Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №14

2022 жылғы 11-17 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 11 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұжымына жаңа басшы – Тамара Дүйсенованы таныстырды. Үкімет басшысы Т. Дүйсенованың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 20 жылдан астам уақыт бойы басшылық қызметтерде болғанын, елімізде еңбек қатынастарын қалыптастырып, әлеуметтік саясатты нығайтуға зор үлесін қосқанын атап өтті. 

  • Сол күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Кезекті отырыста мемлекеттік органдардың отын-энергетика кешенін демонополизациялау жөніндегі ұсыныстары қаралды.

  • Сейсенбі, 12 сәуірде Үкімет отырысы өтті. Бірінші мәселе бойынша биылғы қаңтар-наурыздағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, жалпы алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсері барынша азайтылды. Бізбен көршілес елдердің экономикасына санкциялардың ықпалы күшейе түсті, сол себепті бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Сонымен қатар ол Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру екенін атап өтті. Екінші мәселе бойынша отандық ғылымды дамыту мәселесі қаралды. Ә. Смайылов БҒМ-ге биылғы 30 сәуірге дейін Қазақстан ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдануын қамтамасыз етуді, жас таланттарды іздеу және оларды ғылымға тарту механизмдерін пысықтауды, зерттеу әлеуеті жоғары ғалымдардың жаңа буынының ақпараттық базасын жасауды, Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе бере отырып, институционалдық трансформациялау шараларын қабылдауды тапсырды. 

  • 13 сәуір күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде IT-саласын қолдау және дамыту мәселесі талқыланды. Үкімет басшысы Ә. Смайылов мүдделі мемлекеттік органдармен аталған қолдау шараларын пысықтауды тапсырды.

  • 15 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғыз Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Дастан Дюшекеевпен кездесу өткізді. Тараптар сауда және инвестициялар, транзит және көлік, сондай-ақ су-энергетикалық теңгерім салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

  • Сол күні Премьер-Министр Әлихан Смайылов «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаковпен кездесті. Кәсіпкер Түркістан облысындағы ауданы 500 га болатын жылыжай кешені құрылысының жобасын таныстырды. Инвестициялық жоба 8000-нан астам жұмыс орнын құруды көздейді.

  • Сонымен қатар 15 сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Отырыста компанияның 2021 жылғы қызметінің қорытындылары қаралды, 2021 жылғы қаржылық есеп алдын ала бекітілді, сондай-ақ Есеп саясаты және Қаржы ресурстарын басқару саясаты секілді жаңа редакциядағы бірқатар ішкі құжаттар бекітілді. Ішкі аудит қызметінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің 2022 жылғы І тоқсандағы есептері назарға алынды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу