Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімділігін одан әрі арттыру бойынша жоспарланған шаралар туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан жекеменшік дәріханаларда тегін дәрі-дәрмек беруден біртіндеп бас тартуда. 2017 жылға дейін Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекті тарату үшін жекеменшік дәріханаларды тарту нормативтік құқықтық актілермен бекітілді.

Дәрі-дәрмектерді сатып алу ережелеріне қатысты Қаулы жобасы Үкімет қарауына енгізілген. Аталған Қаулы нормаларының бірінде тегін дәрі-дәрмектерді тек мемлекеттік емханаларда беруге толықтай көшу қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің аталған бастамасы бұған дейін жекеменшік дәріханалар белгілеген 25% үстеме бағаны шектеуге бағытталған

Егер өткен жылы бар болғаны 8 өңір көшкен болса, ҚР ДСМ деректеріне сәйкес, бүгінде жекеменшік дәріханалар арқылы тегін дәрі-дәрмек тарататын аз ғана өңір қалған.

«Келесі жылдан бастап біз жекеменшік дәріханалар арқылы тегін дәрі-дәрмек таратуды толық тиямыз. Бұл өте ыңғайлы: науқас емхана қабылдауына жазылып, сол жерден дәріге рецепт алады да, сол жерден дәріні алып кететін болады», — деді Е. Біртанов.

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен 50 ауру түрі бойынша 500-ге жуық түрлі ауталы дәрі-дәрмек сатып алынады.

Сонымен қатар министр Қазақстанда жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екенін атап айтты.

«2018 ж. өңірлерден 180 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмектерді сатып алуға сұраныс келіп түсті. Барлық тізімді біз ақпараттық жүйеге жүктедік те, 2018 ж. соңынан бастап дәрі-дәрмектерді бере бастадық. Жыл соңында 90 млрд теңге жұмсалды. 80 млрд теңгеден астам сомаға қалған сұраныстар негізсіз болып шықты. Жыл басында бізде 15 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек қоры болды», — деді Е. Біртанов.

Жыл сайын елімізде тегін берілетін дәрі-дәрмектер көлемі 8 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың үш айының ішінде барлығы небәрі 2 млрд теңге жұмсалды. Себебі - жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектердің көбі өткен жылдың соңында бөлінген.

Министр халыққа тегін дәрі-дәрмектердің берілмеу фактісі туралы хабарлап отыру өтінішін жеткізді.

«Егер сізге тегін берілетін дәрі-дәрмек жетпей қалса, Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің жергілікті өкілдігіне жүгінуіңіз керек немесе біздің фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілеріміз арқылы бізге ақпарат жеткізе аласыз. Біз оны тексеретін боламыз», — деді министр.

Болашақта Денсаулық сақтау министрлігі тегін берілетін дәрі-дәрмектер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Біз арнайы жоспарларды бекітіп те қойдық. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне орай тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімі де кеңейеді», — деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінде азаматтардың өз денсаулығы үшін жауапкершілігін ынталандыруға бағытталған шаралар кешені белсене талқыланып жатыр.

«Азаматтардың денсаулығына байланысты қазіргі жағдай, өкінішке орай, олардың өз денсаулықтарына бейжай қарайтынын көрсетіп отыр, көбіне медицина қызметкерлеріне үміт артады. Сондықтан ең алдымен барлық ынталандырулар профилактикаға, екпелер салуға бағытталады. Біз алдымен аналар мен балалардың денсаулығына қатысты шаралар кешенін ұсынуды жөн көрдік», — дерп түсіндірді министр. Атап айтқанда, бұл уақытылы есепке алу бойынша стимулдар және т.б.

Елжан Біртанов қазақстандықтарды жаңа заң жобасын талқылауға белсене қатысуға шақырды.

«Бұл қоғамдық талқылауды аса қажет ететін ұсыныс. Маусым айында біз Парламентке кодекс жобасын ұсынуымыз керек. Сондықтан қазір қоғамдық талқылау жүріп жатыр, ол тәуекелдер факторын шектеуге т.б. бағытталған. Сол себепті белсене талқылауға шақырамын, сарапшылардың пікірлері де маңызды. Сарапшылардың пікірлерін ескерумен көптеген позициялар бойынша біз өз ұсыныстарымызды өзгерттік», — деді ол.

Сонымен қатар министр Министрліктің менингит және қызылша тәрізді аурулармен ауыру оқиғаларын төмендету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Медициналық ұйымдардың жұмысында кемшіліктер анықталған өткен жылдың тәжірибесін ескерумен, барлық дерлік медициналық мекемелерде оқыту шаралары жүргізілді. Барлық әкімшілік шаралар қабылданды, ұйымдастырушылық кемшіліктер ескерілді. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тұрғындар арасында профилактика, екпе егу бойынша түсіндірумен үлкен жұмыстар атқаруда.

«Қызылша бойынша біз вакциналауды кеңейту туралы шешім қабылдадық. Балаларға екі рет – 1 жаста және 6 жаста екпе егумен қатар, біз мерзімін 9 айға жылжыттық. Себебі, иммунитеті жоқ екпе егілмеген аналардан балалар туылады, қауіпті төмендету үшін біз екпе егуді сәл ертерек бастауға бел будық. Сондай-ақ, жас аналарға екпе еге бастадық. Қажетті 2,5 адамды біз анықтадық, қосымша вакциналарды сатып алдық», — деді министр.

www.primeminister.kz

Тауарлар мен қызметтердің сапалық қауіпсіздігін бақылау бойынша бірлескен Комитет қоғамдық денсаулық сақтау және фармация комитеттерінің базасында құрылады. Мемлекет тарапынан бақылауға алынатын қызметтер спектрі кеңейтіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.

Е. Біртанов атап өткендей, қазіргі заңнамада тек медициналық қызметтерді көрсетуге ғана бақылау қарастырылған. Мысалы, егер бұл косметологиялық процедуралар болса, онда медициналық қызметкерлердің қатысуымен және медициналық іс-әрекеттер жасалады, бірақ түрлі сұлулық салондары мен шаштараздар бұл тізімнен алынып тасталады.  

«Қазір біз ең алдымен тауарлар мен қызметтердің сапалық қауіпсіздігін бақылау бойынша бірлескен комитет құрамыз, ол қазір Үкімет қаулысында жатыр. Бұл үлкен қадам», — деді Е. Біртанов.

Бірлескен Комитет қоғамдық денсаулық сақтау және фармация комитеттерінің базасында құрылатын болады. Түрлі тұрмыстық және косметологиялық қызметтер бақылауға алынады. Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, бұл бизнестің дамуына еш кері ықпалын тигізбейтін болады.

«Біз бизнес пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сәйкес жұмыс істейтінімізге сенім білдіремін. Міндетіміз бизнесті шектеп, кедергі немесе қандай да бір жемқорлық нормаларын құру емес, керісінше, бірлесе отырып, ашық жүйені құруымыз керек. Ең алдымен, қызмет көрсетудің барлық ұлттық стандарттарын қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Қызметтерді көрсету стандарттары, сондай-ақ тамақ қана емес, тұрмыстық, парфюмерлік тауарлар, ойыншықтар т.б. стандарттарына регламенттер бәрі халықаралық стандарттарға сай келуі тиіс», — деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, зертханалық база күшейтіледі. Тауарлар мен қызметтердің тиісті сапасына сай келу мақсатында барлық зертханалардың халықаралық сертификатталуын қамтамасыз ету керек.

Бұдан өзге, ақпараттың айқындығы мен қолжетімділігіне көңіл бөлінеді.

«Нарық кімнің стандарттарға сай келетінін, кімнің сай еместігін шешуі үшін хабарландыру сипатындағы цифрлық жүйеге көшуді жоспарлап жүрміз. Өкінішке орай, көбінесе айқындықтың болмауынан, халық қандай да бір кәсіпорында немесе өнімде қандай бұзушылықтардың бар екенін білмейді. Біз соңғы жылдары аталған бағыттағы жұмысты жандандырдық. Біздің аумақтық комитеттер бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, ақпаратты жариялайды. Айқындық – бәрінің негізі», — деп түйіндеді Е. Біртанов.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысы бойынша 2011–2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалағанын айтты. Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді.

Министрдің айтуынша, ХЭБ ұсынымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралды, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына өзгерістер енгізілді. Сібір жарасы бойынша жыл сайын 100% қамти отырып, сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіледі.

«Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды. Осы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды, аусыл бойынша шектеулер алып тасталды, ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді, ет комбинаттарында инспекция жүргізілді, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Тізілімге енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты», — деді С. Омаров.

Халықаралық эпизоотиялық бюрода вакцина салынбайтын аймақтағы (ҚР 9 облысы) және вакцина салынатын 5 аймақтағы Қазақстанның аусыл бойынша саламаттылығы қайта расталды.

Иранмен Қазақстаннан сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді. Бахрейнге сиыр еті мен қой етін экспорттау жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісілуде.

Осы жылдың басында Қазақстан шошқаның африкалық обасы бойынша саламатты ел мәртебесін алды. ХЭБ-пен Францияда ветеринария мамандарын оқыту жұмысы жалғасуда. Заңнамалық негізде ветеринариялық бақылау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесін құру, жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызмет вертикальін құру, жануарлар мен өнімдердің орнын ауыстыруды бақылау үшін мобильді бекеттер құру, үшінші елдердің Тізіліміне енгізу үшін қазақстандық кәсіпорындарға жүргізілетін инспекцияларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көзделеді.

Аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы дер кезінде қабылданған шаралар шегірткелердің таралу аймағын өткен жылғы 1,9 млн гектардан осы жылы болжанып отырған 950,4 мың гектарға дейін екі есеге азайтуға мүмкіндік берді.

«Пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынды. Сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Қазақстан осы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатуда.

«Шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап қалуға және шошқалардың классикалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттыруға жол ашады», — деп түйіндеді С. Омаров.

Өңірлерде ветеринарлық шаралардың орындалуы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов баяндады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек соңғы жылдары аса қауіпті карантиндік ағзалардың таралу аумағының төмендеп келе жатқанын айтты. Мәселен, 2018 жылды 2017 жылмен салыстырсақ, 112 га төмендеген. Биыл аталған алаңдарды тағы 7% қысқарту көзделген. Қабылданып жатқан шаралар жергілікті деңгейде өнімділік пен егіс алқаптарының көлемін арттыруға жол ашады.

www.primeminister.kz

Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі қаралды. Ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаровтың, өңірлер әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Қорытындылай отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет алдында 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кемінде 2,5 есе өсіру міндеті тұрғанын атап өтті.

«Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.

2017 жылы Қазақстанның барлық өңірлері аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Осының арқасында, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясына мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған шектеу алынды, тиісті шарттар келісілді. Қазіргі таңда Израиль, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдермен осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Биыл наурызда қазақстандық фитосанитарлық қызмет 30 ұн кәсіпорнын тексеріп, олар ҚХР бидай ұнын экспорттаушылар тізіміне енгізілді.  

«Ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз ететін сенімді көзге айналуға барлық әлеуеті бар», — деді А. Мамин.

Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесіп келесі мәселелерге ерекше назар аударып, нақты шараларды қолға алулары қажет. Атап айтқанда:

тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету;  

мал қорымдары орындарының ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес болуы;

егіс алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын уақытылы қабылдау;

тиімді ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды қамтамасыз ету.

«Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудаға қатысты жасалынған келісімдер аясында тиісті рәсімдерді жүргізу қажет», — деді ҚР Премьер-Министрі А. Мамин.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Премьер-Министр денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен бірқатар өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, ҚР Үкіметінің алдында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және оның сапасын жақсарту — ортақ міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл қазақстандықтардың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте халықтың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігі мәселесі аса маңызды мәселе», — деп А. Мамин, аталған жүйедегі проблемаларды – алғашқы буын дәрігерлерінің жүктемесінің ауыр екенін және маман тапшылығы бар екенін атап өтті.  

Үкімет «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттарды енгізіп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуде.

Үкімет басшысы міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне келесі бағыттар бойынша жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Біріншіден, жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашу арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен жарақтандырылуы қажет.

Қарағанды облысындағы Көктас ауылы және Жамбыл облысындағы Гродеково ауылында тиімді жүзеге асырылған жобалар атап өтілді. Премьер-Министрдің айтуынша, енді осы оң тәжірибе басқа да өңірлерде қолданылуы керек.

Екіншіден, жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін пысықтау қажет.

Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтерме ақы төлеу, ал Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы ұйымдастырылғаны аталып өтті. Премьер-Министр осындай бастамаларға аса көңіл бөлу керек екенін айтты.

Үшіншіден, Елбасының тапсырмасын тиімді орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай мерзімде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдіктермен пысықтап, оны бекіту үшін Премьер-Министр Кеңсесіне енгізу тапсырылды.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және қазіргі жағдайы туралы баяндады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыздың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Алғашқы медициналық–санитариялық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Дәрігерлердің жүктемесін төмендету мақсатында 2018 жылы 1315 жалпы практика дәрігерінің учаскесі мен 79 педиатриялық учаске ашылды және 1 дәрігердің жүктемесі 1989 тіркелген адамды құрады.

2019 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарындағы 5 000-нан астам түлектің 1515-і жалпы практика дәрігері маманы болады. Бұл алғашқы медициналық көмек кадрларының тапшылығын түгелдей қамтуға жеткілікті. Биылдан бастап түлектер мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті түрде үш жылдық жұмыстарын өтейтін болады.

АМСК қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұйымдарды ірілендіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда 214 жаңа объект пайдалануға берілді, оның 31%-ы жеке инвестиция қаражатынан салынды. Алдағы үш жылда 120 млрд теңгеден астам сомаға жаңа 595 АМСК объектісін ашу жоспарланған. Бұл ретте, объектілердің жартысынан астамын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 228 АМСК объекті күрделі жөндеумен, 11000-нан астам медициналық техникамен қамтамасыз етіледі.

Е. Біртанов жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін және олардың мемлекеттік сараптамасын оңтайландыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі АМСК объектілерінің үлгілік жобаларын әзірледі. Бұдан өзге, кейбір өңірлерде АМСК объектілерінің дайын дербес жобалары бар, оларды Қазақстанның басқа өңірлерінде пайдалануға болады. Осылайша, АМСК объектілерін салуға барлық қажетті жағдай жасалынған.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында негізгі созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы кеңейтілуде.

Елбасының тапсырмасы бойынша, ауруларды басқару бағдарламасын енгізген мамандарды ынталандыру мақсатында 2019 жылдың басынан 36 000 учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20%-ға ұлғайту жоспарланып, 5,3 млрд теңге көзделді.

Бұған қоса, Е. Біртанов АМСК толықтай цифрландыру процесіне тоқталып өтті.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен жабдықтау 95,1% құрады, қалалар мен аудан орталықтарында интернет желісі мен медициналық ақпараттық жүйені енгізу 100% құрады», — деді ол.

Денсаулық сақтау ұйымдарының 99%-нда медициналық құжатты қағазсыз жүргізу енгізілді, 2 млн-нан астам адам емделушілерге арналған мобильдік қосымшаны қолдануда. Цифрландырудың нәтижесінде емханаларға келу 2 есеге, кезектер саны 60%-ға қысқарды.

Қорытындылай келе, Е. Біртанов Денсаулық сақтау министрлігі АМСК қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жұмыстарын тұрақты негізде жүргізетінін атап өтті.

Сонымен қатар, мәселені қарау барысында Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың, Жамбыл облысының әкісі А. Мырзахметовтың есептері тыңдалды.

Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова биыл 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аяқталатынын атап өтті. Сондықтан да Алғашқы медициналық–санитариялық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау қажет. Г. Әбдіқалықова әкімдер мен мемлекеттік органдарды алдағы бес жылда денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық АМСК сапасы мен қолжетімділігін арттыруға берілетінін ескере отырып, өз ұсыныстарын енгізуге шақырды.

www.primeminister.kz

 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Петербург трактор зауыты» АҚ бас директоры Сергей Серебряковпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ынтымақтастық мәселелері және Қазақстанда «Кировец» тракторлары өндірісін дамыту перспективалары талқыланды.

Зауыттың бас директоры Сергей Серебряков тракторларды құрастыруды ұйымдастыру, құрамдас бөліктері: айқартопсалы білік, дөңгелек дискілері және «АгромашХолдинг KZ» қуаттылығында басқа да жиынтық бөліктері өндірісін құру бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Өндірісті жергіліктендіруді үш кезеңмен: 2019, 2021, 2023 жылдары іске асыру жоспарланған.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Петербург трактор зауыты» АҚ-мен бірлесіп, бірлескен ынтымақтастықты іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанда «Петербург трактор зауыты» АҚ өнімі сұранысқа ие. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жыл сайынғы сұраныс шамамен 400 тракторды құрайды.

www.primeminister.kz

Сейсенбі күні, 2 сәуірде, сағат 09:00-де Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің отырысы өтеді.

Отырыстың күн тәртібінде:

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту шаралары.

Ветеринарлық және финосанитарлық қауіпсіздік мәселелері.

ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру» тақырыбында баспасөз конференциясы өтеді.

Тікелей таратылымдарды PrimeMinister.kz сайтынан, Фейсбук, «Вконтакте», Твиттер, Перископ әлеуметтік желілерінен, Ютуб ресми арнасынан, сондай-ақ Андроид пен Айфонның мобильдік қосымшаларынан көре аласыздар.

www.primeminister.kz

Қазақстан Үкіметінде бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Әсет Маратұлы Мағауов ҚР энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Б. Ақшолақов берілген өтінішіне сәйкес лауазымынан босатылды.

Ә. Мағауов 1972 жылы Атырау облысының Құлсары ауылында дүниеге келген. И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын тәмамдаған, Халықаралық Валюта Қорында және Азия Даму Банкінде тағылымдамадан өткен. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әртүрлі жылдары «Теңізмұнайгаз» АҚ, «Қазақойл» ЖАҚ, «Мұнай және газ тасымалдау» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыс істеген. 2008–2010 жылдары — ҚР энергетика және минералды ресурстар вице-министрі; 2010–2011 жылдары — ҚР мұнай және газ вице-министрі. 2017 жылғы желтоқсаннан бастап KAZENERGY қауымдастығының бас директоры лауазымын атқарған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметінен босатылды.

ҚР мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Қуат Қаһарманұлы Бораш Тіл саясаты комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.

www.primeminister.kz

2019 жылғы 29 наурызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында индустриялық кәсіпорындарға, көлік инфрақұрылымының салынып жатқан нысандарына барып, Алматы өңірінің турбизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын аралау кезінде «KBTU Drilling Center» оқу-жаттығу орталығы мен мұнай-газ саласының мамандары біліктілігін арттыратын Қазақстандық теңіз академиясын барып көрді. Асқар Мамин радиоэлектроника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын, композит бұйымдарды, күн электр станциясы нысанын шығаратын «KazTechInnovations» ЖШС зауытына барды. «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА әкімшілік орталығында Үкімет басшысына осы аймақ аумағында орналасқан кәсіпорындардың қызметінің бағыттары туралы баяндалды.

Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күре жолы бойындағы жол айрығын көру кезінде ҚР Премьер-Министрі көлік схемасын дамыту туралы ақпаратты тыңдады, сондай-ақ, Абай даңғылы мен Б. Момышұлы көшесінің қиылысының маңында орналасқан «Достық» метросы бекетінің құрылысын көрді. Ұзындығы 3,1 км «Сарыарқа» және «Достық» метросының жаңа бекеттері метрополитендегі жолаушылар ағынын тәулігіне 46 мың адамнан 86 мыңға дейін ұлғайтуға жол ашады. ҚР Премьер-Министрі Алматыда қоғамдық көліктің дамуы мен жеңіл рельсті көлік (ЖРК) құрылысы жобаларын іске асыру жөніндегі баяндамаларды тыңдады.

А. Мамин «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы» ЖШС киім шығару фабрикасына және қаланың индустриялық аймағының бірқатар кәсіпорындарына барды. Атап айтқанда, Tokyo Rope Manufacturing корпорациясының инженерлік қорғаныс жүйелерін өндіру зауытын көрді, жеңіл автокөлік өндіретін «Hyndai Trans Kazakhstan» зауытының құрылыс алаңдарында болды, сондай-ақ диаметрі 300 мм-ден 900 мм-ге дейін үлкен болат дәнекерлі құбырлар өндірісі жолға қойылатын Asia Steel Pipe кәсіпорнына барды. Зауыт жыл сайын мұнай, газ, су және мұнай өнімдерін тасымалдау және тау-кен өндірісі, құрылыс, химия өнеркәсібі, энергетика салаларында пайдалану үшін 100 мың тоннаға дейін құбыр жеткізетін болады. Жұмыс сапары электр автобустарын құрастыратын «Falcon Eurobus» ЖШС зауытында жалғасын тапты. Мұнда ҚР Премьер-Министріне үшінші буынның электр автобустарының модельдері көрсетілді.

Алматыда ҚР Премьер-Министрі Алматы өңірінің туристік тау кластерінің перспективалық нысандарын ұшып аралады, сонымен қатар оны дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес жұмысына Алматы қаласы мен Алматы облысының туристік бизнес-қауым өкілдері қатысты.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту