Дүйсенбі күні, 21 тамызда, сағат 15:00-де ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының «Экономиканың қарқынды технологиялық жаңғыртылуы» бірінші басымдығын іске асыру барысы туралы брифинг өтеді.

ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев және ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М. Тілеуберді шара спикерлері болады.

Баспасөз конференциясының тікелей таратылымын primeminister.kz сайтынан, Facebook, Вконтакте, Twitter, Periscope әлеуметтік желілерінен, сондай-ақ Android пен iOS мобильдік қосымшаларынан және YouTube арнасынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Боливияның сыртқы істер министрі Фернандо Уанакуни Маманимен кездесті.

Кездесу барысында энергетика, мәдениет, ғылым және білім беру салаларындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Екі тарап, сондай-ақ, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, көлік салаларында, таза технологияларды дамыту мен жаңғыртылатын энергетика салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды құру мен іске асыруға мүдделі екендерін білдірді.

Фернандо Уанакуни Маманидің айтуынша, Боливия тек қана газ секторында емес, сонымен қатар сирек кездесетін металлдар мен атом өнеркәсібі салаларында да серіктестікті дамытуға әзір.

Бақытжан Сағынтаев екіжақты ынтымақтастықтың нығая түсуіне қызығушылық білдіріп, Фернандо Уанакуни Маманиге Қазақстанның Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуіне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының баспана құнына ықпалы туралы айтып берді.

Оның айтуынша, Қазақстанда бағдарлама іске қосылғаннан кейін құрылыс нарығында тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасының айтарлықтай төмендегені байқалуда.

«Өңірлерде шаршы метріне 140 мың теңгеге дейін тұратын баспаналар салынуда, ал Астана, Алматы қалаларында және еліміздің батыс өңірлерінде – шаршы метріне 180 мың теңгеге дейін тұрады», - деп түсіндіріп өтті вице-министр.

«Нұрлы жер» бағдарламасының құрылыс нарығына ықпалының нәтижелері туралы «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да айтып өтті.

«Бізде 2004 жылдан бастап 44-тен 59 мыңға дейін пәтер пайдалануға берілді. Осы соңғы екі жылда үлкен өзгеріс байқалды. 2015 жылы 79 мың пәтер пайдалануға берілді, 2016 жылы – 89 мың, ал 2017 жылдың 5 айында – 37 мың жаңа пәтер өткізілді», - деді Л. Ибрагимова.

Сондай-ақ, ол инфляциялық таргеттеу мен долларсыздандыру үдерістерінің нәтижесінде жылжымайтын мүлік бағасы теңгемен белгіленгенін, және нарықта өсімнің байқалмайтынын атап өтті.

«Біз Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде 2017 жылдың бес айында ипотека беру көлемінің 76%-ын қаржыландырдық және бастапқы әрі қайталама нарықта баға өсімі байқалмайтынын көріп отырмыз. Бұл - бағдарлама аясында оның құралдарын пайдаланып қалудың бірегей мүмкіндігі деп ойлаймын», - деді ТҚЖБ басқарма төрайымы.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөліктерінің бірі – Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры. Бұл - «Бәйтерек» холдингінің құрылыстың аяқталуын кепілдендіру мен қазақстандықтарға құрылысқа өркениетті жолмен, үлескерлікпен қатысуға мүмкіндік беру үшін құрылған еншілес ұйымы.

Л. Ибрагимова 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап аталған қор арқылы бірінші жобаны іске асыру жұмыстары басталатынын хабарлады. Бұл астаналық «Миллениум парк» ТК-дағы 100 пәтер болады. ТҚЖБ салымшылары шаршы метріне 290 мың теңге болатын бағаға баспана сатып ала алады. Оларға арнайы кепілсіз несие желісі қолжетімді болады.

www.primeminister.kz

Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздарды жеңілдікті несиелеу тетіктерін іске асыру басталды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мәлімдеді.

Роман Скляр тұрғындар үшін ипотекалық қарыздар бойынша нарықтық мөлшерлемені төмендету мақсатында мемлекет Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы бастапқы жарнаның 30% төлеген жағдайда ЕДБ ипотекасы бойынша шығындарды өтейді.

Субсидияларды ескере отырып, тұтынушы үшін соңғы мөлшерлеме 10% құрайды, оған қоса қарыздар жаңа салынған үйлерден тұрғын үй алуға субсидияланады. Астана және Алматы қалаларында несиелер 20 млн теңгеге дейінгі, өңірлерде – 15 млн теңгеге дейінгі сомада беріледі. Республикамыздың 11 өңірінде халықты жеңілдікті мөлшерлеме бойынша несиелеу жүргізіліп жатыр. 

Бүгінде 10 банк бағдарламаны іске асыруды бастауды жоспарлап отырса, 3-уі ипотеканы белсенді іске асырып жатыр, қазіргі уақытта олар азаматтардан ипотека алуға өтінімдер қабылдауда.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін несиелік тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Тұрақты табысы бар азаматтар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жеке баспана алу мүмкіндігіне ие болады. Оған қоса, бастапқы жарнаның төменгі шегі мен қарыздар бойынша ең аз мөлшерлемелер қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспарланған 15 мың пәтердің 6140 несиелік пәтері салынған.

www.primeminister.kz

Биыл «Нұрлы жер» аясында 6,2 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифинг барысында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр хабарлады.

Роман Скляр жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен 6,2 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, ол «Нұрлы жер» бағдарламасының жылдық жоспарының 61%-ын құрайтынын атап өтті. Тұрғын үйді өткізу бойынша Астана (1 680,2 мың м2), Алматы (981,6 мың м2) қалалары, Маңғыстау (592,7 мың м2) және Оңтүстік Қазақстан облыстары (348,9 тыс. м2) көш бастап тұр. Жеке тұрғын үйді өткізу бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары басым. 

7 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 445,2 млрд теңге бөлінген, оның 75,8 млрд теңгесі мемлекеттік инвестициялар. Мемлекеттік қаражаттар есебінен 8 829 пәтер (541,3 мың м2) салынған. Жыл соңына дейін тағы қосымша 16 176 пәтерді (948,2 мың м2) өткізу жоспарда бар.

Биыл бағдарлама аясында әкімдіктерге 25 млрд теңге бөлінді және 6 мыңға жуық арендалық пәтерлердің құрылысы басталды, олардың жартысы жыл соңына дейін өткізіледі. Арендалық үйлермен баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары қамтамасыз етіледі. Аренда ақысы, сатып алу құқығынсыз, әлеуметтік тұрғын үйдің 1 м2 шамамен 100 теңгені құрайды. 

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қолдау көрсету болып табылады. Мемлекет азаматтарға құрылыс салуға бөлген жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізумен қамтамасыз етеді. Жыл сайын желілерді салуға 80 млрд теңге бөлу қарастырылады, олардың 50%-на дейін жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді жүргізуге бағыттау көзделеді. Бұл орта есеппен 15 жыл ішінде жыл сайын шамамен 40 мың жер телімін желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, жоспарланған 60 мың жер телімінен бүгінде 23,5 мың аумағы желілермен қамтылған. 4 облыс орталығында бірыңғай сәулет стилінде жеке баспаналар құрылысының пилоттық жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Осындай баспананың құны 90%-ға дейін отандық құрылыс материалдарын пайдалану есебінен шаршы метріне 120 мың теңгені құрайды.

Пилоттық жобада жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға дайын үйді сатып алу құқығы беріледі. Кезекте тұрған адамдар аталған баспананы өз қаражаты есебінен немесе жылдық 5%-бен ТҮҚЖБ-дан қарыз алу арқылы сатып ала алады.  

www.primeminister.kz

Бейсенбі күні, 17 тамызда, сағат 10:30-да ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясы өтеді.

ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баяндама жасайды.

Баспасөз конференциясының тікелей таратылымын primeminister.kz сайтынан, Facebook, Вконтакте, Twitter, Periscope әлеуметтік желілерінен, сондай-ақ Android пен iOS мобильдік қосымшаларынан және YouTube арнасынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев компания президенті И Сяоган басшылық еткен SANYGroup компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында машина жасау саласында, сонымен қатар көлік-логистикалық орталықтардың құрылысы мен оларды дамыту саласында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. 

Анықтама:

SANYGroup-тің негізі 1989 жылы қаланған және ҚХР-дің алғашқы жекеменшік машина жасау компанияларының бірі болып табылады. Негізгі қызметі – құрылыстық және арнайы техникаларды әзірлеу, өндіру және сату. Қытайдағы ірі машина жасау компаниясы, және әлемдік рейтингте бесінші орында.

Құрылыс техникаларының мына түрлері бойынша Қытай нарығында көшбасшылық орындарға ие: бетон араластырғыш, порттарға арналған техника, экскаваторлық техника, ауыр тонналы крандар, көмір өнеркәсібіне арналған техника, жол техникасы, тіреулі жұмыстарға арналған машиналар мен жабдықтар. Корпорацияның 6 641 жеке тіркелген патенті бар.

Компания қызметінің жаңа бағыттары жел және күн энергетикасы, мұнай жабдығы, құрылыс, көмір химиясы, банктік және сақтандыру қызметтері.

Германияда, АҚШ-та, Бразилияда және Үндістанда орталықтары мен өндірістік базалары орналасқан.

www.primeminister.kz

Бірінші жартыжылдықта азық-түлік өнімдері өндірісі 7,5%-ға ұлғайды. Өткен жылмен салыстырғанда ұн, макарон өнімдері, жарма, өсімдік майы және өңделген сүт өндірісі өсімі байқалды. Бұл туралы АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов хабарлады.

Рүстем Құрмановтың айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті әлі де соңына дейін пайдаланылмаған, осыған байланысты Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды орналастыру картасы әзірленді. Бүгінде Қазақстанда 1 345 белсенді кәсіпорын бар, олардың ішінде министрлік басымдықты орталық топты анықтады, соны бірінші кезекте дамыту жоспарланған. 

Карта тоғыз бағытты – сүт, ет, тері және жүн, майлы және дәнді дақылдарды, қант қызылшасы мен картопты өңдеуді қамтиды. Бұл бағыттар 435 кәсіпорында ұсынылған.

Сонымен қатар, картада үш жүйелі қағидат негізге алынған. Біріншісі – несие ресурстарына қолжетімділік және ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы қаражат жинау есебінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды барынша жүктеу. Екіншісі –жұмыс істеп тұрған 80 кәсіпорынды жаңғырту. Үшіншісі –  шикізатпен қамтамасыз етілген, бірақ жеке өндірісі жоқ өңірлерде 79 жаңа қайта өңдеу кәсіпорнын салу.

www.primeminister.kz

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы кешенді шараларды іске асыру отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспорт деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов хабарлады.

Қайрат Айтуғанов аграрлық қайта өңдеуді кешенді дамыту үшін 4 айдың ішінде кең көлемде талдау жүргізілгенін және алғаш рет қайта өңдеу кәсіпорындарының мәліметтер базасы жасалғанын баяндады. Ол ағымдағы жағдайды бағалауды, қуатын, іске қосу жылын, жабдық түрін, жүктемесін, өнімнің көлемі мен номенклатурасын, сондай-ақ тежеуші проблемаларды қамтиды.

Қайта өңдеудің 9 басымдықты түрлерін дамыту үшін есептер жүргізілді және оның ішінде әр облыс және аудан бойынша Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының орналасуы картасы жасалды.

Картаны қаржыландыру мәселесінде бюджетке түсетін жүктемені азайтудың бірнеше нұсқасы да қаралды. Талдау ең алдымен айналым қаражаттарын толықтыруға несие ресурстары қажет екенін көрсетті. Екіншіден, қаражат жаңа кәсіпорындарды жаңғырту мен салуға қажет.

Бұл міндетті орындау үшін аталған бағыттар бойынша қаржы институттары несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ұсынылады. Мұндай тәсіл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және банктермен талқыланды. Олар аталған схема бойынша жұмыс жасауға әзірліктерін білдірді.

Қазіргі уақытта Картаны рәсімдеу бойынша жұмыстар аяқталып қалды, содан кейін еліміздің барлық өңірлерінде оны іске асыру басталады. Бұл қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, азық-түлік өнімдері экспортын ұлғайту бойынша міндеттерді орындау үшін «Азық-түлік корпорациясы» АҚ сыртқы нарықтарда барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін сату бойынша операторға өзгерді. Ол енді астықпен ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлерімен де айналысады. 

Ағымдағы жылы 850 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға 43,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Оған қоса, экспортқа арнап сатып алынатын майлы дақылдар мен қой еті алдын ала отандық зауыттарда қайта өңделеді, осылайша олардың жүктемесі артады.

Нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 5 айында 880 млн АҚШ долларына АӨК өнімдері экспортталды немесе өсім 4% құрады. Қайта өңдеу экспортының көлемі 7,6%-ға өсті.

www.primeminister.kz

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында отандық астық сапасын арттыру бойынша бірқатар тиімді шаралар қабылданды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифинг барысында ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

Қайрат Айтуғанов соңғы жылдары қолайсыз ауа райы жағдайлары мен дәнді дақылдардың ауруларының көп таралуына байланысты астық сапасы нашарлағаны байқалғанын атап өтті. Сондай-ақ 2014 жылы элиталы тұқымдарды субсидиялаудың алынып тасталуы мен оларды субсидиялауға минималды нормаларды орнатуға байланысты ауыл шаруашылығы өндірушілері сапалы тұқымдарды сатып алуды қойды, себебі минималды нормалар бойынша төленетін субсидиялар олардың шығындарын ақтамайтын болды.

Биыл осы жағдайды түзеу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданды, солардың ішінде: бірегей және элиталы тұқымдарды субсидиялау қайта қалыпқа келтірілді, тұқымдарды субсидиялаудың минималды нормалары алынып тасталды, тұқым шаруашылығын қаржыландыру көлемі басымдықтарды қайта қарау есебінен, алдында бекітілген бюджет аясында 2 есеге – 3,7 млрд-тан 7,2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Соның нәтижесінде, 2017 жылы сапалы тұқымдар егістігі 1,5 есеге ұлғайтылды. Элиталы тұқымдарды пайдалану көлемі 68%-ға өсті, ал төменгі сапалы тұқымдарды пайдалану 1,6 есеге қысқартылды.

Өз кезегінде, тұқым өсіру шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасына жасалған талдау нәтижесінде 370 бірлік тұқым өсіру техникасын жаңарту қажеттілігі анықталды. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасында түбегейлі жақсарту жұмыстары үшін 2018 жылдан бастап тұқым өсіру техникасына жұмсалатын шығындарды өтеу нормативін 50%-ға дейін ұлғайту қарастырылған, бүгінде ол 25%-ды құрайды. Бұл алдағы үш жыл ішінде тұқым өсіру техникаларын толықтай жаңартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр тыңайтқыштарды пайдалану мәселесіне тоқталып өтті. Тыңайтқыштарды субсидиялаудың бұрынғы тетіктері оларды қажетті көлемде пайдалануға сұраныс тудырмайтын. Соның салдарынан оларды қолдану орта есеппен қажеттіліктің 10%-нан аспайтын. Осыған орай 2017 жылдан бастап тыңайтқыштарды субсидиялаудың жаңа сұлбасы енгізілді, онда нақты мәніндегі нақты нормативтер бекітілген.

Бүгінгі таңда 309 мың тонна тыңайтқыш сатылып алынған, бұл 2016 жылы 261 мың тоннаны құраған жалпы көлемнен көп. Жыл қорытындысы бойынша соңғы бірнеше жылда алғаш рет тыңайтқыштарды пайдалану қажеттіліктің 14%-ын құрайды.

www.primeminister.kz 

Мұрағат

Тамыз
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту