Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №3

2022 жылғы 24-30 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Жұма күні, 28 қаңтарда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне бейнебайланыс режимінде қатысты. Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсынылған ауқымды мәселені еске салды.

  • Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Премьер-Министр елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, халықты вакциналау және ревакциналау жұмысын күшейтуді тапсырды. Екінші мәселені қарау аясында Ә. Смайылов жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

  • Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, өнеркәсіптік кооперация және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

  • Бейсенбі күні Ә. Смайылов Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселелері бойынша бірқатар кеңес өткізді. Бағдарламаның барлық тармақтары халықтың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға бағытталған.

  • Сол күні Әлихан Смайылов «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жобасын әзірлеу мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Заң жобасында жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің түрлері, оларды қолдану негіздері және басқа да ережелер қарастырылған. 18 заңнамалық актіге – 7 Кодекс пен 11 Заңға түзету енгізу жоспарланған.

  • ҚР Премьер-Министрі Сыртқы істер, Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің басшылығымен Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

  • Жұма күні ҚР Премьер-Министрі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Үкімет басшысы аз уақыт ішінде саланы басқару, инвестициялық жоспарлау, қаржыландыру және бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

  • Сенбі күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың басынан бері берген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жастарды жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу