Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №143

2021 жылғы 20-26 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сәрсенбі күні, 22 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және энергетика саласын дамыту мәселесі қаралды. Бірінші мәселені қарастыру барысында Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейту, үй-жайлар мен қоғамдық көліктерде маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, сондай-ақ халықты ревакцинациялау қарқынын арттыру қажет екеніне ерекше назар аударды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін Отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі өзектендірілген тұжырымдамасын қабылдауды, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері бойынша кешенді шешім әзірлеуді тапсырды.
  • Дүйсенбі күні, 20 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен, сондай-ақ Ресейдің мемлекеттік компаниялары мен қаржы-банк құрылымдарының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.
  • Дәл осы күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бойынша 2021 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды.
  • Сенбі күні, 25 желтоқсанда Асқар Мамин Үкіметтің цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Премьер-Министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу