Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру аясында денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті.

Кездесу барысында денсаулық сақтау сапасын арттыру және медициналық дәрі-дәрмектер мен қызметтер бағаларын төмендету мәселелері, сондай-ақ саланы цифрландыру барысы талқыланды. Жалпы, кеңеске медициналық ұйымдардың, үкіметтік емес және қоғамдық бірлестіктердің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 200-ге жуық өкілі қатысты.

Шара қатысушылары саланы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Б. Түменова ҮЕҰ-ның мемлекеттің отандық денсаулық сақтау саласының заманауи сын-тегеуріндерін шешудегі серіктесі ретіндегі рөлі туралы айтып берді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б. Қонысбаева, Семей қ. №3 емханасының бас дәрігері Н. Әлменова және Солтүстік Қазақстан облысының орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері С. Амрина өңірлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шараларын іске асыру тәжірибесімен бөлісті.

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға «Атамекен» ҰКП АКТ комитетінің төрағасы Б. Башеев көңіл бөлді. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е. Нұрлыбаев, өз кезегінде, өңірдің 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшуге дайын екенін мәлімдеді. Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының төрағасы Д. Нұғманова өз баяндамасын халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жалпы тәжірибе дәрігерлерінің рөлін арттыру мәселесіне арнады.

Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының бас директоры А. Шоранова дәрі-дәрмек бағаларын реттеу және оларды сату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау экономикасы орталығының жетекшісі З. Темекова ақылы қызметтер бағасын реттеудің заманауи тәсілдері мен жүргізілген талдау туралы ақпарат берді.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов өз кезегінде Президенттің Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Мәселен, 2017–2018 жж. алғашқы амбулаториялық-емханалық қызметті жетілдіру мақсатында скринингтерге арналған тәсілдер қайта қаралды: қамту 40-тан 70 жасқа дейін кеңейтілді, 170 мыңнан астам емделушіні қамти отырып ауруларды басқару және аталған топтарда ауруханаға жатқызуды 2,5 есе қысқарту бағдарламалары енгізілген, учаскелік дәрігерге онлайн жазылу іске қосылған.

Дәрігер жүктемесін азайту мақсатында учаскелер саны біртіндеп ұлғайтылғаны аталып өтті. Соның нәтижесінде бір дәрігердің жүктемесі 8,3%-ға азайды. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы норматив 20%-ға өсті. Алғашқы буынды қаржыландыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жалпы сомасының 42%-ын құрады.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында учаскелік денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға көтеру механизмі бекітілді. Бір мыңнан астам медицина қызметкері ауруды емдеудің жаңа тәсілдеріне оқытылды. Жалпы, медицина қызметкерлерінің еңбек ақысын өсіруге 5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Медицина ұйымдарының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің да еңбекақылары өседі. Бұл мақсатта 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Осылайша, емханалардың 37 мыңнан астам қызметкері мен медициналық ұйымдардың аз жалақы алатын 191 мың қызметкері 191 жоғарылатылған еңбек ақы алатын болады.

Жедел медициналық көмек пен стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің стандарттарын дамыту мақсатында жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа ережелері қабылданды, GPS-навигация жабдықтары қамтамасыз етілді, шұғыл медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарына мамандар оқытылып жатыр, көлік құралдарының түрлері өзгертіліп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, жетудің орташа жылдамдығы 2017 жылғы 25 минуттан биыл 18 минутқа дейін қысқартылды.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне кеңес барысында айтылған барлық ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 13 желтоқсан 2018

Мұрағат

Желтоқсан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту