Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №9

2022 жылғы 7-13 наурыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Бейсенбі күні, 10 наурызда Премьер-Министрдің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Отырыста көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы және халықтың табысын арттыру бағдарламасы қаралды. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Ә. Смайылов әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөптің қажетті көлемін себе отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыруды, минералды тыңайтқыштар өндірушілермен ішкі нарықты бірінші кезекте қамтамасыз ету мәселесін пысықтауды тапсырды. Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнестің ілеспе субъектілерін дамыту мақсатында өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

  • Дүйсенбі күні, 7 наурызда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырысында «Атамекен» ұлттық палатасы кәсіпкерлерден келіп түсіп жатқан мәселелерді жариялады, олардың көпшілігі ағымдағы және жүйелі сипатқа ие.

  • Сейсенбі күні, 8 наурызда Ә. Смайылов кеден саласындағы мәселелер жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. ҚР Премьер-Министрі қазіргі жағдайға байланысты туындайтын және болуы ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті.

  • Сәрсенбіде ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен көлік және сауда мәселелері жөніндегі жедел штаб отырысы өтті. Ә. Смайылов қазақстандық жүктердің транзиті бойынша жедел шаралар қабылдауды және баламалы көлік дәліздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

  • Бейсенбі күні Жедел штаб отырысында Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту бойынша жүргізілген келіссөздердің қорытындысы және қазақстандық жүктерді тасымалдау мәселелері қаралды.

  • Жұма күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Су кеңесінің алғашқы отырысын өткізді, отырыста Қырғыз Республикасымен электр энергиясымен тауар алмасу және Қазақстанның оңтүстік өңірлерін сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. ҚР Энергетика министрлігіне Қазақстанда электр энергиясының тапшылығына жол бермеу және сұр майнингке қатысты қатаң шаралар қолдану тапсырылды.

  • Сол күні Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, онда климаттық пакті бойынша міндеттемелерді қаржыландыру және «жасыл күн тәртібін» ілгерілетудегі Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын одан әрі нығайту мәселелері қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу