Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркияға сапары барысында ел Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды.

Қазақстанның СІМ басшысы түрік елінің көшбасшысына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемдемесі мен ізгі тілектерін жеткізді. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қ. Әбдірахманов атап өткендей, Қазақстанда қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын нығайтудағы Р. Ердоғанның рөлін ерекше көреді. Бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Түркия көшбасшылары ислам әлемінде келісу үдерістерін жандандыру туралы мәлімдеме жасады. Қ. Әбдірахманов 2017 жылдың қыркүйегінде Астанада Түркия төрағалығының аясында ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өткенін еске салды.

Түркия Президенті Анкарада қос ел көшбасшыларының төрағалығымен жоспарланған Жоғарғы деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы екі мемлекет арасындағы әмбебап ынтымақтастыққа үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Қазақстан Түркияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі, сондықтан Р. Ердоған екі жақты тауар айналымын $10 млрд дейін ұлғайту туралы жаңа мақсат қоюды ұсынды.

Р. Ердоған Н. Назарбаевтың қолдауымен өтіп жатқан Сирия жөніндегі Астаналық үдерістің маңызын атап өтті. Түркия Президентінің пікірінше, бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды. Оның айтуынша, кепілдік беруші елдер Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға тырысады. Бұл туралы Түркия, Ресей және Иран көшбасшылары 4 сәуірде Анкарада өткен кездесу барысында келісті. Түркия басшысы, сондай-ақ Қазақстанның рохинджа еліне гуманитарлық көмек көрсетуде қосқан үлесі үшін Н. Назарбаевқа алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Анкарада Қ. Әбдірахманов Түркия Парламентінің Төрағасы Исмаил Кахраманмен кездесу өткізді. Кездесу барысында парламентаралық байланыстар мен екі елдің халықаралық парламенттік ұйымдарда өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.

Қазақстанның СІМ басшысы ірі түрік компанияларының өкілдерімен және Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулдарымен дөңгелек үстел өткізді. Министр Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында және «Бес әлеуметтік бастамасында» бекіткен экономикалық бастамалары туралы айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі заңнаманың тұрақтылығын бекіту, шетел инвесторларының қауіпсіздігін күшейту және елде бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бағытында жұмыс атқаруда. Қ. Әбдірахманов ЕАЭО қызмет етуіне, «Бір белдеу және бір жол» бастамасын іске асыруға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты және АT-стартаптар технопаркін іске қосуға байланысты мүмкіндіктерге назар аударуға шақырды.

Қазіргі таңда Түркияның іскерлік топтары Қазақстанның экономикасына $2 млрд аса қаражатты инвестициялады, ал Түркиядағы қазақстандық инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $1 млрд құрайды. Қазақстанның құрметті консулдықтары Түркияның Адана, Бурса, Невшехир, Мерсин провинциялары мен Алания қаласында қызмет жасайды.

Бұдан өзге, Қазақстанның СІМ басшысы сапар барысында алдыңғы қатарлы саяси орталықтардың басшыларымен және түрік бұқаралық ақпарат құралдарының шолушыларымен кездесіп, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайлар туралы пікір алмасты.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 20 сәуір 2018

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту