Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев еңбек нарығындағы кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде қабылданған шаралар туралы айтып берді.

Нұржан Әлтаев атап өткендей, қысқа мерзімді кәсіптік білім беру аясында 2018 жылы шамамен 37 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Курстардың ұзақтығы — шамамен алты ай.

Сонымен қатар 09.02.2018 ж. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының цифрландыруды түсіндіру жұмыстарын күшейту және мамандарды АT-саласына оқыту туралы берген тапсырмаларын ескере отырып, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында бүгінгі таңда ҚР ЕХӘҚМ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған қысқа мерзімді білім беру бағдарламасын қайта қарайды.

«Белгілі бір мамандықтар жұмыс берушілер арасында үлкен сұранысқа ие және бұл мамандықтар қазір қысқа мерзімді білім беру бағдарламасы аясында оқытылып жатыр. Дегенмен цифрлық дәуірде мамандығыңыз қандай болса да, әр адам АT дағдыларын игеруі тиіс. Егер сіз оларды игерген болсаңыз, онда қызметкер ретінде, маман ретінде сіздің құндылығыңыз артады. Сондықтан біз қазір қысқа мерзімді оқыту бағдарламасын қайта қарастырып жатырмыз және оларға АT-дағдыларына оқытуды қосамыз. Яғни, осы 37 мың адамның барлығы ақпараттық технологияларды меңгереді», — деді вице-министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға қысқа уақыт ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Оқыту колледждер, кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтары арқылы, сонымен қатар шалғай елді мекендерде мобильді оқу орталықтары арқылы жүргізіледі. Өткен жылы жоспарда 26 мың болғанда қысқа мерзімді курстарда нақты 61 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар оқытылды. Бұл орайда, бағдарлама қатысушылары шәкіртақымен, жолақымен, тұру жайымен қамтылады.

Сонымен қатар, Нұржан Әлтаев АТ-сауаттылық бойынша арнайы курстарды іске қосу мүмкіндіктері туралы айтты.

«Біз қазір биыл жобалар аясында "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы үшін 10 мыңға жуық АТ-мамандарды даярлау туралы ұсыныстармен шығып жатырмыз. Яғни, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында іске асырылатын жеке жоба болады», — деді Н. Әлтаев.

Сонымен қатар вице-министр БАҚ өкілдерінің шағын несие алу механизмдері туралы сауалдарына жауап берді.

2017 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 15 мың қазақстандық оқытылды, оның ішінде 7 мыңы өз ісін ашуға шағын несие алды. Биыл Төртінші әлеуметтік бастама аясында шағын несиелендіруді қаржыландыру 20 млрд теңгеге арттырылып, 62 млрд теңгеге дейін жеткізілді.

«Биыл біз шағын несиелендіруді екі есеге, 14 мың адамға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Шағын несиелер 7 жылға дейін, 6% жылдық пайызбен беріледі. Егер адамның кепілдікке қоятын мүлкі жеткіліксіз болса, онда мемлекет оның бизнес жоспарын қарастырып, бұл несиеге 85% кепілдік ұсына алады», — деп түйіндеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

www.primeminister.kz

 

Жарияланды: 10 шілде 2018

Мұрағат

Шілде
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту