғастыруды тапсырды.

  • Бейсенбі күні ҚР Үкіметінің басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, онда автобустар мен арнайы техниканың шағын торапты өндірісі желісінің ашылуына қатысты, бірқатар индустриялық нысанды аралап, автомобиль жолдарын реконструкциялау барысымен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу