Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева өңірлер бөлінісінде шет елдерге экспортталатын өнімдердің негізгі түрлері бойынша жасалған талдау нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдулданов АӨК саласындағы инвестициялар туралы айтып берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлер қандай елдерге және қандай өнімді экспорттайтынына талдау жасады. Талдау нәтижелері АӨК өнімдері экспортының негізгі көлемі бидай мен ұнға тиесілі екенін көрсетті. АӨК өңделген өнімінің үздік тобына өңделген өнімнің жалпы экспортының 39,2% үлесін алатын ұн, өсімдік майлары — 9%, кондитерлік өнімдер — 9%, балық сүбесі — 4%, сондай-ақ, балалар тамағы және сүт өнімдері — 2% кіреді. Сондай-ақ, мақта талшығы — 6% және өңделген жем (жом, кебек, қалдықтар) — 4% көп экспортталады.

Астық экспорты бойынша негізгі өңірлер — Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Астықтың дәстүрлі нарықтары — Орта Азия, Иран, Қытай және Ауғанстан.

Г. Исаеваның айтуынша, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстары Ауғанстан, Орта Азияға ұнды көбірек экспорттайды. Майлы дақылдарды Өзбекстанға, ЕО, ҚХР, Моңғолияға Солтүстік Қазақтсан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары, Алматы қаласы экспорттайды. Өсімдік майы негізінен ҚХР, РФ және Орта Азияға Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі.

Г. Исаеваның айтуынша, Қазақстан үшін маңызды нарық — ЕАЭО. Онда $490 млн-ға 1,2 млн т экспортталады. Көбінесе Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстары және Алматы қаласы экспорттайды.

ҚХР-ге өткен жылдың қорытындысы бойынша $258 млн сомасына 919 млн т АӨК өнімі экспортталды. ҚХР-ге Шығыс Қазақстан, Түркістан (Шымкентпен бірге), Қостанай облыстары және Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары белсенді түрде экспорттайды.

Қазақстанның келесі басымдық берілетін нарығы — Иранға $329 млн сомасына 1,8 млн т қазақстандық АӨК өнімі экспортталады. Иранға көбінесе Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары экспорттайды. Себебі сауда-логистикалық және трейдерлік компаниялардың басым бөлігі аталған қалаларда орналасқан. Олардың Иранға экспортының үлесі 62,5% құрайды. Сонымен қатар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары да көбірек экспорттайды.

Парсы шығанағы елдерінің нарығы да Қазақстан үшін қызығушылық тудырады. Мәселен, елдің “алтын” алтылығына (БАӘ, САК, Бахрейн, Оман, Катар, Кувейт) өткен жылы 4,5 млн тонна қазақстандық АӨК өнімдері экспортталған. Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көп экспорт жасаған.

Түркияға Қазақстан $113 млн сомасына 455 мың тонна АӨК өнімдерін жеткізеді. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары белсене экспорттайды.

Қазақстан Еуропа елдеріне $303 млн сомасына 900 мың т жуық АӨК өнімін экспорттайды. Көбінесе Шығыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары АӨК өнімдерін экспорттайды.

«Орта Азияда біз Өзбекстанмен белсенді сауда жүргіземіз. Өткен жылы АӨК өнімдерінің экспорты $633 млн сомасына 3,9 млн тоннаны құрады. Бұл орайда Өзбекстанға экспорт бойынша көшбасшылардың — Түркістан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласының үлесі 78,1% құрайды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдулданов еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне былтыр салынған инвестициялар көлемі туралы айтып берді. Оның айтуынша, АӨК-ке салынған инвестициялар көлемі 18%-ға өскен, бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруды 26%-ға ұлғайтуға септігін тигізген.

«2018 жылы ауыл шаруашылығы саласына ең көп инвестициялар салынған өңірлер Павлодар, Ақмола және Алматы облыстары болды. Олар 2017 жылмен салыстырғанда осы инвестициялардың ақшалай көлемінде де алда. Жалпы Қазақстан бойынша өткен жылы АӨК саласына 518 млн теңгеден астам қаражат құйылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Атап айтқанда, Павлодар облысында – 93 млн теңге, Алматы облысында – 82 млн теңге, Ақмола облысында – 60 млн теңге, Түркістан, Шымкент қалаларында – 54 млн теңге және СҚО-да – 520 млн теңгеден артық инвестиция құйылған. Осы инвестициялардың арқасында экспорттың өскендігі айқын», — деп нақтылады сала өкілі.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева 2018 жылғы ауыл шаруашылығы экспортының қорытындылары туралы мәлім етті.

Жалпы, Қазақстан $3,2 млрд сомасына АӨК өнімдерін экспорттаған, бұл 2018 жылға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторынан 23%-ға артық және 2017 жылғы көрсеткіштен 26%-ға жоғары.

АӨК өнімдерінің экспорты бойынша мемлекеттік бағдарламаның жоспарлы көрсеткіштері Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының экспорты көлемі есебінен асыра орындалды.

Өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты

Өңделген өнім экспортының үлесі 37% ($1,1 млрд) құрады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің жобалық кеңсесі аясында мұндай жұмыс алғаш рет өткізілді және біз алғаш рет АӨК өнімдері экспортының қорытындысын толыққанды талқылап отырмыз, әрбір позиция бойынша әр өңірдің үлесін де білеміз, қандай өңір қай елге қандай өнімді экспорттайтынын да дәл айта аламыз. Мен бұл өте маңызды деп санаймын, себебі бұл жергілікті атқарушы органдар үшін жалпы АӨК өнімдерінің экспортын арттыру мәселелерінде де, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруда да өз жұмыстарын жандандыруда бағдар болады және осылайша олар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы өңделген өнім экспортын арттыру бойынша қойған міндетті орындай алады», — деді Г. Исаева.

Өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты бойынша көш басында (ақшалық мәнінде) Қостанай, Түркістан облыстары және Шымкент пен Алматы қалалары тұр.

«Бұл үш облыстың үлесі өңделген өнім экспорты көлемінен 64% құрады. Әрине, басқа облыстарға да өңделген өнім экспортында өз үлестері мен нақты мәнінде де, ақшалай мәнінде де нақты сандарды ұлғайту үшін өңдеу саласын белсене дамыту қажет», — деді вице-министр.

Ет экспорты

Вице-министр Г. Исаева ет экспортына жеке тоқталды. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 11 еліне 33 мың тонна ет экспорттады.

Сиыр еті экспортының көлемі берілген ветеринарлық сертификаттар негізінде 19,95 мың тоннаны құрады (салыстыру үшін 2017 жылы – 5,5 мың тонна). Сиыр еті экспорты бойынша көшбасшы өңірлер — Түркістан (5000 т), Ақтөбе және Алматы облысы (4000 тоннадан). Сиыр етін негізгі экспорттаушылар — 20 қазақстандық кәсіпорын. Экспорттаушы кәсіпорындардың өңірдегі ұсақ және орташа фермерлік шаруашылықтармен бірге зәкірлі кооперацияда жұмыс істеуі маңызды. Етті мал шаруашылығына барлығы 19 мыңнан аса фермерлік шаруашылық тартылған.

Сонымен қатар , Г. Исаева АӨК саласындағы қазақстандық кәсіпорындардың шет елдердің тізіліміне енуі туралы айтып берді.

ДСҰ халықаралық сауда, импорттаушы елдер ережелеріне сәйкес, мал шаруашылығы өнімдері мен азығының экспортын ветеринарлық қызмет кепілдігі мен инспекциясы қорытындысы бойынша Тізілімге енген кәсіпорындар ғана жүргізе алады.

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша үшінші елдер мен ЕАЭО тізілімінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша қазақстандық 2018 кәсіпорын енгізілген. Сонымен қатар жекелеген елдер (мысалы ҚХР) өсімдік шаруашылығы өнімдерінің импортында экспорттаушы елдің карантиндік қызметінің кепілдігін немесе инспекция жүргізуді талап етеді.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты

2019 жылдың 3 айындағы жұмыс қорытындыларын шығара отырып, Г. Исаева 7,7 мың тонна ет, 3,4 млн тонна өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортталғанын хабарлады.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін 539 қазақстандық кәсіпорын ҚХР мен ЕАЭО тізіліміне енген.

www.primeminister.kz

Осы мәлімдеме арқылы instagram әлеуметтік желісіндегі mamin_online аккаунты жалған екенін хабарлаймыз. Тіркеулік жазбаның қолданылуын тоқтату бойынша сәйкес шаралар қабылданды.

БАҚ, сондай-ақ Instagram әлеуметтік желісінің қолданушыларынан тек ҚР Премьер-Министрінің Primeminister.kz ресми сайтында және Фейсбук, ВКонтакте, Твиттер, Instagram, Перископ және Одноклассники әлеуметтік желілерінде, Ютуб ресми арнасында нақтыланған аккаунттарында орналастырылған ақпаратты пайдалануларын сұраймыз.

Анықтама: PrimeMinister.kz контент-платформасы:

1. instagram.com/primeministerkz (қазақ /орыс/ағылшын тілдерінде);

2. fb.me/primeminister.kaz (қазақ тілінде);

3. fb.me/primeminister.kz (орыс тілінде);

4. fb.me/primeminister.int (ағылшын тілінде);

5. twitter.com/primeminister_k (қазақ тілінде);

6. twitter.com/primeministerkz (орыс тілінде);

7. twitter.com/primeministeren (ағылшын тілінде);

8. vk.com/primeminister_k (қазақ тілінде);

9. vk.com/primeminister_news (орыс тілінде);

10. my.mail.ru/community/primeministerkaz (казахский язык);

11. ok.ru/primeministerkz (орыс тілінде);

12. youtube.com/c/pmkz (қазақ тілінде/ орыс тілінде);

13. telegram.me/primeministerkaz (қазақ тілінде);

14. telegram.me/primeministerkz (орыс тілінде);

15. telegram.me/primeministerint (ағылшын тілінде);

16. pscp.tv/primeminister_k (қазақ тілінде);

17. pscp.tv/primeministerkz (орыс тілінде);

18. pscp.tv/primeministeren (ағылшын тілінде);

19. pinterest.com/primeministerkz (ағылшын тілінде).

www.primeminister.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қабылдады.

Мемлекет басшысына министрлік жұмыстарының нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндалды.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті және қайта өңделген өнімнің экспортқа шығарылуын арттыру үшін министрліктің алдына қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңызды екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін техникалардың жаңартылу қарқынын 2-ден 6 пайызға және суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық жүйесінің кешенін пайдалану, егістік алқаптарын әртараптандыру, тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ірі қара малдың тұқымын зерттеу және қайта асылдандыру үшін заманауи технологияны енгізу, отбасылық мал шаруашылығын құру және пайдаланылатын жайылымдардың көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 

ҚазАқпарат

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімділігін одан әрі арттыру бойынша жоспарланған шаралар туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан жекеменшік дәріханаларда тегін дәрі-дәрмек беруден біртіндеп бас тартуда. 2017 жылға дейін Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекті тарату үшін жекеменшік дәріханаларды тарту нормативтік құқықтық актілермен бекітілді.

Дәрі-дәрмектерді сатып алу ережелеріне қатысты Қаулы жобасы Үкімет қарауына енгізілген. Аталған Қаулы нормаларының бірінде тегін дәрі-дәрмектерді тек мемлекеттік емханаларда беруге толықтай көшу қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің аталған бастамасы бұған дейін жекеменшік дәріханалар белгілеген 25% үстеме бағаны шектеуге бағытталған

Егер өткен жылы бар болғаны 8 өңір көшкен болса, ҚР ДСМ деректеріне сәйкес, бүгінде жекеменшік дәріханалар арқылы тегін дәрі-дәрмек тарататын аз ғана өңір қалған.

«Келесі жылдан бастап біз жекеменшік дәріханалар арқылы тегін дәрі-дәрмек таратуды толық тиямыз. Бұл өте ыңғайлы: науқас емхана қабылдауына жазылып, сол жерден дәріге рецепт алады да, сол жерден дәріні алып кететін болады», — деді Е. Біртанов.

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен 50 ауру түрі бойынша 500-ге жуық түрлі ауталы дәрі-дәрмек сатып алынады.

Сонымен қатар министр Қазақстанда жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екенін атап айтты.

«2018 ж. өңірлерден 180 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмектерді сатып алуға сұраныс келіп түсті. Барлық тізімді біз ақпараттық жүйеге жүктедік те, 2018 ж. соңынан бастап дәрі-дәрмектерді бере бастадық. Жыл соңында 90 млрд теңге жұмсалды. 80 млрд теңгеден астам сомаға қалған сұраныстар негізсіз болып шықты. Жыл басында бізде 15 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек қоры болды», — деді Е. Біртанов.

Жыл сайын елімізде тегін берілетін дәрі-дәрмектер көлемі 8 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың үш айының ішінде барлығы небәрі 2 млрд теңге жұмсалды. Себебі - жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектердің көбі өткен жылдың соңында бөлінген.

Министр халыққа тегін дәрі-дәрмектердің берілмеу фактісі туралы хабарлап отыру өтінішін жеткізді.

«Егер сізге тегін берілетін дәрі-дәрмек жетпей қалса, Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің жергілікті өкілдігіне жүгінуіңіз керек немесе біздің фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілеріміз арқылы бізге ақпарат жеткізе аласыз. Біз оны тексеретін боламыз», — деді министр.

Болашақта Денсаулық сақтау министрлігі тегін берілетін дәрі-дәрмектер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Біз арнайы жоспарларды бекітіп те қойдық. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне орай тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімі де кеңейеді», — деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінде азаматтардың өз денсаулығы үшін жауапкершілігін ынталандыруға бағытталған шаралар кешені белсене талқыланып жатыр.

«Азаматтардың денсаулығына байланысты қазіргі жағдай, өкінішке орай, олардың өз денсаулықтарына бейжай қарайтынын көрсетіп отыр, көбіне медицина қызметкерлеріне үміт артады. Сондықтан ең алдымен барлық ынталандырулар профилактикаға, екпелер салуға бағытталады. Біз алдымен аналар мен балалардың денсаулығына қатысты шаралар кешенін ұсынуды жөн көрдік», — дерп түсіндірді министр. Атап айтқанда, бұл уақытылы есепке алу бойынша стимулдар және т.б.

Елжан Біртанов қазақстандықтарды жаңа заң жобасын талқылауға белсене қатысуға шақырды.

«Бұл қоғамдық талқылауды аса қажет ететін ұсыныс. Маусым айында біз Парламентке кодекс жобасын ұсынуымыз керек. Сондықтан қазір қоғамдық талқылау жүріп жатыр, ол тәуекелдер факторын шектеуге т.б. бағытталған. Сол себепті белсене талқылауға шақырамын, сарапшылардың пікірлері де маңызды. Сарапшылардың пікірлерін ескерумен көптеген позициялар бойынша біз өз ұсыныстарымызды өзгерттік», — деді ол.

Сонымен қатар министр Министрліктің менингит және қызылша тәрізді аурулармен ауыру оқиғаларын төмендету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Медициналық ұйымдардың жұмысында кемшіліктер анықталған өткен жылдың тәжірибесін ескерумен, барлық дерлік медициналық мекемелерде оқыту шаралары жүргізілді. Барлық әкімшілік шаралар қабылданды, ұйымдастырушылық кемшіліктер ескерілді. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тұрғындар арасында профилактика, екпе егу бойынша түсіндірумен үлкен жұмыстар атқаруда.

«Қызылша бойынша біз вакциналауды кеңейту туралы шешім қабылдадық. Балаларға екі рет – 1 жаста және 6 жаста екпе егумен қатар, біз мерзімін 9 айға жылжыттық. Себебі, иммунитеті жоқ екпе егілмеген аналардан балалар туылады, қауіпті төмендету үшін біз екпе егуді сәл ертерек бастауға бел будық. Сондай-ақ, жас аналарға екпе еге бастадық. Қажетті 2,5 адамды біз анықтадық, қосымша вакциналарды сатып алдық», — деді министр.

www.primeminister.kz

Тауарлар мен қызметтердің сапалық қауіпсіздігін бақылау бойынша бірлескен Комитет қоғамдық денсаулық сақтау және фармация комитеттерінің базасында құрылады. Мемлекет тарапынан бақылауға алынатын қызметтер спектрі кеңейтіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.

Е. Біртанов атап өткендей, қазіргі заңнамада тек медициналық қызметтерді көрсетуге ғана бақылау қарастырылған. Мысалы, егер бұл косметологиялық процедуралар болса, онда медициналық қызметкерлердің қатысуымен және медициналық іс-әрекеттер жасалады, бірақ түрлі сұлулық салондары мен шаштараздар бұл тізімнен алынып тасталады.  

«Қазір біз ең алдымен тауарлар мен қызметтердің сапалық қауіпсіздігін бақылау бойынша бірлескен комитет құрамыз, ол қазір Үкімет қаулысында жатыр. Бұл үлкен қадам», — деді Е. Біртанов.

Бірлескен Комитет қоғамдық денсаулық сақтау және фармация комитеттерінің базасында құрылатын болады. Түрлі тұрмыстық және косметологиялық қызметтер бақылауға алынады. Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, бұл бизнестің дамуына еш кері ықпалын тигізбейтін болады.

«Біз бизнес пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сәйкес жұмыс істейтінімізге сенім білдіремін. Міндетіміз бизнесті шектеп, кедергі немесе қандай да бір жемқорлық нормаларын құру емес, керісінше, бірлесе отырып, ашық жүйені құруымыз керек. Ең алдымен, қызмет көрсетудің барлық ұлттық стандарттарын қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Қызметтерді көрсету стандарттары, сондай-ақ тамақ қана емес, тұрмыстық, парфюмерлік тауарлар, ойыншықтар т.б. стандарттарына регламенттер бәрі халықаралық стандарттарға сай келуі тиіс», — деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, зертханалық база күшейтіледі. Тауарлар мен қызметтердің тиісті сапасына сай келу мақсатында барлық зертханалардың халықаралық сертификатталуын қамтамасыз ету керек.

Бұдан өзге, ақпараттың айқындығы мен қолжетімділігіне көңіл бөлінеді.

«Нарық кімнің стандарттарға сай келетінін, кімнің сай еместігін шешуі үшін хабарландыру сипатындағы цифрлық жүйеге көшуді жоспарлап жүрміз. Өкінішке орай, көбінесе айқындықтың болмауынан, халық қандай да бір кәсіпорында немесе өнімде қандай бұзушылықтардың бар екенін білмейді. Біз соңғы жылдары аталған бағыттағы жұмысты жандандырдық. Біздің аумақтық комитеттер бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, ақпаратты жариялайды. Айқындық – бәрінің негізі», — деп түйіндеді Е. Біртанов.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысы бойынша 2011–2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалағанын айтты. Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді.

Министрдің айтуынша, ХЭБ ұсынымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралды, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына өзгерістер енгізілді. Сібір жарасы бойынша жыл сайын 100% қамти отырып, сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіледі.

«Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды. Осы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды, аусыл бойынша шектеулер алып тасталды, ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді, ет комбинаттарында инспекция жүргізілді, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Тізілімге енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты», — деді С. Омаров.

Халықаралық эпизоотиялық бюрода вакцина салынбайтын аймақтағы (ҚР 9 облысы) және вакцина салынатын 5 аймақтағы Қазақстанның аусыл бойынша саламаттылығы қайта расталды.

Иранмен Қазақстаннан сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді. Бахрейнге сиыр еті мен қой етін экспорттау жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісілуде.

Осы жылдың басында Қазақстан шошқаның африкалық обасы бойынша саламатты ел мәртебесін алды. ХЭБ-пен Францияда ветеринария мамандарын оқыту жұмысы жалғасуда. Заңнамалық негізде ветеринариялық бақылау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесін құру, жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызмет вертикальін құру, жануарлар мен өнімдердің орнын ауыстыруды бақылау үшін мобильді бекеттер құру, үшінші елдердің Тізіліміне енгізу үшін қазақстандық кәсіпорындарға жүргізілетін инспекцияларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көзделеді.

Аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы дер кезінде қабылданған шаралар шегірткелердің таралу аймағын өткен жылғы 1,9 млн гектардан осы жылы болжанып отырған 950,4 мың гектарға дейін екі есеге азайтуға мүмкіндік берді.

«Пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынды. Сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Қазақстан осы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатуда.

«Шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап қалуға және шошқалардың классикалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттыруға жол ашады», — деп түйіндеді С. Омаров.

Өңірлерде ветеринарлық шаралардың орындалуы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов баяндады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек соңғы жылдары аса қауіпті карантиндік ағзалардың таралу аумағының төмендеп келе жатқанын айтты. Мәселен, 2018 жылды 2017 жылмен салыстырсақ, 112 га төмендеген. Биыл аталған алаңдарды тағы 7% қысқарту көзделген. Қабылданып жатқан шаралар жергілікті деңгейде өнімділік пен егіс алқаптарының көлемін арттыруға жол ашады.

www.primeminister.kz

Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі қаралды. Ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаровтың, өңірлер әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Қорытындылай отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет алдында 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кемінде 2,5 есе өсіру міндеті тұрғанын атап өтті.

«Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.

2017 жылы Қазақстанның барлық өңірлері аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Осының арқасында, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясына мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған шектеу алынды, тиісті шарттар келісілді. Қазіргі таңда Израиль, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдермен осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Биыл наурызда қазақстандық фитосанитарлық қызмет 30 ұн кәсіпорнын тексеріп, олар ҚХР бидай ұнын экспорттаушылар тізіміне енгізілді.  

«Ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз ететін сенімді көзге айналуға барлық әлеуеті бар», — деді А. Мамин.

Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесіп келесі мәселелерге ерекше назар аударып, нақты шараларды қолға алулары қажет. Атап айтқанда:

тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету;  

мал қорымдары орындарының ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес болуы;

егіс алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын уақытылы қабылдау;

тиімді ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды қамтамасыз ету.

«Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудаға қатысты жасалынған келісімдер аясында тиісті рәсімдерді жүргізу қажет», — деді ҚР Премьер-Министрі А. Мамин.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Премьер-Министр денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен бірқатар өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, ҚР Үкіметінің алдында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оның сапасын жақсарту — ортақ міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл қазақстандықтардың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте халықтың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігі мәселесі аса маңызды мәселе», — деп А. Мамин, аталған жүйедегі проблемаларды – алғашқы буын дәрігерлерінің жүктемесінің ауыр екенін және маман тапшылығы бар екенін атап өтті.  

Үкімет «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттарды енгізіп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуде.

Үкімет басшысы міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне келесі бағыттар бойынша жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Біріншіден, жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашу арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен жарақтандырылуы қажет.

Қарағанды облысындағы Көктас ауылы және Жамбыл облысындағы Гродеково ауылында тиімді жүзеге асырылған жобалар атап өтілді. Премьер-Министрдің айтуынша, енді осы оң тәжірибе басқа да өңірлерде қолданылуы керек.

Екіншіден, жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін пысықтау қажет.

Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтерме ақы төлеу, ал Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы ұйымдастырылғаны аталып өтті. Премьер-Министр осындай бастамаларға аса көңіл бөлу керек екенін айтты.

Үшіншіден, Елбасының тапсырмасын тиімді орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай мерзімде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдіктермен пысықтап, оны бекіту үшін Премьер-Министр Кеңсесіне енгізу тапсырылды.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және қазіргі жағдайы туралы баяндады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыздың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Алғашқы медициналық–санитариялық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Дәрігерлердің жүктемесін төмендету мақсатында 2018 жылы 1315 жалпы практика дәрігерінің учаскесі мен 79 педиатриялық учаске ашылды және 1 дәрігердің жүктемесі 1989 тіркелген адамды құрады.

2019 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарындағы 5 000-нан астам түлектің 1515-і жалпы практика дәрігері маманы болады. Бұл алғашқы медициналық көмек кадрларының тапшылығын түгелдей қамтуға жеткілікті. Биылдан бастап түлектер мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті түрде үш жылдық жұмыстарын өтейтін болады.

АМСК қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұйымдарды ірілендіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда 214 жаңа объект пайдалануға берілді, оның 31%-ы жеке инвестиция қаражатынан салынды. Алдағы үш жылда 120 млрд теңгеден астам сомаға жаңа 595 АМСК объектісін ашу жоспарланған. Бұл ретте, объектілердің жартысынан астамын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 228 АМСК объекті күрделі жөндеумен, 11000-нан астам медициналық техникамен қамтамасыз етіледі.

Е. Біртанов жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін және олардың мемлекеттік сараптамасын оңтайландыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі АМСК объектілерінің үлгілік жобаларын әзірледі. Бұдан өзге, кейбір өңірлерде АМСК объектілерінің дайын дербес жобалары бар, оларды Қазақстанның басқа өңірлерінде пайдалануға болады. Осылайша, АМСК объектілерін салуға барлық қажетті жағдай жасалынған.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында негізгі созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы кеңейтілуде.

Елбасының тапсырмасы бойынша, ауруларды басқару бағдарламасын енгізген мамандарды ынталандыру мақсатында 2019 жылдың басынан 36 000 учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20%-ға ұлғайту жоспарланып, 5,3 млрд теңге көзделді.

Бұған қоса, Е. Біртанов АМСК толықтай цифрландыру процесіне тоқталып өтті.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен жабдықтау 95,1% құрады, қалалар мен аудан орталықтарында интернет желісі мен медициналық ақпараттық жүйені енгізу 100% құрады», — деді ол.

Денсаулық сақтау ұйымдарының 99%-нда медициналық құжатты қағазсыз жүргізу енгізілді, 2 млн-нан астам адам емделушілерге арналған мобильдік қосымшаны қолдануда. Цифрландырудың нәтижесінде емханаларға келу 2 есеге, кезектер саны 60%-ға қысқарды.

Қорытындылай келе, Е. Біртанов Денсаулық сақтау министрлігі АМСК қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жұмыстарын тұрақты негізде жүргізетінін атап өтті.

Сонымен қатар, мәселені қарау барысында Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың, Жамбыл облысының әкісі А. Мырзахметовтың есептері тыңдалды.

Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова биыл 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аяқталатынын атап өтті. Сондықтан да Алғашқы медициналық–санитариялық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау қажет. Г. Әбдіқалықова әкімдер мен мемлекеттік органдарды алдағы бес жылда денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық АМСК сапасы мен қолжетімділігін арттыруға берілетінін ескере отырып, өз ұсыныстарын енгізуге шақырды.

www.primeminister.kz

 

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту