Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Кеңес барысында Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың негізгі аспектілері мен келешегі қаралды. Атап айтқанда, кадрларды даярлау сапасын арттыру, қосарлы білім беруді кеңейту, дұрыс бағдар таңдау, оқыту-материалдық базаны дамыту, индустрияландыру жобаларын еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету, ТжКББ және құзыреттілік орталықтарын дамытуды қолдау қорын құру, сондай-ақ мамандарды даярлауға шетелдік инвесторларды тарту мәселелері талқыланды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, ТжКББ жүйесінің алдында шұғыл әрекет етуді талап ететін бірқатар мәселелер тұр. Индустрия 4.0 қажеттіліктеріне сәйкес және ТжКББ әлеуметтік бағдарлылығын ескере отырып кадрларды даярлаудың барлық жүйесі өзгертілуде. Бүгінгі таңда ТжКББ-ның түбегейлі жаңа моделі қалыптастырылып жатыр, оның негізгі міндеттері Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасымен және Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен анықталған.

«Соңғы екі жылда біз TжКББ жүйесіне қажетті 500 негізгі шетелдік оқулықты аудардық. Олар арнайы пәндерді оқытуға негіз болады. 10 мыңға жуық оқытушы мен мастерлерді жаңа мазмұнға сәйкес оқыттық, 5 200 – осы жылға, 5 200 соңғы топ — келесі 2019 ж. Яғни, колледждерді жаңа бағдарламалармен және оларды түсінетін оқытушылармен, сондай-ақ негізгі оқулықтармен қамтамасыз етеміз. WorldSkills талаптарының негізінде мазмұнды жаңарту үшін барлық 246 мамандық бойынша модульдік бағдарламалар әзірленді, бағдарламалардың мазмұнын және күтілетін біліктіліктерді жұмыс берушілер мақұлдады. Енді соларды белсенді түрде енгізу керек», — деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Е. Сағадиев.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, индустрияландыру жобаларын еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін кадрларды даярлау картасы әзірленді. Мәселен, тау-кен металлургия саласының 8 ірі жобасында шамамен 3 411 адам күтілетін сұранысы 15 колледжде даярланатын кадрлар есебінен қамтылады деп күтілуде, болжамды түлек саны — 4 535 адам.

Е. Сағадиевтің айтуынша, қосарлы білім беруді кеңейту бойынша «Атамекен» ҰКП колледждің студенттерін өндіріс орнынан жетекшіні анықтау арқылы кәсіби практикаға тартуды жалғастырады. Бұдан өзге, ТжКББ дамытуды қолдау қорын құру арқылы кадрларды даярлауға қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту ұсынылады. Осындай қорлар бірқатар елдерде жұмыс істейді. Қор қазақстандық және шетелдік компаниялардың қаражаты есебінен әрекет етеді.

Мамандарға қажеттілікті болжаудың ұлттық жүйесін құру туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндады.

Бүгінде болжаудың үш негізгі моделі бар: демографиялық (2050 ж. дейін), орташа мерзімді — 5 жылға, сондай-ақ, алдағы жылға арналған еңбек ресурстарына деген қысқа мерзімді болжамды сұраныс.

Демографиялық болжам ағымдағы және ретроспективті көрсеткіштер туралы ақпарат негізінде есептеледі.

Орта мерзімді болжам жұмыспен қамтудың ағымдағы кәсіптік құрылымы туралы деректерге, сондай-ақ өңірлер мен салалардың әлеуметтік-экономикалық даму болжамына негізделеді.

Қысқа мерзімді болжам жұмыс берушілердің жыл сайынғы сауалнамаларына негізделеді. Өткен жылы жергiлiктi атқарушы органдардың көмегiмен сауалнамаға 10 мыңнан астам кәсiпорын мен ұйымдар тартылды.

«Базалық сценарий бойынша болжамның ұзақ мерзімді кезеңінде 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 20,8 млн адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 25,8 млн адамға артады деп болжанған. Сонымен қатар, 2017 жылғы 10,9 млн адаммен салыстырғанда 2050 жылы еңбекке жарамды жастағы адам саны 15,1 млн болады деп болжанған. Жұмысқа дайын адам саны, яғни жұмыс күші болжам бойынша 2050 жылға қарай 11,3 млн адам болмақ, бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 26%-ға жоғары», — деді министр М. Әбілқасымова.

Индустрия 4.0 үшін кадрлармен қамтамасыз ету туралы инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек баяндады.

Оның айтуынша, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу үшін маңызды фактор — адами ресурстардың болуы. Бұл білікті жұмыс күшіне, атап айтқанда, инженерия, информатика саласына, сондай-ақ біліктіліктің барлық деңгейлерінде өндірістік технологияларға қатысты. Индустрия 4.0 өнеркәсіптік сектордағы еңбек сипатына пәрменді ықпалын тигізеді. Индустрия 4.0 жұмыскерден негізгі дағдыларды талап ететіндіктен, жұмыс орындарының бір бөлігі уақыт өте келе жойылады (өндіріс пен қызмет көрсетуде), жаңа кәсіптер пайда болады (АКТ мамандықтар: деректерді басқару, деректер қауіпсіздігі, бағдарламалық қамтуды әзірлеу, деректер сараптамасы т.с.с.). Адам үшін бірсарынды, кертартпа, әрі қауіпті еңбекті өнеркәсіптік роботтар алмастыратын болады, олардың жұмысын робототехниктер мен өнеркәсіптік роботтардың жұмысын үйлестірушілер реттеп отырады.

Техникалық және кәсіби білім беруді дамытудың тиімді құралдары туралы «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиева айтып берді.

Ал өңірлердегі ахуал туралы селекторлық режимде Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев пен Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов баяндады.

Сонымен қатар өз ұсыныстарын және пікірлерін «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» ассоциациясының өкілдері бөлісті. Олардың ішінде ШИҚК басқарма төрағасы, ҚР-дағы Еуропа қайта құру және даму банкінің директоры А. Прейманис, ШИК жұмыс тобының шетелдік тараптан инвестициялық саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі тең төрағасы, «EY» компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Е. Досымбеков, Орталық Азия аймағы бойынша ENI атқарушы вице-президенті В. Луки, «РУСАЛ» БК Қазақстан өкілдігінің директоры В. Смирнов және басқалары бар.

Кеңесті қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруын қамтамасыз ету бойынша міндетті қойғанын атап өтті. Экономикалық өсімнің жаңа моделіне уақытылы әрі кезең-кезеңмен көшу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет.

«Бұл өте үлкен міндет, егер біз бұған әзірленбесек, әрине, біз алға жылжымаймыз, тек бір деңгейде қаламыз. Жаңғыру өте жылдам жүргізіледі, сондықтан кадрларды алдын-ала дайындау қажет. Бүгін бір технологиялар пайдаланылса, екі жылдан соң мүлдем басқа технологиялар келеді. Колледждерді бірлесіп жабдықтау керек, әр өңірде басқалары дағдылары мен тәжірибесін алуы үшін үлгі болатын колледж болуы керек. Шақырылған оқытушылар жергілікті оқытушылармен өз тәжірибелерімен және керекті деңгейдегі біліктіліктерімен бөлісуі өте маңызды. Жұмысты барлық бағыттар бойынша дамыту керек», — деді Премьер-Министр.

Б. Сағынтаев министрліктерге әкімдіктермен және инвесторлармен бірлесіп тиісті Жол картасына жасауды тапсырды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 24 тамыз 2018

Мұрағат

Тамыз
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту