Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №83

2020 жылғы 19-25 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 21 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде ел азаматтарының тың тәсілдер мен тиімді шешімдер күтетінін, мұндай сәтте Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Кеңес ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға байланысты аса күрделі мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын болады. 
  • Дәл осы күні ҚР Премьер-Министрі Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты, онда «2020-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы» және «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарына заңнамалық түзетулердің жобалары мақұлданды. 
  • Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қаралды. Премьер-Министр ветеринарлық және фитосанитарлық қызметті одан әрі нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу, ветеринария және фитосанитария саласында тексерулер, бақылау және мониторинг, сондай-ақ карантиндік іс-шаралар жүргізу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Екінші мәселе аясында Премьер-Министр әкімдіктерге осы жылдың 1 қарашасына дейін тұрақтандыру қорларының көлемін бекітілген нормативке дейін жеткізуді, медициналық ұйымдарда да, дәріханаларда да дәрі-дәрмектердің қажеттілігін үнемі қадағалап отыруды тапсырды. Бұл ретте тұрақтандыру қорлары есебінен дәрі-дәрмектерді сатып алудың нақты алгоритмінің болуы қажет екені атап өтілді.
  • Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес COVID-19-бен күресудің қосымша шаралары қаралды. Үкімет басшысы азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды және санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте Алматы ЖЭО-2 жаңғырту жобасы бойынша шешім қабылданды. Жылу электр станциясын жаңғыртудың қарастырылған төрт нұсқасынан қолданыстағы энергетикалық қазандық агрегаттарын реконструкциялау жолымен ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстыру мақұлданды.
  • Бейсенбі күні  Асқар Мамин Жобалық кеңсенің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі отырысын өткізді. Өңірлердің экономикалық картасын әзірлеу, «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын іске асыру, жеңілдікпен несиелендірудің басқа да бағдарламаларына мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс барысы, мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселелері қаралды.
  • ҚР Үкіметінің басшысы Ұлттық автомобиль павильонында болып, онда ҚР-да шығару жоспарланған электр автомобильдерінің модельдерімен танысты. 2021 жылы ҚР-да автобустарды қоса алғанда, түрлі үлгідегі 1200 бірлік электр көлігін шығару жоспарланған, 2022 жылы бұл көрсеткіш 2000 бірлікке дейін жеткізілетін болады. 
  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстан экономикасын қалпына келтіру мәселелері қаралды. А. Мамин экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету және пандемиядан кейінгі жаңа шынайы жағдайларда оның сапалы және тұрақты дамуы үшін негіз қалыптастыру мақсатында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары әзірленгенін атап өтті. 
  • Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жетілдіру, ішкі істер органдарын цифрландыру және жер телімдері мен инженерлік коммуникациялардың цифрлық картасын жасау мәселелері қаралды. Мемлекеттік бағдарламаның жаңартылған редакциясында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің жұмысын жақсарту жобаларына ерекше назар аударылды. 
  • Жұма күні Асқар Мамин Инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша диалог алаңы шеңберінде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу өткізді. Үкімет басшысы Қазақстанның жаһандық экономикалық дағдарыс пен пандемия жағдайында экономиканы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу