Бүгін ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар–наурыздағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының көрсеткіштері қаралды.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов осы жылдың І тоқсанында экономиканың өсуі жалғасып, жекелеген өңдеу секторлары екі таңбалы өсуге шыққанын, инвестициялар мен құрылыс айтарлықтай өскенін айтты.

«Қаңтар–наурызда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8% дейін нығайды. Қаңтар–ақпанда ол 3,5% құраған. Өсудің үдеуі өңдеу өнеркәсібінің өсу жағына шығуымен, сондай-ақ құрылыс және инвестициялардағы өсудің үдеуімен қамтамасыз етілді», — деді Р. Дәленов.

Биылғы қаңтар–наурызда өнеркәсіп өндірісі 3,2% өсті. Өңдеу өнеркәсібінің көптеген салаларында екі таңбалы өсу байқалды. Бұл — жеңіл өнеркәсіп, сусындар және пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ машина жасау, оның ішінде автокөлік жасау.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9% артты. Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын сақтап тұр — өндіріс көлемі 3,6% ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласында өсудің орнықтылығы сақталуда. Есепті кезеңде ол 3,7% өсті. Көрсетілетін қызметтер сегментіндегі өсім көшбасшысы — сауда саласы. Оның өсімі 7,2% деңгейінде тіркелді. Көлік саласында өсім 4,4% құрады.

Сыртқы сауда айналымы жағымды үрдіс көрсетуді жалғастыруда. Биылғы қаңтар–ақпанда ол 7,5% ұлғайды және негізінен экспорттың 11,1% ұлғаюының есебінен болды.

Ұлттық экономика министрі баяндамасын аяқтай отырып, көптеген көрсеткіштер бойынша І тоқсан қорытындысы бойынша жақсару байқалатынын айтты.

«ІІ тоқсанда қол жеткізген қарқындарды сақтап, оны жалғастыру маңызды. Ол үшін мүмкіндіктер бар. Біріншіден, нақтыланған бюджетті қаржыландыру ашылуда. Бұл тұтынушылық және инвестициялық сұранысты күшейтеді. Екіншіден, құрылыс, инвестициялық жұмыстар, сондай-ақ АӨК саласындағы жұмыстар кезеңі ашылуда. Үшіншіден, ІІ тоқсанда дәстүрлі түрде шағын және орта бизнес жанданады», — деді Р. Дәленов.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев 2019 жылғы наурызда айлық инфляция 0,5% болғанын айтты. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды, бұл 2019 жылға арналған 4-6% нысаналы дәліздің ортасына сәйкес келеді.

15 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде төмендету туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Айырбастау бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Теңгенің айырбастау бағамы аздап ауытқыды және Ұлттық Банктің өктемдік жүргізуі қажет болмады.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов 2019 жылғы І тоқсандағы мемлекеттік бюджетттің атқарылуы туралы айтып берді. Ағымдағы қаржы жылының І тоқсанында бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістер жоспардан асыра орындалып, оң өсу қарқынын көрсетті.

«Шығыстардың атқарылуы 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жақсарды. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 2,9 трлн теңге түсім жиналды. 3 трлн теңгеге шығыстар атқарылды. Мемлекттік бюджеттің тапшылығы 94 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардан 162 млрд теңгеге аз. Қолма-қол ақшаның бақылау шотында 285 млрд теңге қаражат қалыптасты», — деді Ә. Смайылов.

Мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 105,6%-ға, республикалық – 102,1%-ға, жергілікті бюджеттер – 116,6%-ға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1 567 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 33 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 268 млрд теңгеге артық.

Ә. Смайылов, сондай-ақ, биылдан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жасау шараларының нәтижесінде 34 мыңнан астам салық төлеуші жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге негізгі борыштарын өтегенін айтты (1 сәуірдегі жағдай бойынша). Олар бойынша 1,7 млрд теңге сомасына өсімпұл және 0,2 млрд теңге айыппұл есептен шығаруға жатады.

Республикалық бюджет шығыстары туралы айтар болсақ, Ә. Смайыловтың сөзінше, олар 2,7 трлн теңгені құраған, «қаражаттың 47% әлеуметтік салаға бағытталған».

Республикалық бюджеттен өңірлерге 1 112 млрд теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. І тоқсанда оларға 171 млрд теңге бөлінді. Оның 165 млрд теңгесі игерілді.

Сонымен қатар, отырыста «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов сөз сөйлеп, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтановтың баяндамалары тыңдалды.

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов І тоқсанда экономикалық өсім қарқыны тұрақты болғанын айтты. Дегенмен, кейбір салалар мен өңірлерде өсім үрдісі жоспарланған көрсеткіштерге жеткен жоқ. Ә. Смайылов барлық индикаторлар мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жоспарларында көрсетілгенін, сондай-ақ жобалық кеңсе арқылы қайта қаралғанын айтты. Ол барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарды алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмысты жандандыруға шақырды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 16 сәуір 2019

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту