ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Жаңаөзендегі политехникалық колледжге барып, онда білім беру жүйесін дамыту барысымен танысып, моноқаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелері бойынша қала активімен және жұртшылығымен кездесу өткізді.

Колледж директоры Т. Болатбаева заманауи талаптарға сәйкес 13 мамандық бойынша жоғары білікті мамандар мен жұмысшы кадрларды даярлау туралы айтып берді. Бүгінгі таңда оқу орнында 800-ден астам адам білім алуда. Мұнда Премьер-Министр оқу үдерісін ұйымдастыру, теориялық және практикалық сабақтарды өткізуге арналған оқу аудиторияларын жабдықтау жағдайымен танысты.

Премьер-Министрге «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру саласын цифрландыру барысы туралы, атап айтқанда «Е-колледж» және «Mektep.edu.kz» ақпараттық жүйелерін енгізу туралы баяндалды.

Маңғыстау облысында, жалпы елдегі секілді, білім беру жүйесін цифрландыру бағдарламасы енгізіліп жатыр. Бүгінгі таңда мектептер 100% интернетке қосылған, 95% — кең жолақты интернет. Барлық мектептерде Mektep.edu.kz, «Мектепке қабылдау және тіркеу», «Е-колледж» ақпараттық жүйелері және бағдарламалау бойынша сәйкестендірілген оқу бағдарламасы енгізілуде.

Өңір активімен және жұртшылығымен кездесу барысында Әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын, Жаңаөзенде Кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспарын іске асыру барысы, цифрландыру және қала инфрақұрылымын одан әрі дамыту келешегі талқыланды.

Жұмыспен қамту, МӘМС жүйесін енгізу, кәсіби оқыту және жастарды еңбекпен қамту, сондай-ақ ШОБ қолдау көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл орайда Президент 24 мамырда қол қойған Кәсіпкерлік қызметті жетілдіру туралы заң ерекше мәнге ие.

Заңға сәйкес мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі тұжырымдамалық түрде өзгереді. Алдын ала бақылау институты енгізілуде, бақылаудың 20 саласы шектелуде және бақылау функциялары және есептерді берумен байланысты ақпараттық құралдардың саны 30%-ке азаяды.

Жаңаөзен әкімі Ә. Дауылбаев әлеуметтік-экономикалық даму және алдағы жоспарлар туралы баяндады. 2012–2020 жылдарға арналған қаланы дамытудың кешенді жоспары аясында 116 іс-шараның 53-і орындалды. Жоспардың қалған тармақтары бойынша жұмыстар орындалуда.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Жаңаөзен қаласының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері төмендегідей: өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 156 млрд теңгені құрады (2016 ж. — 120,3 млн теңге). Нақты көлем индексі — 117,4%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 30 млрд теңгені құрады және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,1% өсті (2016ж. — 21 млрд теңге). Облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі осы жылдың қаңтар-мамыр айларында 3,5% (59,9 млрд теңге), негізгі капиталға салынған инвестициялар — 7% (9,2 млрд теңге), құрылыс жұмыстары — 6,8% (2,6 млрд тг), ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімі — 5,7% (166,9 млн теңге), бөлшек сауда айналымы — 4,2% (1,9 млрд тг) құрады.

Ұлттық экономика вице-министрі А. Жұмағұлов кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы айтып берді. Қазіргі таңда қалада 8113 ШОБ субъектісі тіркелген, онда 21 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Экономикалық белсенді тұрғындар тобындағы ШОБ үлесі 30% құрайды. Жыл басынан бері 4424 жаңа жұмыс орны ашылған, бұл өткен жылғыдан 521 артық.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев өзінің баяндамасында білім саласын дамыту және гранттарды ұлғайту және студенттерді жатақханалармен қамту арқылы білім алудың қолжетімділігін арттыруға байланысты «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру механизмдері мәселелерін қозғады.

Облыста жатақханаларға деген жалпы сұраныс 2600 орынды құрайды, оның ішінде ЖОО-лар — 1000, колледждер — 1600. Студенттерді қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 3,56 га болатын 5 жер телімі бөлінді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Әлтаев өз кезегінде еңбек ресурстары ағымы, облыстың жұмыспен қамту өнімділігі бойынша міндеттері, жаңа экономика үшін кадрлар даярлау мен еңбекке жұмылу бойынша Жол картасын бағалау туралы баяндады.

2001 ж. бастап жұмыс күшінің саны екі есеге, 146-дан 292 мың адамға дейін артқан. Жұмыспен қамтылғандар саны артты: 131-ден 277 мың адамға дейін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі 24-тен 6% дейін азайды. Маңғыстау облысы еңбек күші артығымен шоғырланған аймақтардың бірі, өңірден еңбек күшінің тапшылығы бар аудандарға қоныс аударту жүргізіліп жатыр. Қосымша 2328 отбасыны (9,4 мың адамды) көшіру көзделіп отыр.

Талқылау барысында қала жұртшылығы мен бизнес өкілдері сөз сөйледі. Орталық қалалық аурухананың бас дәрігері М. Сарыев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Бекмағанбетов, кәсіпкерлер К. Жалымбетов пен И. Қалдаманов, Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы С. Мыңбай, қаланың құрметті азаматы С. Өтеулі денсаулық сақтау жүйесі мен аулы шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту және басқа да мәселелерді көтерді.

Сонымен қатар, моноқаламен танысу барысында Премьер-Министр №3 жаңа қалалық ауруханаға барды, онда мекеменің техникалық жарақтандырылуымен танысып, қабылдау бөлмелерін көрді, емделушілермен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесті.

Жұмыс сапары әрі қарай облыс орталығы — Ақтау қаласында жалғасады.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 08 маусым 2018

Мұрағат

Маусым
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту