Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №15

2022 жылғы 18-24 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 19 сәуір күні, сейсенбіде, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті, онда шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бірінші мәселені талқылау барысында ҚР Премьер-Министрі Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік ЖОО-да білім алғаннан кейін жастардың елден кетуін қысқарту үшін жоғары білім беру жүйесін қайта қарау қажет екенін атап өтті.

  • 20 сәуірде Инвестициялық штаб отырысы өтті, онда 2021 жылы және 2022 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қорытындылары, сондай-ақ «Valmont Industries» компаниясының механикаландырылған суару жүйелері зауытын салу жобасын іске асыру барысы қаралды

  • 21 сәуірде Үкімет үйінде дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жөнінде кеңес өтті. Отырыс барысында Үкіметтің сыртқы экономикалық және геосаяси факторлардың қазақстандық өндірушілерге әсерін мұқият қадағалап отырғаны атап өтілді.

  • 22 сәуірде, жұма күні ҚР Премьер-Министрі Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.

  • Сенбі күні Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Талқылау қорытындысы бойынша әкімдіктер көтерген мәселелерді ескере отырып, орталықтандырылған сатып алу тетіктерін пысықтау және Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу