Қазақстанның КО елдерімен сыртқы сауда айналымы 23 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Кеден одағымен біздің тауар айналымымыз шамамен 9 млрд. долларды құрап, біршама төмендеді. Өйткені, Ресейде экономикалық өсім қарқынының біршама төмендеуі байқалады. Сонымен қатар ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында өткен жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда КО елдерімен арадағы сыртқы сауда айналымы да 23 пайызға төмендеп отыр», - деді Ә.Смайылов.

Оның атап өтуінше, мұндай жайттың орын алуына Ресей тарапынан қазақстандық экспорттық өнімдерге сұраныстың кемуі себеп болған.

«Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға келетін импорт та 24 пайызға төмендеді. Бұл негізінен екі фактормен байланысты орын алған жайт. Бірінші фактор - ағымдағы жылдың басында Ұлттық банктің айырбас валюта курсын түзетуі. Екіншісі - Үкіметтің ішкі нарықта импорт алмастыру саясатын жүргізуі. Бұл бізге Ресейден келетін импорт көлемінің 24 пайыз төмендеуіне әкеліп отыр», - деді комитет басшысы.

Ә. Смайыловтың айтуы бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде аралығындағы еліміздің жалпы ішкі өнім өсімі 4 пайызды құрады.

«Біздің есептік мәліметтерімізге сәйкес, қаңтар-маусымдағы ЖІӨ-ның шынайы мәндегі өсімі 3,9 пайызды құрады. Бұл есептік сан қазірдің өзінде біздің сайтымызда жария етілген. Ал 7 айдың қорытындысына келер болсақ, болжамды бағалауға сәйкес ЖІӨ өсімі 4 пайызды құрайды. Яғни, 0,1 пайызға жоғары», - деді комитет төрағасы.

Ә. Смайыловтың атауынша, Статистика комитетінің штаты 6 пайызға қысқарады.

«Қазіргі уақытта бізде қайта құрылымдау жүргізілуде. Біздің агенттік Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті болып қайта құрылуда және біз штатымызды қысқартамыз. Қазіргі уақытта біз штатымызды 6 пайызға қысқарту туралы ұсыныс жасадық», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол комитеттен қанша қызметкердің қысқартуға ұшырайтындығын да ашық айтты.

«Тек орталық аппараттан ғана шамамен 20 адам қысқарады. Дегенмен бұл соңғы сөзіміз емес. Қазір бұл жұмыстар Ұлттық экономика министрлігі аясында жүргізілуде. Меніңше, таяу күндері штат саны шегін нақты анықтайтын боламыз және сіздерге қосымша ақпарат береміз», - деді Ә.Смайылов.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 18 тамыз 2014

Мұрағат

Тамыз
2014
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту