Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкіметтің және Есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

«Үкімет есебін талқылау кезінде бюджеттің кіріс жағының әлі де болса шикізат секторынан тәуелділігі, салықтардың базасын кеңейту, салық тексерулерінің тиімділігі және оларды әкімшілендіруді жетілдіру сияқты жүйелі мәселелер көтерілді. Бюджет кірістерінің кен байлықтарынан түсетін салықтарға тәуелділігін азайту - Үкімет жұмысындағы басты бағыттардың бірі. Ол әртүрлі бағдарламалық құжаттар: экономиканы диверсификациялау, инфрақұрылымды құру, өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жүзеге асуда», - деп атап өтті Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. 

Оның сөзіне қарағанда, осы бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайдың арқасында 2017 жылы 72 мыңға жуық салық төлеуші экономикалық айналымға тартылды. Яғни 2016 жылы қолданыстағы салық төлеушілер саны 1 448 414 болса, 2017 жылы 1 520 101-ге жетті.

«Шағын және орта бизнес саны 6,4  пайызға, яғни 12 117 заңды тұлғаға (2016 жылы - 188 377, 2017 жылы - 200 494) өсті.  Өткен жылы Үкіметте «Салықтардың түсімін арттыру» жоспары қабылданды. Оны іске асырудың нәтижесінде өткен жылы Жалпы ішкі өнімге шаққандағы салықтық түсімдердің төмендеу тренді күрт өзгерді. Егер де бұл көрсеткіш 2016 жылы 15,2 пайызға дейін төмендесе, есепті жылы ол жоспардағы 15,8 пайыздың орнына 16,8 пайыздан асып түсті», - деді министр.

Көлеңкелі экономикамен күрес шеңберінде жанама салықтарды әкімшілендіруді жақсартуда біраз жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Б. Сұлтанов кеден саласында импорт операцияларының уақытын қысқарту үшін «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі іске қосылғанын еске салып өтті. Тауар айналымын және қосымша құнның өсуін қадағалау үшін қанатқақты режімде тауарларды таңбалау жобасы іске асырылуда.

«Осы жылдың тамыз айында Blockchain технологиясын қолдана отырып, осы салықтың орындалуының айқындығын қамтамасыз ететін жобаның тұсаукесерін өткізгелі отырмыз. Жобаның мәні - салық төлеушілердің қаржылық транзакцияларын онлайн режімінде қадағалап, оларға салықты уақытында қайтару. Тауарлардың қосылған құнының толық мониторинг циклы тізбекшесі қанатқақты режімде тестілеуден өтуде. Онда тауарлардың шекарадан, яғни өндірушілерден бастап, олардың тұтынушыға сатылуына дейінгі процесі қамтылады», - деді министр.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 11 маусым 2018

Мұрағат

Маусым
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту