Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инженерлік-көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы Астана қаласының 2019–2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары мақұлданды.

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әкімдік Кешенді жоспар әзірлегенін атап өтті. Игеру аумағының шекаралары 25,7 мың гектардан 15,4 мың гектарға дейін оңтайландырылды және бес перспективалы құрылыс салу аймағы анықталды:

Мыңжылдық аллеясы мен «Нұрлы жол» вокзалы;

Мәңгілік Ел даңғылы;

Тұран даңғылынан батысқа қарай;

Телман кентінен оңтүстікке қарай;

Асан Қайғы көшесі ауданын жаңарту.

Халықтың көші-қон және туу көрсеткіштерінің өсуі есебінен халық санының жыл сайын орташа есеппен 2,5%-ға ұлғаюы күтіледі, 2030 жылға қарай шамамен 2 млн адамға жету жоспарлануда. Болжам бойынша экономика өсімінің жыл сайынғы қарқынының 4%-дан 6%-ға дейін өсуі нәтижесінде, 2023 жылға қарай елорданың ЖӨӨ 70%-ға ұлғайып, 10 трлн теңгеден асады. Бұдан өзге, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 216 мыңнан асып, 37% астам өседі. Өңірлік жалпы өнімде шағын және орта бизнестің үлесі 2023 жылы 57% дейін өседі. (2018 жылы — 50,5%).

Экономика мен салық салынатын база өсімінің күтілетін қарқыны жергілікті бюджет кірісінің 43,7%-ға, 355 млрд теңгеге дейін ұлғаюын қамтамасыз етеді. Астана қаласынан республикалық бюджетке жыл сайынғы түсімдер 14%-ға, 2018 жылғы 823 млрд теңгеден 2023 жылы 940 млрд теңгеге дейін өседі.

«Алдағы бес жылдың ішінде елорданың дамуына шамамен 6 трлн теңге жеке инвестиция салынады. Осылайша, 1 теңге мемлекеттік инвестицияға 4–5 теңге жеке капитал салынатын болады. Өз кезегінде, бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның кеңеюіне, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өсіміне мүмкіндік туғызады», — деді Б. Сұлтанов.

Аумақтарда белсенді құрылыс салу 2023 жылға дейін шамамен 10 млн шаршы метр тұрғын үй енгізілімін қамтамасыз етеді.

Көліктендіру деңгейінің 8-9% дейін жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 км жол, екі жол айрығын, үш көпір, бір жол өтпесін, бір тоннель салу және айналма жолды аяқтау жоспарлануда. Көлік қаңқасын құру елорда жолдарында көліктік коллапстың туындауына жол бермеуді және қаланың негізгі магистральдарынан 50% жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Нақты шешімді қажетсінетін Астананың өзекті мәселелерінің бірі — нөсерлі кәріз жүйесі.

«Келесі жылдың соңына қарай 17,3 мың гектар ауданды қамту және жер үстіндегі сулардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік жасау көзделген. Су жинаудың жалпы алаңы 13 мың гектардан 23 мың гектарға дейін өседі, бұл 2030 жылға дейін игеру алаңының 66,2% немесе 2020 жылға нөсерлі кәріз желісіне ағын сулар алаңның 96,5% құрайды. Халықты сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін 150 км сумен қамту желілері және 81 км су бұру желілері салынады», — деді Астана әкімі.

Екінші Жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңарту қосымша 2–2,5 млн шаршы метр тұрғын және коммерциялық алаңды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етеді. Үшінші Жылу электр орталығының І кезегін салу қаланың батыс және сол жақ бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Ал қуаттылығы сағатына 418 Гкал үшінші Жылу электр орталығының екінші кезегін МЖӘ тетігі арқылы салу жоспарланған.

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта осы салада тәжірибесі бар тәуелсіз кеңесшілерді тартумен, Астана қаласының энергокешендерін жекешелендіру мәселесі қаралып жатыр. Жекешелендіру бойынша тиісті шешім қабылданған жағдайда барлық рәсімдерді 2020 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, 110 кВ үш қосалқы станциясын салу және110 кВ ауа желілерін қайта жаңарту көзделген. Бұл LRT, Мыңжылдық аллеясын, Темір жол кентін электрмен қамтуға, қаланың оңтүстік–батыс бөлігінде жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Б. Сұлтановтың айтуынша, елорданы газдандыру бойынша бірінші кезеңде 2021 жылға қарай Жылу электр орталықтарындағы су жылытқыш және шағын жеке қазандықтарды, сондай-ақ тұрғын-үй алқаптарын газ отынына ауыстыру жоспарланады. Бұл зиянды заттар шығарындыларын 30% төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Есіл өзенінің арнасын әрі қарай реконструкциялау жұмысын күшейту жоспарланған (12 учаске). Бұдан өзге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында, қаланың кез-келген тұрғын ауданынан 20 минуттық жерде саябақтар мен гүлзарлар салу жоспарланған.

Б. Сұлтанов білім беру жүйесін дамыту туралы баяндай отырып, 2023 жылға дейін келіп жатқан адамдардың есебінен контингенттік өсім 124 мың жаңа оқу орындарын құрайтынын, оның ішінде тапшылықты 50% жекеменшік мектептер арқылы, 50% республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жою жоспарланғанын атап өтті.

2019–2023 жылдары шамамен 63 000 орынға 37 мектеп пен 10 қосалқы нысандар салу жоспарланған. Бұл 2021 жылға қарай мектептердегі оқу орындарының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі білім саласында 6 млрд теңгеге алты балабақшаны МЖӘ тетігі арқылы салу жоспарланған

Денсаулық сақтау объектілері бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі белсенді түрде қолданылады. 44,1 млрд теңгеге 13 нысан салу, МЖӘ немесе республикалық бюджет қаражаты есебінен 30,4 млрд теңгеге тағы да екі нысан салу көзделген. Бұл 500 кереуеттік Орталық жол ауруханасы және 250 кереуеттік перинаталдық орталық.

Өз баяндамасын түйіндей келе, Б. Сұлтанов Кешенді жоспарды іске асыру қаланың да, жалпы елдің де экономикасын дамытуда оң әсер тигізетінін айтты. 5 жылдың ішінде бюджетке 7 трлн теңге түседі, сондай-ақ 6 трлн теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған. Бұл 300 мың жаңа жұмыс орнын құруға және 3 млн турист тартуға мүмкіндік береді.

Аталған мәселе бойынша, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астана қаласының 2019–2023 жылдарға арналған кешенді құрылыс жоспары аясында Министрлік құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту салаларында тоғыз іс-шара бойынша қосымша орындаушы болып табылатынын атап өтті.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша Астана қаласының әкімдігі 295,8 млрд теңгеге өтініш берді. Жол-көліктік инфрақұрылым мәселелері бойынша Кешенді жоспар аясында жалпы ұзындығы 200 км болатын 102 жобаны іске асыру және осы мақсаттарға 1000-ға жуық жер телімін алу жоспарлануда. Ж. Қасымбек министрлік жалпы аталған жобаларды іске асыруға қолдау көрсететінін атап өтті.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2019–2023 жылдарға арналған инженерлік және көлік инфрақұрылымының кешенді жоспарын жүзеге асыруға тартылатын инвестициялар экономиканың жылдық мөлшерлемесінің 4%-дан 6%-ға дейін өсуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруда МЖӘ механизмін қолдану арқылы мемлекеттік бюджет ақшасын үнемдеуге болады. МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау лимитін анықтаудың жаңартылған әдістемесіне сәйкес, Астана қаласының лимиті 47,2 млрд теңгеден 88,1 млрд теңгеге дейін өсті, бұл 40,1 млрд теңгеге (47%) артық қаржы көптеген жобаларды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Іс-шаралардың іске асырылуы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 37%-дан астамға көбейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік қызметті арттыру мақсатында әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша жұмыстар жалғастырылуда.

«Кешенді жоспардың іске асырылуы Қазақстан және басқа елдер халқы үшін тартымды еуроазиаттық континенттің экономикалық орталығы ретінде Астана агломерациясын қалыптастыруға едәуір әсерін тигізеді және адами капиталды, халықтың тұрмыс сапасын, әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға жағдай жасайды», — деді Т. Сүлейменов.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин түсініктеме беріп өтті. Жоспарға сәйкес, алдағы бес жылда 10 млн м2 тұрғын үй салынады. 546 мың адам баспанамен қамтамасыз етіледі. 37 мектеп мен 13 денсаулық сақтау нысаны салынады. Жоспарда жобаларды МЖӘ тетіктері арқылы іске асыру көзделген. Жалпы, қаланы дамытуға 6 трлн жеке инвестициялар тартылады.

Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Астана — экономикасы бәсекеге қабілетті, өмір сапасы жоғары мен қоршаған ортасы жайлы, көп функционалды қала ретінде дамуы тиіс деп үнемі айтып отыратынын атап өтті. Жоспарды іске асыру осы мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Астана әкімдігіне және барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Кешенді жоспардың іс-шараларын уақытылы әрі сапалы орындау туралы тапсырма берілді.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 18 қыркүйек 2018

Мұрағат

Қыркүйек
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту