Бүгінде біз ЖЖМ нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин айтты.

«Бүгінде біз ЖЖМ нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Қазір еліміздің базаларында АИ-92 маркалы жанар-жағар майдың 95 мың тоннасы сақтаулы. Болашақта өзіміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жетілдіріп, дамытқаннан кейін, 2016 жылдан соң Қазақстан өз нарығын жанармаймен толықтай қамтамасыз ететін болады», - деп атап өтті Ұ. Қарабалин.

Оның айтуынша, қазіргі кейбір жанармай құю стансаларында жанармай тапшылығы сезілуде. Оның себебі 21 тамызда жанармай бағасын көтергенге дейін Ресейден жанармай тасымалдаушы көптеген компаниялар шығынға батпас үшін өз жұмыстарын тоқтатқан. «Енді жанармай бағасын көтеру туралы шешім шыққан кейін бұрыннан бері Ресейден ЖЖМ тасып келген компаниялар қайтадан елге жанармай әкеле бастады. Осылайша бір-екі аптаның ішінде  біртіндеп жанармай құю стансаларындағы тапшылық жойылады», - деді ол.

Дизельдік отынның бағасы көтерілмейді деп айта алмаймыз.  «Біз қазір нарықты бақылап, зерттеп отырмыз. Сондықтан дизельдік отынның бағасы көтерілмейді деп толық сеніммен айта алмаймыз. Бізді қоршаған мемлекеттердің барлығында баға біздікінен жоғары. Ал ашық шекара жағдайында мұндай жағдайға төтеп беру қиын», - деді Ұ. Қарабалин.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазір егін науқаны жүріп жатыр. Ал еліміздегі дизельдік отын шығаратын зауыттардың бір айлық өнімінің тең жартысы осы ауыл шаруашылық қажеттіліктеріне жұмсалуда.

«Көп мөлшерде дизелдік отын егін оруға кетіп жатыр. Бұл енді екі-үш айға созылады ғой. Біз ай сайын бағасы төмендетілген дизельдік отынның 170 мың тоннадайын ауыл шаруашылығына беріп жатырмыз. Бұл еліміздегі зауыттар шығаратын дизельдік отынның жартысына жуығы. Бірақ бұл қыстай жүрмейтін нәрсе ғой. Сондықтан бұл көлемдер қайтадан нарыққа кіреді. Сол кезде дизельдік отыннан тапшылық болмайды деп ойлаймыз», - деді ол.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 27 тамыз 2014

Мұрағат

Тамыз
2014
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту